ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ШЫМКЕНТТЕ МЕЙІРІМ ШУАҒЫ ШАШЫЛДЫ

Шымкентте алғаш рет еліміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілерінің «МЕЙІРІМ МЕКЕНІНДЕ» атты өнер кеші өтті.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға еліміздегі балалар үйінің 84 тәрбиеленушісі өнер көрсетті.

Әуенді кешке Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және қала мәслихатының депутаттары қатысты.

– Бүгінгі игі шара тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Елімізде балалар үйлері болмасын. Бұл бағытта ел болып жұмыс жасауымыз керек. Бүлдіршіндеріміз ел азаматы болып өссін. Сіздердің жетістіктеріңізге куә болып жүре берейік,-деді қала әкімі.

Балалардың шығармашылығын қолдау үшін елімізге белгілі өнер майталмандары Бекжан Тұрыс, Заттыбек Көпбосынұлы, Наркенже және Таңат Мамырханұлы қатысып, жас дарындылармен сахнада дуэт орындады.

Қала әкімдігі тарапынан бүгінгі кештің барлық қатысушысына бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге, ОҚМУ жоғары оқу орны әуенді шараның 1 қатысушысына оқу грантын бөлетінін хабарлады.

–Тәрбиеленушілер арасында шығармашыл, білім мен ғылымға жақын, өнерде оза шауып жүргендер бар. Оларды насихаттап, қолдау қажет-ақ. Ата-ананың қамқорлығын көрмесе де, өмірге құштар. Бүгін дарынды балаларды көпшілікке таныстырып, олардың қоғамнан тыс қалмағанын сезіндіруді көздедік,-дейді жоба жетекшісі Ақбаян Сапарбекова.

Осы жоба шеңберінде жеткіншектер Шымкент қаласының көрікті жерлерін тамашалап, тарихи орындарымен танысады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі