ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: СӘУЛЕ ШАҒЫНАУДАНЫНДА СУ ҚҰБЫРЫН ТАРТУ ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкенттің Сауле шағынауданы жаңақұрылыс аумағында орналасқан 276 орамда ауыз су құбырларын жүргізу жұмыстарының құрылысы аяқталды. Бұл туралы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы хабарлады. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырмасы негізінде атқарылды.

Қазіргі уақытта құбырларды жуып-шаю, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар қараша айында аяқталып, бүгінгі күнге дейін ауыз суды кесте бойынша қолданып келген 276 орам тұрғындары толығымен үздіксіз сапалы ауыз су тұтынатын болады.

Биыл қаладағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға сәйкес, бірнеше елдімекендерде құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындарға ауыз су беру уақыты да таяп қалды. Мердігер мекеме «АГАТ» тарапынан құрылыс жұмыстары 2021 жылдың маусым айында басталған болатын. Бүгінде 100 % ішкі орамдық су жүйелері тартылды.