ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТҮЙІНДІ ҚҰЖАТТАРЫ

Қазақстан егемен ел болғалы алдына ұзақ мерзімді жоспарлар қойып келеді. Барлығы да елдің әл-ауқатын жақсарту, экономиканы дамыту үшін жасалған жобалар. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам, Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сияқты Қазақстан экономикасын жаңғыртуға бағытталған түйінді бағдарламалық құжаттар қабылданды.

Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамытуға сүйене отырып, индустрияландыруды жалғастыру міндетін қойды. Қазіргі кезде жаңа ахуал қалыптасты, ол жаһандық «шикізаттық суперциклдің»
аяқталуын, әлемдік экономиканың өсу қарқыны мен құрылымының өзгеруін, сондай-ақ, технологиялық инновацияларды жаппай енгізуді білдіреді. Бұл технологиялар адамның өмір сүру жағдайын өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар шығындардың құрылымы мен логистикалық тізбектерді де едәуір өзгертеді.
Халықаралық сауда қатынастарының сипаты да өзгереді, атап айтқанда, протекционизм мен ірі елдер арасында өңірлік сауда аймақтарын құруға қарсы күрес трендінің күшейгені байқалады, бұл орта мерзімді ұлттық саясатты жүйелі түрде түзетуді және жаңа жағдайларға бейімдеуді талап етеді.
Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан 13 миллиард 908,5 миллион доллардың тауарын экспортқа шығарған. Бұл 2019 жылғы көрсеткішке қарағанда 4,2%-ға жоғары, әсіресе наурыз айында экспорт көлемі артты. Байқағанымыздай, бұл салада өсім байқалады. Әйтсе де, шикізат емес дайын өнімдерді шығару бойынша әлі де атқарылар жұмыстар баршылық.