ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ БІРЛІГІ

Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. «Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда — 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық тойының салтанатты жиынында.

Айта кетерлігі, осынау Салтанатты шараға Түркі кеңесі ынтымақтастығының саммитіне келген түркі тілдес мемлекеттер делегацияларының басшылары, соның ішінде Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев, Түркия Ұлы Мәжілісінің төрағасы Исмет Йылдыз да мәртебелі мейман ретінде қатысқан еді. Осы жиында Елбасы түркі мемлекеттерінің бірлігі туралы да сөз қозғап, «Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері — Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік — біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады», — деді.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өз пікірінде «Нұрсұлтан Әбішұлы — түркі дүниесінің құрметті ақсақалы» деген еді. Бұл — лайықты берілген баға деп санаймыз. Себебі, Елбасының түркі жұртының басшыларын ынтымақтастыққа, ымыраға шақырып, бірнеше рет бір дастарханға басын қосып, бәтуалы сөз айтып жүрген қарымды қайраткер екеніне ел куә.