ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: «БОЛАШАҚПЕН» БІЛІМ АЛҒАН ОН МЫҢ ТҮЛЕК

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері аталған стипендия бойынша 10 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Оған қоса, дәл «Болашақ» секілді бағдарламаның баламасы әлемде некен-саяқ.

Бүгінге дейін он мыңға жуық стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша тәлім алды. Олардың 3000-ға жуығы әлеуметтік салада жұмыс істейді. Білім мен ғылымға берілген 2000-нан астам түлек сонда жүр. Денсаулық сақтау мен өндірістік салада жүргендер саны 1000-ға жақындап қалды. 804 түлек мемлекеттік қызмет атқарады. Солардың барлығы ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар.

4 мамырда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа құжат қабылдау басталды. Құжат қабылдау 2021 жылдың 27 қазанына дейін жүргізіледі. Былтырғыдан айырмашылығы, енді құжат жыл бойы қабылданады. Негізгі дайындық жұмыстары жүргізілді, биыл шәкіртақы тағайындау үш кезеңнен тұрады: маусым, тамыз және қарашада. Магистратура мен докторантураға түсушілердің барлығы «Болашақ» бағдарламасының тізімінде көрсетілген шетелдік жоғары оқу орнына түсуі тиіс. Осыдан кейін халықаралық стипендия тағайындау үшін құжаттар тапсыруға болады. Білім және ғылым саласындағы комиссия 2021 жылға арналған мамандықтар тізбесі жобасын қарады және бекітті. Жоба еңбек нарығындағы қажеттілік негізінде дайындалды және болашақта бізге қандай мамандар қажет екенін мұқият талдау нәтижесінде құрылды. Бұл вирусология, робототехника, креативті экономикасы бар мамандар. Биыл биологтарға, биотехнологтарға, сондай-ақ вакцинология саласындағы мамандарға ерекше назар аударылады. Басым мамандықтардың жеті блогы арасындағы маңызды айырмашылығы бар инновациялар мен жаңа технологияларды жеке ескергім келеді», — деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.