«ҚАРА ЖҰМА» & «ЖОМАРТ ЖҰМА»

Қарашаның соңғы күндері сауда нүктелерінде «black Friday» деген атаумен жеңілдіктер науқаны басталады. Жұманы қасиетті деп білген біздер үшін бұл атаудың құлағымызға түрпідей тиетіні рас. Берекелі, қасиетті жұмамыз «қара жамылса» қынжылмағанда қайтеміз?!

Әдетте, қара сөзі біздің дәстүрімізде ылғи ауыртпашылықпен, қиындықпен астасады. «Қаралы үй», «қаралы хабар», «қара қағаздар» соның мысалы. Әйтсе де, сынықтан басқаның бәрі жұққыш келетін әдеті емес пе? Сонау АҚШтан бастау алған жаппай сату дәстүрі соңғы кездері біздің дүкендерімізде де бой көрсетіп, Қазақстандық 135 сауда орны аталмыш акцияны пайдаланатынын білдік.  

Қара жұманың тарихы

«Қара жұма» ұғымы ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған. АҚШ-тың сол кездегі президенті Авраам Линкольн қарашаның соңғы бейсенбісін Алғыс айту күні деп белгілеп, мерекені ресми демалыс күн деп жариялайды. Артынша Алғыс айту күнінен кейінгі жұмадан рождестволық маусым басталады, яғни, отбасылар жақындарына түрлі сыйлықтар ала бастайды. Бұл сатушыларға да керемет күн, себебі сатылым сол күні бірнеше пайызға артады екен. Түрлі дүкендер клиент санын арттыру үшін жеңілдіктер жасаған.

Содан бері алғыс айту күнінен кейінгі кезең – дүкендер үшін ең табысты кезең. Алғаш болып мерекеден кейінгі жұма күнгі жеңілдіктерді Фидладельфия штатының сатушылары қолданған екен. Штаттағы жарнамалық компаниялар «Отбасыңмен сыйлық алу үшін керемет күн» деп жазған.

Қара жұма атауы қайдан шықты?

Бұл атауды 1966 жылы Филадельфия штатының полицейлері атаған деген деректер бар. Себебі, сол күні дүкен аралайтындар саны көп болған соң қала орталығында тәртіпсіздіктер, ірі кептелістер болады екен. Бұл күні дүкендер таңғы бесте, кей жерлерде 00:00 де ашады. 90 пайызға дейінгі жеңілдіктер ұсынады. Тұрғындар тауарға таласып, арты төбелеске ұласатын сәттер де кездеседі. 2008 жылы қарашада «қара жұма» кезінде дүкенге баса-көктеп келген тұрғындар Лонг-Айлендтегі Walmart сауда үйінің қызметшісі, 34 жастағы Джимитай Дамурды таптап кеткен. Салдарынан сатушы қайтыс болған.

Бұл күні дүкен алдында кезекке тұрғандардың саны он бес мыңға дейін жеткен кездері де болған. АҚШ Ұлттық бөлшек сауда федерациясы Алнғыс айту күнінен кейінгі сауда-саттық туралы мәліметтерді шүнемі жариялап тұрады. Соңғы жылдары сатып алушылардың жаллпы саны 200 миллионнан асқан, ал әрқайсы орта есеппен 400 долларға зат сатып алады.

Заты халыққа тиімді болғанмен, аты құлаққа қонымсыз осы атауды «ЖОМАРТ ЖҰМА» сөзіне ауыстыруды ұсынған еді сенатор, журналист Нұртөре Жүсіп ағамыз.

– Мағынасына келсек,  барлық дүкендердің жеңілдіктер мен жомарттық жасауы деген сөз болғандықтан, «жомарт жұма» деп атауға ұсыныс тастадым. Содан біраз адамдар «жомарт жұма» деп атап жүр. Дегенмен де, жалпы халық бұл атауды қолдап, атап кетсе тіптен жақсы болар еді. Мұндай нәрсені өзіміздің қазақ бауырларымыз бен қандастарымыз жалпызқазақтық шаралар енгізіп, айтып, қолдана берсек, басқа ұлттар да солай айта бастайды. Сол үшін құлаққа сіңісті, үйреншікті болады. Бірақ орыс тілінің ықпалында болғандықтан, әлі күнге жарнамаларда «черная пятница» деп қолданылып жүр. Сонда да қазақ ұғымына қазақы сөздерді біртіндеп енгізудің еш зияны жоқ, –дейді.

Соңғы кездері танымал блогерлеріміздің «ЖОМАРТ ЖҰМА» деген атаумен жеңілдік жасағандарын естіп қуандық. Біз де болмысымызбен бітісетін осы атауды қолдайық, қолданайық.

Нұрила ШЫНӘДІЛ

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.