ҰЛЫ ІСТЕРІ ӘЛЕМГЕ ҮЛГІ ЕЛБАСЫ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы, ұлы істері мен ұлағатты ғұмыры тек қазақ халқына ғана емес, әлем деңгейіндегі көптеген елдерге танымал тұлға ретінде белгілі екендігін мақтанышпен айта аламыз.

Н.Назарбаевтың сұңғыла саясаткерлігі, харизмалық биік өресі, мұқалмас қажыр-қайраты туралы көп айтылып та, жазылып та жүргені барлығымызға мәлім. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгінгі бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанының өзінен өзі келмегені белгілі. Еліміздегі бүгінгі бейбіт өмір мен игілікті тірлік, экономикалық  сілкініс, азаматтарымыздың өмірге деген құштарлығы, өз күшіне және келешекке деген сенімділігі бүгіндері біз үшін кәдімгі жайға айналып отыр.

Осыдан 30 жыл бұрынғы жағдайды еске алып, тәуелсіздік жылдармен салыстырып көрсек, Қазақстан бүгіндері көптеген елдерден тек озып қана қоймай, небір сын жылдардан сүрінбей өтіп, басқаларға үлгі болатындай жағдайға жеткенімізді көріп қуанамыз. Мемлекетіміздің осындай дәрежеге жетуін халқымыз-
дың қажымас еңбегі, ажырамас, тұтас бірлігі мен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа деген үлкен сенімінің арқасында екенін байқаймыз.

Жаңа мемлекет қалыптастыру қашанда күрделі тарихи міндет екені белгілі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін ауыр кезең болғанын сол кездегі аға буын өкілдері мен біздер жақсы білеміз. Сол жылдары Елбасымызға деген сенім қалыптасып, осы сенім бүгінге дейін жалғасып келеді.

АРДАҚ ЕСКЕРМЕС.