ЕГЕМЕНДІКТІҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ БЕЛГІЛЕРІ

Егемендіктің маңызды белгісі — онда мемлекеттік биліктің жоғары органдарының болуы. Заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілдік орган — Қазақстан Республикасының Парламенті. Парламент екі палатадан: Мәжілістен және Сенаттан тұрады. Олар тұрақты қызмет істейді. Мәжіліс депутаттарын азаматтар тікелей сайлайды. Ал Сенат депутаттарының басым көпшілігін мәслихаттар сайлайды. Сенаттың жеті депутатын Президент тағайындайды. Мемлекеттің басшысы-Президентті азаматтар сайлайды. Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайды. Президент мемлекеттік биліктің барлық буындарының келісіп қызмет істеуін қамтамасыз етуі қажет. Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміздің көлемінде атқарушы билікті жүзеге асырады. Ол атқарушы органдардың жүйесін басқарады. Атқарушы органдардың жүйесіне жататындар-министрліктер, мемлекеттік комитеттер, коммиссиялар, бас басқармалар және жергілікті атқарушы органдар — облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, селолық әкімшіліктер. Атқарушы органдардың өкілеттіктері зандарда және арнаулы ережелерде анықталады.

Ерекше құқық қорғау органдары бар, олар — соттар, ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура. Олардың ішкі құрылымы, өкілеттіктері арнаулы зандарда анықталады.

Егенмендіктің тағы бір маңызды белгісі — өз азаматтығының болуы. Азаматтыққа байланысты мәселелер Конституцияда, азаматтық туралы заңда, Президенттің заң күші бар Жарлықтарында қарастырылған. Азаматтық — адамдардың мемлекетпен тұрақты саяси және құқықтық байланысының жағдайы. Мүндай байланыстан мемлекет пен азаматтардың өзара құқықтары мен міндеттері келіп туады. Мемлекет, оның органдары азаматтарға ол құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы үшін қажетті жағдай жасауы керек. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бұзылган болса, лауазым иелері, заң қорғайтын органдар кінәлілерді тиісті жауапқа тартады. Азаматтың міндеттері — Конституцияны, зандарды сақтау, мемлекеттік тілді, барлық ұлттардың тілдерін, әдеттерін, дәстүрлерін құрметтеу, еліміздің экономикалық қуатын күшейту.

Егемендіктің тағы бір маңызды белгісі — басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау қабілеттілігі. Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі. Көптеген шет мемлекеттермен елшілік қатынастарын жолға қойды. Олармен   саяси,   экономикалық,   мәдени,   т.б.   мәселелер   бойынша халықаралық      шарттар     жасасты. Сол мақсатпен Қазақстан Республикасының Конституциясы   Президентке,   Парламентке   және Үкіметке қажетті өкілеттіктер берді.