ТЕҢГЕ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ

Дәл осы атаумен студенттер арасында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелді ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Еңбекші ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және М. Сапарбаев институтының «Парасат» колледжінің өзін-өзі басқару ұйымының жастары ұйымдастырғанын атап өту керек. Шара барысында студенттер екі тарапқа бөлініп тақырыптың мән-мағынасын аша білді.

Төл теңгеміз шығып, оны алғаш қолымызға ұстап, ерекше әсерге бөленгеніміз күні кеше ғана сияқты еді. Сол бір кезеңдерден бері төл теңгеміз талай тар жол, тайғақ кешудей дағдарыстар қыспағынан аман шықты. Теңгенің шығуы – Тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі.

«Теңге айналымға шыққан күннен бастап мемлекетіміз тәуелсіздігін алды. Төл валюта арқасында экономикамыз көтеріліп, шекарамызды белгілеп, ішкі, сыртқы саясатты сәтті жүргізе бастадық. Бүгінгі әлемге танылған Қазақстан – соның айғағы. Алғашқы теңгені қолына ұстаған әрбір азаматтың көңілі толқып, көзіне жас алып, рухани серпіліп, «енді менің өз мемлекетім бар» дегендей болашаққа үлкен сеніммен қарағаны анық»-деп жазады теңге авторларының бірі Хайрулла Ғабжәлелов. Тәуелсіздіктің де, теңгенің де қадірін білетін текті ұрпақтар көп болсын деп тілейік.