БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН КӨҢІЛДІ ОЙЫНДАР

Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің шығармашылығы, қатынас, танымдық ерекшеліктері, денсаулықтары ойын арқылы қалыптасады. Ойын – бала әрекетін дамытудың негізгі құралы. Ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық қайраттылық қабілеттерін қалыптастырады. Сонымен қатар, тілі дамиды, ой-өрісі кеңейеді. Баланы қоғамға, көпшілікке бейімдейді. Сондықтан да балабақша күн тәртібінде ойындардың алатын орны зор.

Балалармен бірге өткізген «Көңілді ойындар» ашық сабағымыздың мақсаты – бүлдіршіндердің сезім, дамыту, оқу іс-әрекеттері бойынша ойын арқылы жетілдіріп бекіту. Ойлау қабілеттерін арттырып, тілдерін дамыту. Тәрбиелілік – балаларды қамқорлыққа, ұқыптылыққа, бастаған ісін аяғына дейін жеткізе білуге тәрбиелеу.

Ойынның түрлері өте көп, жыл мезгілдеріне байланысты жаздық және қыстық ойындар, ұлттық ойындар, дамытушы ойындар т.б. Сабақ барысындағы ең алғашқы ойынымыз «Досыңды ата» деп аталады. Бұл ойын татулыққа, бірлікке шақыруымен ерекшеленеді.

Шарты – балалар шеңберге тұрады, тәрбиеші допты бір балаға береді, допты алған бала досының атын атайды. Допты қағып алу арқылы баланың қимыл тіректері дамиды, сөйлеу жүйесі нақтыланады және достық қатынастары нығаяды.

Осы кезде сыныпқа қоян кіреді. Қоян балаларға көптеген ойындар әкеледі. Ертегі кейіпкері арқылы балалардың да ойынға деген қызығушылығы артары сөзсіз. Қоянның бірінші ойыны:

«Түсіне қарай топтастыр» деп аталады. Мақсаты – заттың түсін ажырата білуге, көлемін салыстыруға үйретеді. Шарты – араласқан доптарды түстеріне сәйкес қорапқа топтастырып жинау және көлемін атау. Тәрбиеші доп жинаған баладан былай сұрайды; – доптың түсі қандай, көлемі қандай?

  • Доптың түсі қызыл, көлемі кішкентай, қызыл қорапқа саламын.
  • Доптың түсі сары, көлемі үлкен, сары қорапқа саламын.

Қоян: – Жарайсыңдар, балалар, сендер ақылды екенсіңдер, тағы бір ойын ойнайық.

  • Мен таңертең бақшадан бірнеше көкөніс, жемістерді жинап алдым.Қасқыр келіп қалар деп асығып, барлығын бір кәрзеңкеге сала бердім. Маған жеміс пен көкөністі ажыратып беріңдерші.

Осылайша балалар жемістер мен көкөністерді ажыратуға, атын атауға, дәмін айыруға үйренеді.

Тәрбиеші: – Балалар, біздің қоянның қарны ашып қалыпты, ендеше, біз оған сәбіз жасап беріп қуантайық! Тәрбиеші балаларды шығармашылық алаңға апарады, екі топқа бөледі. Бірінші топ – сәбізді қызыл сары түске боялған күрішпен құрастыруы міндет. Екінші топ – аяқталмаған сәбіздің суретін аяқтау. Ойынның мақсаты – шығармашылыққа баулу, шыдамдылыққа қалыптастыру.

Ең соңында балалар қоянға көмектесіп, жақсы іс жасағандары үшін, үнемі бір-біріне көмектесіп жүрулері керектігін айтып мадақталды. Аталмыш сабақ балабақша басшылығы мен әдіскерлерінің көңілінен шығып, ең бастысы бүлдіршіндер мәз-мейрам болды. Осы сабақтан соң олар түстерді, үлкен, кіші белгілерін, көкөністер мен жемістерді ажыратуды, жақсылық жасауды бойларына сіңірді.

Ойын баланың табиғи үйрену ортасы. Баланың басқалармен тіл табыса алуы, сабыр сақтауы, шыдамды болуы, бөлісуі бәрі де ойын арқылы бойға сіңетіндігін естен шығармауымыз абзал.

Ақерке Әділ,

Жансая Аманбаева.

№59 «Айша» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері.

Шымкент қаласы.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.