ХУІІІ ҒАСЫРДА ТОҚЫЛҒАН ЖАЙНАМАЗ

Мұсылмандықтың нышаны ретінде жайнамаздың орны ерекше қазақ халқында. Сәжде етер жердің таза болуын қалаған ата-бабаларымыз жайнамзға ерекше көңіл аударған. Оны тазалықтың белгісі, мұсылмандықтың рәмізі ретінде ерекше қастерлеген. Жайнамаз үстінде Ұлы Жаратушыға тағзым ететін болғандықтан оны қастерлеп жоғарыға қойып, аяқасты етуден сақтанған. Бұл имани дәстүр көнеден бізге де жеткен.

Ал халқымыздың қолөнер шеберлері жайнамазды кілемше етіп тоқыған. Оған ұлттық өрнектермен қатар діни пәлсапалық, мағынасы терең ойды да бейнелегенін көнеден жеткен жәдігерлер айғақтайды. Жайнамаздың басы мен аяғына ерекше мән беріп, сәжде етер тұсына белгі қойып бедерлеген.

Сонау ХУІІІ ғасырдың аяғына таман тоқылған кілемше жайнамаз Бәйдібек ауданындағы сәулет- көркем музейіндегі ең құнды жәдігер десек болады. Жайнамаз тықыр кілем ретінде тоқылған. Оны Аппақ Ишанның/толық аты жөні Сейдахметов Аппақ Мақсұм/ әжесі тоқыған. Түрлі-түсті жіптермен тоқылған жайнамаздың бас жағына жаннаттың сегіз есігі, мұсылмандықтың бес парызы, кәлима, Нұр пайғамбар, рух әлемі, өмір тіршілігі, аяқ жағына тозақтың жеті есігі бедерленген. Қаншама ғасыр өтсе де бояуы сақталған жайнамаз екі түрлі түс береді. Жайнамаздың бас жағы жаннатық — қызғылт, ал, аяқ жағы тозақтық — күңгірт қызыл түске енеді.

ХУІІІ ғасырдың соңына таман тоқылған жайнамаз музейге 2014 жылдың тамызында тапсырылған. Оны Аппақ Ишанның 150 жылдық мерейтойында немересі Қ. Ахметов арнайы музей қорына табыстайды. Қазіргі таңда музейде көненің көзі, төрт ғасыр көрген жайнамаз ең құнды жәдігер ретінде сақталып тұр.

Эльмира ЖАМАШОВА,

Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайының қызметкері

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.