ҚАРАТАУДЫҢ БЕСІК ЖЫРЫ

Әулиелі мекен, киелі өңір, қасиетті өлке Созақ ауданының әнұранына айналған «Теріскей» әнін берерде Жаратқан иеміз дархан даламыз бен онда тіршілік ететін қайсар да қараша тұрғындарының пейіліне қарай сый еткендей болады. Сол уақыттағы аудан басшылары Досыбай Шерімқұлов пен Рахматулла Момбеков Созақ ауданына шығармашылық сапармен келген сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Сабырхан Асановқа қолқа салады. Бұл 1985 жылдың жаз айы  болатын. Келесі 1986 жылы қараша айында дүниеге келген ән қарт Қаратаудың бесік жырына айналады. Армандарға қанат, шығармышылық өрендеріне толағай шабыт сыйлаған «Теріскей» әніне де биыл 35 жыл.

7-қараша ол уақытта Октябрь революциясы күні мерекесі ретінде аталып өтетін. Сол мерекеге әнді арнайы алып келеді. Сабырхан ақын науқастанып келе алмай қалады. Сөйтіп алғаш «Мыңжылқы» мәдениет үйінің сахнасында «Теріскей» әні орындалып, тарих жылнамасында мәңгілікке жазылып қалады. «Теріскей» әнінің тұңғыш орындаушысы сол уақыттағы аудандық мәдениет үйінің директоры Тұрлыбек Жақсыбаев болатын.

1976 жылы тамыз айынан Созақ аудандық мәдениет үйінің директоры, 1980 жылы қазан айынан Созақ аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, 1985 жылы қараша айынан 1996 жылдың мамыр айының аралығында Созақ аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген Тұрлыбек аға өткен жылдар белесінен ойында жүрген естеліктерімен бөлісті:

— Енді ән падишасы Шәмші Қалдаяқовпен кездесуім мен «Теріскей» әнінің тарихы жайлы әңгімелесем, мен Шәмші ағамен жерлеспін, екеуміз бір ауылданбыз. Алғаш Шәмші ағамен 1964 жылы маусым айында Қызылқұм ауданы, Темір совхозындағы клубта Ресейдің өнер-әдебиетінің он күндік-декадасында, орыс жазушы-ақындарымен кездесуі болған. Сол кездесуге аудан өнерпаздары мерекелік концерт дайындап, сол дайындыққа Шәмші аға келіп, қатысып (жаңа ән жазып) орыс ақыны Евгений Долматовскидің «Наш сосед» атты текстіне жаңа ән жазып, ол әнді барлық концертке қатысушылар қосылып хормен орындағанбыз. Ақын Евгений Долмотовский Шәмші ағаны сахнаға шақырып құттықтап, зор құрмет көрсетті. Мен Шәмші ағамен Созақ аудандық мәдениет бөлімін басқарып жүргенде 5-6 рет кездестім. 1989 жылы соңғы рет кездестім.

«Теріскей» әні 1986 жылы қараша айында алғаш рет орындалған болатын. Мен бұл әннің бірінші орындаушысымын. Бұл «Теріскей» әнінің шығуына негізгі себепкерлер 1985-1992 жылдары Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Досыбай Айтбайұлы Шерімқұлов пен Созақ аудандық атқару комитетінің, төрағасы Рахметулла Момбековтің (марқұм) Шәмші ағаға сұраныстары бойынша шыққан ән. «Теріскей» әнінің сөзін жазған ақын Сабырхан Асанов ағамен де 3-4 рет кездескенмін.

Шәмші аға мен Сабырхан аға да үйде бірнеше күн қонақ болып жұбайым Балқияның қолынан дәм татқан құрметті ағалар еді. Мен «Теріскей» әнінің алғашқы орындаушысы болғаныма, Шәмші, Сабырхан ағалармен дәмдес болғаныма, өзімді бақытты санаймын.

«Теріскей» әнін той, жиындарда әлі де айтып тұрамын,-деп әнші аға ағынан жарылды.

2017 жылы Шәмші атындағы байқаудың Созақ жерінде өтуі  Теріскей халқын бір серпілтіп тастады. Өңір басшысы Шәмші байқауының туған жері Отырардан кейін Созақ ауданында өткізуге шешім қабылдауында тарихи таным мен  терең пайымды парасаттың мәні жатыр. Тарихшы Сүлеймен Тәбіріз бен шежірегөй, күйші Файзулла Үрмізовтың тарихи шығармаларында Шәмшінің атасы Домбы-Арыстанбек күйші, шежіреші Файзулла Үрмізовтің атасы Жүсіпбек төремен сыйлас, дәмдес болғаны жан-жақты зерделеніп, талдап айтылған.

Қазіргі кезде «Төретоған» деп атап кеткен тарихи орынның түбінде Жүсіпбек төренің сағанасы бар. Жүсіпбек Кенесары ханның екінші әйелі Жағам ханымнан туған Әубәкірдің баласы еді. Әйгілі ақын Шәді төре болса Қасым ханның Есенгелдісінен туған Жәңгірдің баласы болатын. Домбының адами қасиеті, кісілік келбеті, он саусағынан өнері тамған ісмерлігін бағалаған Жүсіпбек төре Сарыарқаның төсінде жатқан «Жаман айбаттың» шығыс жақ іргесіндегі шұрайлы жайылымнан құдық қаздырып, Домбының жайласып орналасуына жәрдем жасайды. Ол жер бүгінгі күнге  дейін «Домбының жайлауы», «Домбының құдығы» деп аталып келеді. Кейін бұл достық Шәді төренің інілері болып келетін Бұқарбайдың қызы Сақыпжамал мен Домбының баласы Қалдаяқ-Әнапияның (жеңгелері аяғындағы қалына қарап Қалдаяқ атап кеткен дейді) жарасымды отбасына айналуына себепкер болады. Былайша айтқанда ұлы сазгердің өмірге келуіне себепкер болады. Бұл тарихи шындық туралы Шәмші де өзінің Созаққа келген сапарында былай дейді:

— Әкем Қалдаяқ Құмкент жеріндегі Шәді төре деген үлкен ақын, молда, әрі зергерге көмекші болып жүріп қарындасы Сақыпжамалмен танысып, бір-бірін ұнатады. Бірақ Шәді төре хан тұқымы болғандықтан олар ата-салт дәстүріне байланысты қосыла алмайды. Сақыпжамал жігітіне: «шын сүйсең ұзақ жаққа бірге кетейік!»-деген пікірін айтады. Бұл пікірді мақұл көрген Қалдаяқ 1927 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын «Сарыкөл» деген саласына келіп, киіз үйін тігіп мекендейді. Аң аулап, балық ұстап күндерін көреді. Сақыпжамалдың аяғы ауырлап, ай-күні жақындаған бір күні әкем аңға шығуға әзірленіп мылтығын оқтап отырғанда мылтық тосыннан «тарс» етіп атылып кетеді. Шешем есінен танып құлап қалыпты. Содан бастап шешемнің құрсағындағы баланың өсуі тоқтап қалады. Ақылдаса келіп әке-шешем бір атқа жол азығын артып алып, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге зиярат етуге аттанады. Әулиеге келгеніне үшінші күн болғанда балаға жан кіріп қимылдайды. Әке-шешем елге қуанышпен оралады. Атымды Шәмшиддин-Жәмшид-Шәмші-деп қойыпты. Менің көп жағдайда «әкем де, шешем де, өзім де «Теріскейде туылғанмын» деуімнің себебі осы. Туған жерге тағзым ретінде «Теріскей» әнін де арнаған едім!»-деп ағынан жарылып, әкесі мен анасы түнеген әулие сағанасы түбінде отырып айтқан сөзі екен.

1986 жылы «Теріскей» әнінің «тұсауын кестіруге» арнайы келгенде: –Мен ертең алдымен Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге барайын!-дейді Шәмші ағамыз. Келесі күні таңертең Шашты Әзіз әулиеге барғанда, автокөліктен бір қыдырым жер жаяу түсіп қалып, ақырын аяңдап барып, әулиеге жетпей шөкелей отырып құран оқып, бата жасайды.

Теріскей әнінің сөзін жазған ақын Сабырхан Асанов 1937 жылы Түркістан облысы Түркістан ауданы Иіркөл ауылында дүниеге келіп, 1996 жылы 17 тамызда Алматы қаласында өмірден өтеді. ҚазМУ-ді бітірген (1960). Шығармашылық қызметін Түркістан облысы Киров ауданы “Кировшылар үні” газетінің жауапты хатшысы болып бастайды. Ұзақ жылдар “Социалистік Қазақстан” газеті, “Жұлдыз” журналы, “Қазақ әдебиеті” газеті редакцияларында қызмет атқарды. Сабырхан Асановтың алғашқы өлеңдері “Оңтүстік Қазақстан” облыстық газетінде жарық көрді. Ақынның “Тұңғыш кітап” (1963), “Алматым менің жас шағым” (1968), “Ленинге барғанда” (1970), “Шолпан” (1974), “Ақбота” (1976), “Қоштасқым келмейді” (1978), “Бақытымды жырлаймын” (1980), “Қызғалдақ күндер” (1981), “Сағындырған көктем” (1983), “Сағынамын” (1986), “Көктемнің шуақты күндері” (1987), “Елу көктем” (1990) жыр жинақтары жарық көрген. А. Байрон, Тоқтағұл, Я.Купала, Ф.А. Файз, С.Данилов, Р.Ғамзатов, И.Абашидзе, Е.Евтушенко сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Ақын өлеңдері орыснеміслатыштатарбашқұртякутқырғыз т.б. тілдерге аударылған.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерейлі мерекесімен бірге «Теріскей» әнінің 35 жылдығы мерексін де атап өтіп, осы әннің шығу тарихы туралы  деректі фильм әзірлеп, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, өткен жылдардың жарқын сәттерін жаңғырту арқылы  болашақ үшін өнегелі іс жасаған болар едік. 

Мақсат Қарғабай