ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫ

2015 жылдың есте қалар ерекше оқиғасы Қазақ хандығының 550 жылдығы еді. 2014 жылдың күзінде Ұлытау төрінде өткен сұхбатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетінін айтқан еді. Бұл бастама хандықтың құрылу тарихына қатысты тарихшылар арасындағы пікір қайшылығына тосқауыл қойып, тарих ғылымының идеологиялық құрал екенін көрсеткен шешім еді. Өйткені тарих­шылар Қазақ хандығының құрылуына қатысты ұдайы дауласып, біреуі 1456, тағы біреуі 1458, енді бірі 1465, кейбіреуі 1466 жылы құрылғанын алға тартатын. Өзге де нұсқалар бар еді.

Ал 2014 жылы Ресей президенті В.Путиннің қазақ мемлекеттілігінің тарихына күмән кел­тірген пікірі бұқараны тіксінтіп тастаған-ды. Сол сәтте Елбасы Ұлытауда масс-медиаға арнайы сұхбат берді де, сол әңгімесінде хандықтың мерейтойын атап өту бастамасын көтерді. Сөйтіп, 2015 жылды қазақстандықтар Қазақ ханды­ғының 550 жылдық мерейтойын атап өтетін кезең ретінде қарсы алды. Бұл өз кезегінде азаматтар бойында мемле­кетшілдік сананы қалыптастыруға ықпал еткен, бір жағынан қарағанда кеткен есенің қайтқанындай көрінген оқиға еді.

Жыл бойы елдің түкпір-түкпірінде түрлі шара ұйымдастырылды. Мемлекеттің арнайы жоспарынан бөлек, азаматтардың өздері де айрықша белсенділік танытты. Мерейтойлық шараларға шетелдегі қазақтар да үн қосуға асықты. Сол жылы республика бойынша мерейтойға ар­налған 700-ден астам шара жоспарланды. 2015 жылдың қаңтары мен қыркүйегі арасында 50-ден астам халықаралық, республикалық және облыстық дең­гейдегі ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция, 300-ден астам мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде түрлі хэштегтермен флеш­мобтар кең тарады. Азаматтардың ай­рықша белсенділік танытқан кезеңі еді. Тарихи-танымдық деректі фильмдер көптеп түсіріліп, ғылыми мақалалар жарық көрген, арнайы сайттар мен порталдар молынан ашылған жыл еді.
Дереккөзі: https://aikyn.kz/162355/2015-zhyl-memlekettilik-tarihy-ulyktalgan-zhyl