ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: МӘДЕНИЕТТІ САҚТАУ МЕН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ АУҚЫМДЫ ЖОБА

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен (2004 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығымен) іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі ауқымды жұмыстың бастауы болды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Таңбалы» археологиялық кешені сияқты бірегей отандық ескерткіштердің, сондай – ақ «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» табиғи мұрасының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұра тізіміне енуі әлемдік маңызы бар оқиға.

«Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған сәттен бастап 136 мәдени-тарихи ескерткіш қалпына келтірілді; Қазақстан аумағында ежелгі тұрақтарда, қоныстар мен қалашықтарда 39 маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді; Қытай, Түркия, Ресей, Моңғолия, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропаға 15 экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция нәтижесінде еліміздің мәдени қорын байытқан 5 мыңға жуық бұрын белгісіз қолжазбалар мен басылымдар табылды. Тек Қытайға жасалған экспедициялардың нәтижелері бойынша Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар бұрын зерттелмеген құжаттар табылды: маньчжур тілінде – 3 мың, қытай тілінде – 300, шағатай тілінде – 60, ойрат тілінде-70. Фольклортану, әдебиеттану, өнертану, философия, саясаттану, тіл біліміне арналған 16 бағыт бойынша бірнеше жүз томдық ғылыми басылымдардың жарыққа шығуы үлкен жетістік болып табылады.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы кезең-кезеңімен: 2004-2006, 2007-2008, 2009-2016, 2017-2021 жылдары іске асырылды және таяудағы жиырма жылға арналған ұзақ мерзімді бағдарлама әзірленуде. Мәдени мұраны жүйелендіруге, сақтауға және дамытуға мемлекеттік бюджеттен елеулі қаражат бөлу көзделген. Бірінші кезеңде 2,7 млрд теңге, екінші кезеңде 4 млрд теңгеден астам, үшінші кезеңде 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Осылайша, қазақ мәдениетінің тереңнен тамыр тартқан тарихы зерделенуде. Еліміз өткен түрлі тарихи кезеңдер елдің мәдени әлеуетін қалыптастыруда өшпес із қалдырды. Тарихи-мәдени мұра өркениетті қоғамның маңызды белгісі болып табылады, оған рухани-адамгершілік және материалдық құндылықтар кіреді, олар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өтіп қана қоймай, ұлттық, мемлекеттік масштабта үлкен күш пен қаражат жұмсауды талап етеді. Мәдени мұра-сана-сезімді қалыптастыру негіздерінің бірі, оның гуманистік және патриоттық құндылықтардың сабақтастығын бекітуде зор әлеуеті бар.