ЖЕҢІМПАЗ ЖҰРТТЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ

Біздің Отанымыз-егеменді, тәуелсіз Қазақ мемлекеті. Жүз отыздай ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған Алатаулы өлкеде, кеңшілігі керемет, дархан дастарқандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі маңыраған, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады!

«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып тұрған» осынау кәмелеттік өмір баспалдағында тұрып, аяулы Отаным жайлы толғануды жөн көрдім. Отбасына, дос-жаранға, қоршаған әлем, жан-жануарға деген ыстықы қылас-тан басталған махаббат сезімі Отанына, туған жеріне деген сыйластықпен ұласса, ол-адамның рухани деңгейінің биіктігі. Бауыржан Момышұлы «Опасызда Отан жоқ» десе, қарт Жамбыл: «Отаным десем, ойыма, Шалқыған байтақ жер келер. Отаным десем, ойыма, Көгілдір тартқан көл келер. Баурайы байлық, қойны құт, Отаныма ешқашан, Мекен де болмас тең келер!»-деп, ел, туған жер құдіретін шалқи жырлаған.

Ал Қазыбек би бабамыз: «Алтың ұяң – Отан қымбат… Туып- өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» -деп сонау XVIII ғасырда қазып айтып кеткен. Тылсым дүние төсінде еркін тыныстап жатқан ерікті елге деген сый, махаббат сезімі әрдайым осылай тасқындаса керек. Осы кір жуып, кіндік кескен жерді адамзат баласы әрдайым құрметтеп өтпек.

Мен туған жер жайлы толғанысымды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір ойларымен сабақтай кетсем артық болмас деймін : «Тәуелсіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің Заңды өтеуі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса, мұндай ел де болмас еді».

Ия, мұндай жер болмаса мұндай ел де жоқ. Мен үшін елімнің қай қиыры болсын — ыстық та қимас мекен.
Барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған бес арыс, Ұлы Отан соғысында елім деп жанын пида еткен қайтпас қыран боздақтар, жүректері оттай жалындаған желтоқсан қаһармандары… айта берсек жалғаса берер елінің асыл ұландары, асқақ рухты азаматтардың ерен ерлігінің арқасы деп білемін.

Арын алау етіп, жанын жалау етіп жауға аттанған ел ұландары Отанымыздың байтақ жерін қорғады, ақ сүт берген анасын, шат күлкі шашқан баласын қорғады. Қарулы майдан мен қажырлы елдің ұлы мұрат жолындағы қоян-қолтық байланысын білдіретін «Отан үшін алға!», «Бәрі де жеңіс үшін!» деген айбынды ұрандар майдангер ата- әжелеріміздің құлағында күні бүгінге дейін жаңғырығып тұрғандай.

Біз, бүгінгі ұрпақ, Отанға деген сүйіспеншілікті, шыншылдықты, шыдамдылықты, қайсарлық пен табандылықты, тілін, ділін сүюді сол алдыңғы толқын — аға буынның қаһарман тұлғасына қарап үйренеміз. Отаным дейтін, намысты ту қылып ұстаған, Отанына шын берілген қазақтың ұлтжанды ұрпақтары барда олардың есімдері мәңгі жасай бермек.

Гүлсана ҚАЛЕКЕШ