ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: «КІТАП ОҚИТЫН ШЫМҚАЛА»

Шымкентте қала тұрғындары арасында кітап алмасу процесін жүзеге асыру үшін сөремен жабдықталған арнайы орындар саны көбеюде.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтіп жатқан акцияны қала кітапханалары ұйымдастыруда. Алғашында қала емханаларында кітапхана бұрыштарының ашылуынан бастау алған акция қазіргі танда гүлзарлар мен саябақтарда буккроссинг пунктілерінің ашылуымен жалғасын табуда.

Жаңадан ашылған буккроссинг пунктілерінің ерекшелігі – тек кітап алмасып ғана қоймай, сонымен қатар ұялы телефоныңызға QR-код арқылы 60-тан астам кітапты онлайн жүктеп алу мүмкіншілігі бар. «Кітап оқитын Шымқала» ұранымен бастау алған буккроссинг Шымкент тұрғындарының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға қол жетімділігін қамтамасыз ету, рухани-мәдени байыту, әдебиеттің озық туындыларын насихаттау, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын алға қойды.

Ұйымдастырушылар «Буккроссингке арналған орындарды қала тұрғындарының көп шоғырланатын жерлерінде ашып, көбейту жоспарда бар. Сонымен қатар QR кітапхана қоры ай сайын жаңа кітаптармен толықтырылатын болады. Пайдалы кітап оқып, уақытты тиімді өткізуге жағдай жасау – біздің басты мақсат»,- деген ойларымен бөлісті.

«Қала тұрғындары мен келуші қонақтардың ынта-шынтасымен осы шараның жанында табылғаны қуантты. Қараңыздаршы, қандай шынайы бейнелер. Кітап оқуға асық болған осындай қаламыздың тұрғындары барына мақтанамын!Қала тұрғындарының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға қол жетімділігін қамтамасыз ету, рухани-мәдени байыту, әдебиеттің озық туындыларын насихаттау, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға қала тұрғыны ретінде 10 деген баға беремін» деді қала тұрғыны Азат Дидарбек.