БАЛА – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Сіздермен біздер тек болашақ буынды ғана емес жалпы адамзаттық, қадір-қасиеттердің мән маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деп айтқаны бекер емес. Қазіргі таңда бала қоғамның басты құндылығына айналды. Өткен ғасырла Кеңес өкіметі баланы барынша отбасынан алшақ ұстауға тырысты. Өйткені мемлекетке қызмет ету үшін ересек адамдар ауадай қажет еді. Бала туыла сала бөлек жатқызу, екі айында анасын жұмысқа шығарып жіберу, балабақшалар санын көбейтіп, үйде емес бақшада өсуін қадағалау секілді ереженің бәрі қоғам үшін баланың екінші орында тұрғанын дәлелдейді.

Ал, бүгінгі жаңа ғасырда бәрі керсінше. Бала ана құрсағында пайда болысымен оған ерекше көңіл бөлінеді. Ана мен бала денсаулығы басты назарда. Жас сәбидің тәй-тәй басқан сәтінен балабақша табалдырығын аттауы, мектепке барып, жоғары оқу орнына түскен кезеңіне дейін мемлекетіміз қамқорлығын көрсетеді. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі демекші, болашақ тұлғаның қалыптасу баспалдағында балабақшаның орны өте үлкен. Тәрбиенің басы отбасында қалыптасса, ары қарай балабақшада білім алу арқылы толығады. Егемен еліміздің көк туын желбіретер ертеңгі болашақ, яғни бүгінгі бүлдіршіндер тәрбиесі аса ауқымды, назар салатын басты мәселелердің бірі. Осы екі тарап ауызбіршілікте, сауатты түрде бүлдіршінге бақытты балалық шақ қалыптастыруы міндет.
Осы екі арада жүргізілетін тәлім — тәрбие сабақтаса, ұштаса өткізілгенде ғана көзделген мақсат нәтижелері болары сөзсіз.
Бала тәрбиесіне тек балабақша, мектеп, оны қоршаған орта ғана емес, сонымен қатар отбасы, яғни, әкесі, атасы, әжесі, ағасы, әпкесі де әсерін тигізеді. Бала ең алдымен өз отбасы мүшелерімен, бауырларымен тіл табыса алуы қажет. Егер отбасында үйлесімдік болса балабақшадағы тәрбиені де бойға оңай дарытады. Біздің балабақша тарапынан ата-аналармен бірігіп жасайтын іс-шараларға үнемі ерекше назар аударылып келеді. Осы ретте өз тәжірибемнен ата-аналарға көмек, кеңес ретінде балалармен отбасында ойналатын бірнеше ойындарды ұсынамын. Төмендегі ойындар балаларды жанұясымен, достарымен жақындастыруға көмектеседі.

  • Баланың көзін жұмып, оны айнала қоршап тұрған бір отбасы мүшесінің бетін ұстайды. Сипап сезу арқылы ол кімнің беті екенін табуы тиіс.
  • Екеуге арналған бір футболка  — екі бауыр немесе екі дос бүлдіршін үлкен бір футболканы киеді. Бұл бір-бірін тыңдауға, ұрыспауға, бөлісуге үйретеді.
  • Команда дөңгелектеніп тұрады, қолдарындағы допты бір-біріне сол адамның ұнайтын тұсын айтып лақтырады. Доп осы әдіспен бүкіл шеңберді бірнеше рет айналып шығады.
  • Әртүрлі кейіпкерлер атынан ертегі – мысалы «Бауырсақ» ертегісін біреуі әженің атынан, бірі қасқырдың, қоянның атынан айтып шығады.
  • «Ғажайып әлем» — алдымен балаға үлкендер ертегі немесе әңгіме айтады. Тыңдап болған соң суретін салады. Содан соң салған суретінде қандай әлем бар екенін, неге бұлай бейнелегенін айтып береді.
  • Мектеп, балабақша ойындары – «Қане, мұғалім боламыз!» деп үлкендер өзі көрсетеді. Көп оқыған емес, көп ойнаған бала ақылды болады, жақсы баға алады.
  • Мұнан өзге доп, топырақпен ойнау, стресске өте жақсы көмектесетін билер, гүл теру немесе жасау, саз балшық, пластилинмен, қамырмен жұмыс жасау секілді ойын түрлері баланың болмысын қалыптастыруда өте пайдалы.

Жас ұрпақты саналы азамат ету отбасы мен педагог ұжым арасындағы бірлескен іс нәтижесінде ғана жемісін береді. Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азамат екенін естен шығармайық!

Мухаметкалиева Толқын Маратқызы,
«BAL-DARIYA» бөбекжай балабақшасының
 меңгеруші-әдіскері.