ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: ӘЛЕМ КӨЗ ТІККЕН ОҚИҒА

Тәуелсіздік толқынындағы 2014 жылдың басты жаңалығы Еуразиялық экономикалық одақ­тың (ЕАЭО) құрылғаны болды. Күллі әлем көз тіккен осынау оқиға жаңа бір экономикалық тұтас кеңістіктің нақты бекіген­дігінің айғағы еді. Мұндай ұйым құру туралы бастаманы 1994 жылы 29 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі М.Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінің студенттеріне дәрісі кезінде айтқан болатын. Содан бері пісіп-жетілген инте­грациялық идея жиырма жылдан кейін ЕАЭО түрінде көрініс тапты. Ендеше, жаңаша қатынас фор­матының осы жылғы хронология­сына назар аударар болсақ: 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Ресей астанасы Мәс­кеуге барды. Бұл жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Алек­сандр Лукашенко қатысты. 29 сә­уірде Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің Беларусь астанасы Минскіде өткен отырысына қатысты. Онда Кеден одағы мен Біртұтас эконо­микалық кеңістік аясындағы инте­грациялық үдерістердің барысы мен болашағы, сонымен бірге ЖЕЭК-тің бұған дейінгі отырыс­тарында қол жеткізілген келісім­дерді жүзеге асырудың негізгі мә­селелері талқыланды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасы қаралды. Осындай кездесулердің нәтижесінде осы жылы 29 мамыр күні Қазақстанның астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономи­калық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойды. Осылайша, әлемдік маңыздағы аса ауқымды оқиға тарихқа енді. Осы жиын кезінде бұл стратегиялық қадамға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға берген болатын.

«Біз Еуразиялық экономи­ка­лық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тә­мам­дадық. Оған қол қою Еуразия­лық кеңістіктегі сапалы интегра­циялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт сауатты, теңгес­тірілген, оған қатысушы мемле­кеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ау­қымды жұмыс атқарылды. Келіс­пеушіліктер де баршылық болғ­а­нымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консен­сусқа келіп отырмыз», – деді ол. Үш тараптың бірі Беларусь прези­денті Александр Лукашенко бұл жиында: «Біздің дұрыс жолды таң­дағанымызды өмірдің өзі көр­сетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құ­рудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ноба­йын сыздық. Бүгін біз мәреге жет­тік, ол бізді Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа әкелді», – деп тарихи сабақтастықтың маңызын атап өтті. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақ­тай отырып, елдерімізді инте­грацияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын баса атап өтті.

2014 жылғы 4 желтоқсанда Армения парламенті елдің ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты рати­фикациялаған болса, 23 желтоқ­санда Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің отырысында Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт күшіне енді.
Дереккөзі: https://aikyn.kz/162147/2014-zhyl-ykpaldastyk-yrgagynda

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.