ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: «ҚАЗҒАРЫШТЫҢ» ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

«Қазақстан-2050″ Стратегиясында елдің толыққанды ғарыш саласын құру Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғыртудың стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде айқындалған. 2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығындағы өз орнын кеңейтуге тиіс.

Ғарыш объектілері мен жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін қамтитын елдің ғарыш инфрақұрылымы бірыңғай негізде құрылды және ұйымдастырылды. Ғарыш саласын дамытудың барлық стратегиялық бағыттары бойынша кәсіпорындар құрылды. Ғарыш саласы кәсіпорындарының ғылыми және инженерлік құрамының білікті кадрлық корпусы қалыптастырылды, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы жинақталды. Шет елдер мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында Ғарыштық техника және технологиялар бойынша мамандар даярлау ұйымдастырылды.

Тіркелген спутниктік байланыс арналары мен ЖҚЗ деректеріне елдің қажеттіліктерін қанағаттандыруды, елдің ақпараттық қауіпсіздігін, сондай-ақ қызметтер импортын төмендетуді қамтамасыз ететін екі «Kazsat-2», «Kazsat-3» байланыс спутнигінен және «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» Жерді қашықтықтан зондтаудың екі спутнигінен екі орбиталық топтама құрылды, іске қосылды және пайдалануға берілді.

Қазғарыштың ең күрделі жобасы-бұл қазіргі заманғы технологиялық жабдықтармен жарақтандырылатын ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру. Нысанды салу кезінде Қазақстанның құрылыс саласында сирек кездесетін ең озық технологиялар қолданылады. Мысалы, реверберациялық акустикалық камераны салу кезінде өздігінен тығыздалған бетоннан жасалған конструкциялар қосымша діріл жүктемелерін ескере отырып, 153 дБ акустикалық жүктемелерге төтеп беруі керек. Бұл конструкция осы саладағы жетекші француздық SEREME компаниясының қолдауымен біздің қазақстандық мамандардың күшімен жасалды.

Қазғарыштың жетістіктерінің бірі ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін (ҒТМ ҒЖ) құру деп атауға болады. Салмағы шамамен 120 кг технологиялық спутникті «Ғалам»БК қазақстандық мамандары әзірледі. Бұл ғарыш аппараты Қазақстан ҰКО-да құрылған спутниктердің жаңа буынының алғашқы» қарлығашы » болды.