ҚАЗАҚСТАН ҚАШАН ДА ТҰҒЫРДАСЫҢ

Армансыз адам-қанатсыз құспен тең» деген ғой. Расында армандай білудің өзі өнер. «Өмірде екі нәрсені таңдауға қателеспеу керек:біреуі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау»,- деген даналарымыз. Өйткені бұл екі таңдауда адам үшін маңызды. «Адамның ең бақытты сәті – таңертең жұмысына асығып бара жатуы», демей ме француз ойшылы. Алла қаласа мен де бақытты адамдардың қатарына қосыламын деп кәміл сенемін.
Біз қазір ХХІ ғасырда, яғни ғасырлар тоғысында өмір сүріп жатырмыз, ата-бабаларымыздың ерлігін мақтан тұтып, жарқын болашағымыздан үміт күткен жас ұландармыз.

Білімді ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан қазіргі қазақ жастары терең білім алып, мәдениетті адам болуға ұмтылуы тиіс. «Шындасаң шыңға шығарсың» демекші, бұл біздің адал еңбегіміздің арқасында жүзеге асары анық. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,-деп Абай атамыз жырлағандай, әрбір адам қол қусырып қарап отырмай, мемлекетіміздің өркендеуіне өз септігін тигізуі қажет. Бұлай ойлау текті елдің текті ұрпағының ғана қолынан келсе керек.

Біз, келешек ұрпақ қиялына қанат біткен, ойы ұшқыр жастар болатынымызға сенемін. Джон Кеннедидің «Ел мен үшін не істей алады деп сұрамаңыз, ел үшін өзім не істей аламын деп сұраңыз» деген сөзі мына заманда әрбір адамның өмірлік ұранына айналуы тиіс.

«Елге деген сатқындық ең алдымен оның болашағына сенбеуден басталады»-деген екен Елбасымыз Н.Назарбаев. Мен елімнің келешегін табиғаты таңғажайып, экономикасы нығайған, медицина, білім беру жүйесі озат жолға қойылған мемлекеттер қатарынан көрінетіндігіне кәміл сенемін. Елімнің келешегін ойлағанда жүрегім қорықпайды, қайта қуанады, өйткені еліміздің болашағы нұрлы болмақ. Мен егеменді елімнің болашағын биік белестерге апаратын азаматша болуға талпынамын.

Көк байрақ иілмесін, жығылмасын,
Көзге жас, кеудеге өксік тығылмасын
Тұрғанда көкшіл туың көкті тіреп,
Қазағым сен қашанда тұғырдасың, —
деп Ербол Шаймерденұлы жырлағандай, тұғырың биік, мәртебең асқақ, бақытың мәңгілік болсын деймін, менің сүйікті отаным – Қазақстан.


Лунара Табылдиева