ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЗАМАНЫНДА

2014–2016 жылдардағы әлемдік шикізат нарығындағы бағаның құлдырауы, жалпы жаһандық тұрақсыздықтың өсуі және жаңа экономикалық ахуалға көшу – осының бәрі әлемнің жылдам өзгеріп жатқанының және
бұның үдемелі сипатта екенінің белгісі еді.

Осы сын-қатерлерді ескере отырып, Елбасы 2017 жылдың 31 қаңтарында халыққа жасаған Жолдауында әлемде болып жатқан күрделі құрылымдық және технологиялық өзгерістер біздің еліміз үшін өнімділікті арттыру жолында кедергі келтіріп, әжептәуір шығынға да ұшыратуы мүмкін екенін ерекше атап өтті. Ақыр аяғында, Қазақстан экономикасының бәсекелестік қабілетін әлсіретуі мүмкін екенін де баса ескертті.

Жаңа технологиялық революцияның негізі – экономиканы сандық жүйеге көшіру, зауыттық үдерістерге «киберфизикалық жүйені» енгізу және жаһандық өнеркәсіптік желілердің дамуы. Германия, Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдер әлден-ақ жаңа интернет-инфрақұрылымдарға және жаһандық технологиялық стандарттарға ірі қаржы көздерін құя бастады. Жаңа қаржы-технологиялық платформалар (Bitcoin криптовалютасы, Blockchain технологиясы) пайда болды, бұлар қаржы әлемін тұтастай өзгертуге талпынуда.

Дамыған елдер төртінші өнеркәсіптік революцияға көшіп жатқан жағдайда Қазақстанның кенжелеп қалуы – біздің еліміздің әлемдік экономикаға дендей енуін тежеп, отандық өнімнің тұтыну нарығын жоғалтуға
әкеліп соғуы мүмкін. Жаңа ахуал Қазақстанға тосын оқиға болмас үшін Н.Назарбаев жаһандық трендтерді сараптан өткізуді тапсырды. Осылайша, біздің ел төртінші өнеркәсіп революциясына назар аударып қана қомай, өзгеріске ұшырап жатқан әлемге бейімделу стратегиясын да жасады. Жаһандық өзгерістердің жүріп жатқанынан хабардар бола отырып, Елбасы әлемге жаңа экономикалық модель қажет екенін түсінді. Сол себепті,
2017 жылдың маусым айында өткен Х Астана экономикалық форумында осы мәселені көтерді.