ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҚТАРЫ КӨПТЕП АШЫЛУДА

Шымкентте «Пәнаралық неврология» атты халықаралық конференция өтті. Оған АҚШ, Германия, Ресей, Өзбекстан және еліміздің аймақтарынан келген неврологтар, нейрогенетиктер мен нейрофизиологтар қатысты.Конференция барысында білікті мамандар жүйке жүйесі ауруларының таралуы, оларды емдеу және қалпына келтіру шаралары бойынша тәжірибе алмасты.Елімізде соңғы жылдары инсульт орталықтары көптеп ашылып жатыр. Бүгінде оның саны жетпіске жетті. Үшінші мегаполис саналатын Шымкентте 3 инсульт орталығы бар.

Мұндай орталықтардың ашылуы инсульттен келетін өлімнің санын азайтты дейді мамандар. «Жыл санап елімізде инсульт орталығының көбеюі аурудан келетін өлімнің санын төмендетті. Дегенмен, бұл сырқаттан келетін қауіп әлі де өте жоғары. Әлемді жайлаған пандемия кезінде біздегі телемедицина саласы біршама дамыды. Телемедицина арқылы білікті мамандарымыз ауыр жағдайдағы науқастарды емдеу жолдары бойынша тәжірибе бөлісіп, мүмкіндігіміз артты», — дейді еліміздің бас неврологі Сәуле Тоғысбекова.

Шетелдік мамандар қазақстандық әріптестеріне халықаралық тәжірибедегі емдеу хаттамасы мен біліктілікті жетілдіретін тегін жобалармен бөлісті. COVID-19 инфекциясының таралуы, оның асқынуынан пайда болатын неврологиялық аурулар туралы да пікір алмасты. Екі күнге созылған жиында қырыққа жуық маман баяндама оқыды. Олардың емдеу жұмыстары жөнінде түрлі мақалалар жарияланды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі