ҚАЗАҚСТАН — БІРЕГЕЙ ЕЛ

Біздің Қазақстан – бірегей ел! Ол екі құрлықтың – Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан. Еуразия құрлығының жағрапиялық кіндігі дәл осы Қазақстанда 78 меридианның 50-ші ендікпен қиылысқан тұсында.

Біздің еліміздің аумағы аса зор: Қазақстан 2724,9 мың шаршы шақырымға тең аумақты алып жатыр – бұл бүкіл жер бетінің шамамен 2%-ы. Алып жатқан аумағы жағынан Қазақстан Ре-сей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Австралия, Үндістан және Аргентинадан кейін тоғызыншы орында тұр. Біздің жеріміз Каспий теңізінен шығысқа қарай Еділ бойы жазығынан таулы Алтайға дейін, оңтүстікте және оңтүстік шығыстағы Тянь-Шань тау бөктерінен солтүстіктегі Батыс-Сібір ойпаты-на дейін және солтүстік-батыста Еділ өзенінің аңғарына дейін жайылып жатыр.

Бұл факт еліміздің зор әлеуетін паш етеді. Бұл ғана емес: Қазақстан Атлант және Тынық мұхиттарынан шамамен бірдей қашықтықта жатыр, бірақ Үнді мұхитынан едәуір алшақ орналасқан. Құрлыққа дендей еніп орналасуы оның табиғи жағдайларын анықтайды.

Қазақтардың басты мекені – жазиралы кең дала. Бұл сөз кез келген отандасыма ұшқан құстың қанаты талатын шексіз кеңістік пен самал желмен тербелген ақселеулі және жасыл кілемдей жайнаған көк майсалы даланы, қобыз бен домбыраның үні мен арғымақ аттардың құлағында ойнаған жігіттерді елестетеді. Біздің Қазақстанымыз – Бурабай, Ұлытау, Қарқаралы, Баянауыл және басқа да көптеген қылқан жапырақты орман оазистерімен көмкерілген, көненің көзіндей болып, ықылым замандардың құпия сырларын қойнауына бүккен тылсым төбелермен жалғасқан кең дала.

Қазақтың даласына көктем келіп, қар ерігенде сай-саласы суға толып, жылғалары мен бұлақтары сылдырай ағады, жаз ортасы ауа жусаны мен ермені аңқыған шөлейтке айналады. Сарыарқаның сайын даласы солтүстікте шоқ-шоқ тоғайларға ұласып, біртіндеп, бітеу ормандарға айналады. Ал оңтүстікте басын бұлтқа шалдырмайтын асқар шыңдары бар алып таулармен астасады. Еліміздің батысын балығы тайдай тулаған, толқыны шапшып шулаған кәрі Каспий шайып жатса, шығыста адамзаттың кіндігі саналатын асқар Алтаймен, суы кәусардай Ертіспен шектеседі.