ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМ САЯСАТКЕРЛЕРІ

Елбасы бас болып тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпағы ел мәртебесін биікке көтеріп, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын жүзеге асырды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның жаһан жұртшылығына танымалдылығын арттыра түсу үшін талай іс-шаралар атқарып, бүкіл елдердің сақа саясаткерлерін, беделді басшыларын елге шақырып, маңызды мәселелерді шешті.

Әзірбайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты, Әзірбайжан Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Саяси зерттеулер институтының директоры, профессор Эльман Насировтың сөзінше Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен әлемде жоғары беделі бар қуатты мемлекетке айналды.  «Оның жарқын көрсеткіші – осы елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретінде төрағалық етуі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы көптеген табысты жобаларға бастамашы болу арқылы өңірлік мәселелерде ерекше рөл атқаруда, сондай-ақ, ол тек біздің өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде де бейбітшілікті нығайтуға ауқымды үлесін қосуда. Оның Сирияда бейбітшілік орнату мен қатерлерді азайтуға арналған бітімгершілік ұстанымы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алды. Ең бастысы, ол ұзақ жылдарға созылған шиеленістің түйінін шешті», — деді ол.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының салтанатты тойында Елбасы «Әлемде кейбір халықтың ресми мемлекеттік атауымен қатар айрықша бейресми ұғымды қолдануының мысалы көп. Біздің киелі жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал бізді Ұлы Дала перзенттері деп атаған» дей келе, қазақ жерін «Ұлы Дала» деп атауды ұсынған еді. Ұлы Далада өткен үлкен-кіші жиындардың елімізді танытуға қосқан үлесі көп.