«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ» РУХЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді: «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» деген болатын. Сол сияқты, Елбасымыз бастап, қоғамымыз міндет етіп айқындап отырған аса дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсатымызға да кең мағынасында алғанда осы қазақстандық патриотизм арқылы жететіндігіміз даусыз. 

Бүгінгі қазақстандық әлеуметтік, қоғамдық санасында патриотизмге қатысты бұрынғы қалыптасқан дәстүр мен қазіргі дәуір тағылымдары арасындағы қарама-қайшылық үрдістер байқалады. Ұлттық патриотизмді қалыптастыруға негіз болатын қазақтың дәстүрлі қоғамында орныққан құндылықтар қатарына «Отан», «Атамекен», «Ел-жұрт», «Азаматтық парыз», «Қанағатшылдық пен жомарттық» т.б. ұғымдарды жатқызуға болады. Халық даналығындағы «Отан-оттан да ыстық», «Отансыз ер бұралқы итпен тең», «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде үлтан бол», «Ер өзі үшін туады, елі үшін өледі» деген ердің құнын елдігімен өлшеу ұстанымдары жатыр.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» — деп Әл-Фарабидің ұлағатты сөзімен айтқанда біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру және ізгілікке бағдарланған, әсемдікпен қаруланған ұлттық тәлім нәрімен сусындаған халық игілігін жасаушы болашақ азаматты тәрбиелеу, ел ертеңі, ел болашағы — бүгінгі жас ұрпақтың білімді, сауатты, жақсы азамат болып өсуіне, қалыптасуына жол көрсетеді. Адамзаттың болжауынша, жақын болашақта бұрын өткен жүздеген ғасырлар бойына болмаған өркендеулер мен көп өзгерістер болады деп күтілуде. өркениетті әлемнің таңдаулы мүшесі болу — елдің рухани, мәдени қуатына, ғылымы мен біліміне байланысты. Білім мен ғылымды өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана элемдік дамудың алдында, озық көштің бойда ұстар тұсында болады.

Патриотизм, әсіресе, қазақстандық патриотизм дәл бүгінгі таңда айрықша маңызға ие болып отыр. Түрлі тарихи дәуірлерде өзінше көрініс тапқан патриотизм мемлекеттің, сол сияқты қоғамның да тарихи тағдырларын айқындауда айтарлықтай маңызды рөл атқаруы мүмкін.