ЕЛІМ МЕН ЕЛБАСЫМ!

Қайран біздің Елбасы — замандаспын,

Әр күн сайын келеді-ау амандасқым.

Елімнің маңдайына бақ боп туған,

Ер болып елің үшін жаралғансың.

Қуанам ерлер алған жүлде үшін,

Отан үшін сарқыған барлық күшін.

Болашақтың іргесін бірге қалау,

Бақ деп білдім — Елбасы әрбір ісің.

Әлемдік мәнісі бар жолдар салдың,

Көтергендей көріндің жүгін нардың.

Елімді бар әлемге әйгілі еттің,

Тазалығын көрсете жан мен ардың.

Ел дейді: — Болса басшы Нұрсұлтандай,

Асыл ойы, бар ісі, атаққа сай.

Әлемдік мәжілістер біздің елде,

Көбейгені емес қой тек жайдан-жай.

Тарихи талдау жасап, бекемдеді,

Сіздермен озық ел боп өтем деді.

Халықпен жаным да бір, жүрегім де,

Діттеген мақсатыма жетем деді.

Дейді: — Айтам халқыма алғысымды,

Жалғастырған, жасартқан бар ісімді.

Әлемнің жақсылығы — адам үшін,

Отан үшін салармын бар күшімді.

Талайға жол картасы жұмыс тапты,

Ел тұрмысы жақсарды — бағы жанды.

Елімде ұлағатты Саммит өтіп,

Шетелдіктер көргені ақиқат-ты.

Бұл күнде халқымыздың көңілі шат,

Нұрсұлтанмен орнады еліме бақ.

Бәрі де жақсылықтың адам үшін,

«Жасасын, бейбітшілік!» ұранын сап.

Жасампаз еліміздің болашағы,

Гүлденеді Отаным — толысады.

Ел жағдайы едәуір жақсарды да,

Көбеюуде әр үйде бала саны.

Ұлан-ғайыр даламда бірлік бекем,

Елім үшін аянбай еңбек етем.

Көркейтетін сәтке де енді жеттік,

Жасасын қалың елім деумен өтем.

Беделі зор, айбынды елге айналдық,

Әулетті де, дәулетті боп жайқалдық.

Жүзден астам ұлты бар — ынтымақты,

«Достасуға жарамды ел» — деп байқалдық.

Есілдің бойындағы Елордамыз,

Еуразияға байсалды алтын арқау.

Еңселі елге орнады тұрақтылық,

Әлем көзбен жасаған талай байқау.

Болды деп бәрі жақсы тасымаймыз,

Құрыш болат болған соң жасымаймыз,

Тәртіп сақтай білеміз, босаңсымай,

Демейміз толыссақ та: — Асыл аймыз.

Тұрақтылық, татулық негізделген,

Сарабдал жол күтеді ел Сіз бен Бізден.

Табанды түрде береміз жалғастыра,

Мейірімі мол, ғанибет сезімдермен.

«Көп тілегі — киелі, жұрттың сөзі —

Уәлі», — деген бар ғой бұрыннан да.

Шат көңілге бөленді барлық халқым,

Береке мол еліме бұйырғанда.

Қайран менің ақжүрек, адал жұртым,

Сеніміңді қалтқысыз орындаймын.

Бар жақсылық әлемде адам үшін,

Екенін де алдымен мойындаймын.

Деді де; — Ел үмітін ақтағаннан,

Жоқ қымбат жұрт сенімін сақтағаннан.

Сайлаудағы жеңісім — ел бірлігі,

Ынтымағы халқымның, мақтана алам.

Халқымыздың қолдауы жігер берген,

Сарқылмас, асыл ойды молынан терген.

Бағдар — айқын, болашақ — жарқын болып,

Туған елден қолдауды еркін көрген.

— Келешегін кемелдеп берік ірге,

Болашақты қалаймыз, — деді бірге.

Жақсылықтың бәрі де халқым үшін,

Екенін көрудеміз күнде-күнде.

Деді: — Дауыс бергенің тебірентті,

Түсініп, оятқаны тәтті үмітті.

Көзімнің қарашығы — Тәуелсіздік!

Сақтаймыз да, ақтаймыз ана сүтті.

Абыройы асқан ел айбынды да,

Елбасының өмірлік мұраты да.

Әлеммен терезесі тең елімде,

Отаншылдық жоғары тұрады да.

— Ел үшін бойымдағы қуат-күшім,

Тәжірибем, білімім, дұрыс түсін.

Тілегі бір елімнің — тірегі бір,

Жеңісімнің бәрі де елім үшін!

Бәріне де шын құрмет жүрегімнен,

Ақниет пен денсаулық тілейін мен.

Жанұяңа бақыт пен береке орнап,

Кездескенде қуанып жүрейін мен.

Ел-жұртым, ақ көңілді аман болсын,

Өмірге қуанышты көңіл толсын.

Бақыт та, береке де, молдан орнап,

Бақ-дәулет басқалардан ерте қонсын.

Еліміз болып тұр ғой берекелі,

Дамуды әлем әркез көрер енді.

Елімде кәсіпкерлік қолдау тауып,

Дәстүрлі іс жалғасуда өнегелі.

Бақытты біздің елдің балалары,

Жасынан қалыптасқан бала бағы.

Елімнің болашағы жарқыраған,

Білімді қаулап өскен даналары.

Елімде орын тапты әділеттік,

Әлемге Отан жайлы мәлім еттік.

Мәңгілік бейбітшілік сүйген халық,

Жасасын, Қазақстан! әркез — дедік.

Елімнің күннен-күнге дәулеті артты,

Аңсаған Тәуелсіздік дәмін татты.

Әлемде мағыналы мәжілістер,

Елімде әр жыл сайын болып жатты.

Елбасы көре білген ақиқатты,

Бірлік пен елімізге бақыт тапты.

Жүзден де көп ұлты мен ұлысымен,

Достық пен берекенің отын жақты.

Елімнің болашағы — білімді ұрпақ,

Болмақшы көп білетін сізге ұқсап.

Байлықтың бәрі-бәрі білімде ғой,

Жастарым екендігін мәңгі ұқпақ.

Қайран елім! Болсаңшы бай-бақуат,

Байлығы бар сыйлы ғой — ол ақиқат.

Қалың елім!

Қазағым!

Қайран жұртым!

Тәуелсіздік тұр ғой деп мол жарылқап.

Айтамыз, рахмет Елбасына,

Әрқашан Қыдыр ата боп қасында.

Елбасы болса шіркін, Нұрсұлтандай,

Дәстүрлі істер табар жалғасын да.

Айналдым ұлан ғайыр жерімізден,

Айналдым қасиетті елімізден.

Елімде бейбітшілік мәңгі орнап,

Жақсылық мол тарағай Сіз бен Бізден.

Әрқашан асқақтасын абыройы,

Көркейсін күннен-күнге асыл ойы.

Елімнің мәртебесі шарықтаумен,

Халқымызға бұйырсын жүз жас тойы.

Тыныштық ДАУЫЛБАЕВ.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.