ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: ҚАЗАҚСТАН ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

Белградтағы Әлем чемпионатында 48 келіде жеңімпаз атанған Теміртас Жүсіпов «Халқыма маған қолдау көрсеткені үшін бас иіп, алғысымды айтамын» деді. 33 жастағы чемпион финалда таиландтық Вуттичай Юрачайды жеңді.

Ал 24 жастағы Сәкен Бибосынов финалда америкалық Роско Хиллден басым түсіп, 51 келі салмақ бойынша әлем чемпионы атанды. Ол жазда Токиода өткен Олимпиадада қола медаль иеленген еді. Ол Белградқа әлем чемпионатына барғанда «мұнда алтын үшін келдім, барымды саламын» деген.

Ал 20 жастағы Махмұд Сабырхан финалда Жапония боксшысы Тамоя Цубойдан жеңіліп, 54 келіде күміс медаль иеленді. Оның финалға дейін қарсыластарын қиналмай жеңгеніне қараған жұртшылық, чемпион атанады деп болжаған еді. «Қуып жүріп ұрған сияқты едім, бірақ маған бермеді» деген Махмұд марапаттау рәсімінде жылап тұрды. Бірақ алдағы сайыстарда алтын медаль аламын деген.

Сонымен бірге 57 келі салмақ бойынша финалда Серік Теміржанов АҚШ боксшысы Жамал Харвиден жеңіліп, күміс медаль иеленді. 67 келіде Абылайхан Жүсіпов қола медаль алды.

Белградтағы Әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс, бір қола жеңіп алған еліміз жалпы есепте Кубадан кейінгі екінші нәтиже көрсетті.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.