ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ: ҰСТАЗЫН СЫЙЛАҒАН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН

Қазіргі заманғы педагог – ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш. Сондықтан ол шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңа қоғамның жаңашыл ұстазы болуы тиіс.

Шымкенттегі №127 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің зерттеуші-мұғалімі, мектеп тренері, «Үздік педагог» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы Жадыра Манасова оқушыны тұлға етіп тәрбиелеуде осындай ұстанымды алға тартады.

Жадыра Амангелдіқызы еңбек жолын 1990 жылы «Мәртөбе» жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша сабақ беруден бастады.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде ұстаздық білімі мен кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, оқытуда заманауи технологиялар арқылы шәкірттерін шығармашылыққа баулыды.

Сабақ құрылымын жасауда «Блум таксономиясын» кеңінен қолданады. «Талдау», «Жинақтау», «Бағалау» деңгейлерінде кейбір оқушылармен шығармашылық дағдысын дамуға ықпал етеді.

Ж.Манасова өз сабақтары барысында «оқушы үні», «сабақтағы жағымды орта», «оқушылардың көтеріңкі көңіл күйі», «тиімді қарым-қатынас», «шынайы рефлексия», «сабақ мақсаты», «күтілетін нәтижелер» деген ұғымдарды бірінші кезекке қояды.

Әрбір ұстаздың марапаты оқушыларының жетістігімен өлшенеді. Бүгінге дейін 42 шәкірті түрлі деңгейдегі байқауға қатысып, 22 оқушысы республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы болды.

Ұстаздың 8-сыныптарына арналған «Құрмалас сөйлемдерді оқытуға арналған дидактикалық құрал» атты авторлық еңбегі (Алматы 2021ж.) бүгінде мектептерде құрмалас сөйлемдер синтаксисін жеңіл де ұғымды жолдармен үйрету мақсатында методикалық қолданба ретінде пайдаланылып келеді.

Ел көлемінде және халықаралық конференция, семинарлар, вебинарларға қатысып та өз білімін сынға салып, үздік нәтижелерге жеткен.

Қажырлы еңбегі еленген Ж.Манасоваға 2020 жылы Білім және ғылым министрінің «Құрмет граммотасы» табысталды. Биыл «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталып отыр.