ЖЕҢІМПАЗ КЕЛІН

Шолпан бүгін ренжулі. Көзіне жас келіп, көмейіне өксік тығылды. Үш ұйықтаса да мұндай күйге түсемін деп ойламаған. Не істерін білмей бөлме ішінде ары-бері сенделіп жүре берді. Телефонын қолына алып әлдекімге қоңырау соқпақ боп оқталғанымен ол ойынан тез айнып, тастай салды. Осыдан бір ай бұрын ғана бақыттан басы айналып, жүзі бал-бұл жанған Шолпан алдағы өмірін дәл бұлай болады деп елестетпеген. Сонда Әсемнің айтқаны шынымен рас болғаны ма? Сәкеннің сол бір кеште айтқан әңгімесін неге сонда түсінбеді екен? Енді не болады? Сансыз сауалдардан қалжыраған Шолпан ойым бөлінсін деп Инстаграм желісіне кірді. Ондағы тек бақытты, шалқып жүрген адамдардың фотосына қызығып, тамсана қарап отыра берді. Бір кезде алдынан «Бақытты болғыңыз келе ма? Бәрі өз қолыңызда» деген жазуы бар сурет шыға келді. Іздегені алдынан шыққан Шолпан ойланбастан әлгі парақшаға кіріп кетті. Ішінде неше түрлі кеңестер, ақпараттар бар екен. Шетінен оқи берді. «Адамға бақытты біреу келіп бермейді. Әркім өз қолымен жасайды.  Егер өміріңіз қызық емес болса оның себебін өзіңізден сұраңыз. Тек өзіңіз ғана бақытыңыздың не екенін білесіз. Біреу сізді ұнатпай жүр ме, онда оның да себебін өзіңізден іздеңіз».  Іштей «не істесем де енеме жақпай жатырмын ғой. Неге мен ғана бәрінің көңілінен шығуым керек. Мен де адам емеспін бе?» деп бұрқылдап алды. Мұның бәрі қалай басталып еді?

…Сәкен мен Шолпан достарының туған күнінде танысқан. Бір көргеннен бір-бірін ұнатқан екеуі көп ұзамай қыз бен жігіт боп кездесе бастады. Екеуі ел қызығып қарайтындай жұпқа айналды. Бір-біріне қамқор, адал. Орынсыз қызғанып, шу шығарған емес. Қайда барса да бірге барады, бірге жүреді. Бөлек-бөлек үйде тұратыны болмаса ерлі-зайыптылар секілді еді. Махаббатқа мас болып, мөлдір сезіммен сусындаған екеуі екі жылдай қол ұстасып жүргеннен кейін отбасын құруға шешім қабылдады. Өзі сүйген жарына тұрмысқа шығу кімнің де болса арманы емес пе?! Екі жақтың ата-анасы кездесіп той күнін белгілеп, жөн-жоралғы жағын келісіп жатқанда жастар оған аса бас қатыра қойған жоқ.

Ұзату тойына бір апта қалған кез еді. Екі жақ та тойдың әуресімен мұрындарына су жетпей жүрген. Кезекті кездесуде Сәкен Шолпанға бір әңгіменің шетін шығарды.

— Жаным, міне, бұйырса бір аптадан кейін екеуміз үйленеміз. Екеуміз бақытты боламыз. Мен сен үшін бәрін жасаймын.

— Иә, жаным, сол күн тезірек келсе екен.

— Шолпан, саған бірдеңені қазір айтып қоймасам болмайын деп тұр.

— Жаным, тыныштық па? Не жағдай? Бәрі дұрыс па?

— Жоқ, қорықпа. Бәрі жақсы. Тек… Тек… Не ғой, Шолпан, сен бәріне шыдайсың ба? Яғни, үйленген соң не болса да мені тастап кетпеуге уәде бересің бе?

— Сәкен, ол не дегенің?! Мен сенімен ғана бақыттымын, жаным. Алдымыздан қандай сынақтар кездессе де, жоқшылықта да, баршылықта да, қуаныш пен қайғыда да жаныңда болуға сөз беремін. Сенің туыстарыңның алдында басыңды көтеріп жүруге барымды саламын.

— Білесің ғой, мен үйдің жалғыз баласымын. Қаласам да қаламасам да қарашаңырақта қалатын ұлмын. Менің мамамның мінезі сәл қырсықтау. Негізі жаман адам емес. Бірақ мінезі де оңай емес. Ертеңгі күні екі оттың ортасында қалмасам деп тілеймін.

— Ооой, жаным, бар айтқаның сол-ақ па? Мені білесің ғой, әлі мамамен мынандай дос боламын, — деп бас бармағын көрсетіп сыңғырлай күлді Шолпан. Өзінің ақжарқын, өзгелермен тез тіл табысатын мінезімен енесін деп баурап аларына сенімді еді…

Дүркіреп екі жақтың да тойы өтті.  Ұзату тойда «Барған жеріңе судай батып, тастай сің. Барған жеріңе бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп бар» деген тілек көп айтылса, үйлену тойында «Бақытты болыңдар. Ата-аналарыңды аялап, үлкен отбасына айналыңдар! Келіннің аяғы құт болсын!» деген сөздер көп айтылған. Ұзатылар кезде Шолпанның анасы қызының құлағына «Қызым, мені масқара қылма. Анасы не үйреткен демесін, бәрін айтқызбай жаса. Енеңнің көңілін тап. Ешқашан жылап қайтып келуші болма!» деп сыбырлаған. Той, құдалық, беташар секілді тойдың бәрі өтіп қалыпты тіршілік басталған. Басына әппақ орамалын тағып, үкідей үлбіреген жас келін ә дегеннен-ақ ата-енесінің көңілінен шығуға тырысты. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуды өзіне міндет санады. Бәрінен бұрын оянады, төсегіне ең соңғы болып жатады. Алғашында бір аптадай келіннің қолынан шәй ішеміз деп келетін қонақтардың қарасы көп еді, жайлап ол да басылды. Енді ғана жас келін үй ішіне, ондағы адамдарға анықтап қарай бастады. Шолпан бажайлап қараса, енесі жап-жақсы әйел. Келген кісінің бәрі де оны құрметтеп, ерекше сыйлайды екен.

Бірақ қызықтың бәрі бір аптадай уақыттан кейін басталды. Мәнсия реті келгенде келінін сөзбен түйреп алатынды шығарды. Әңгіме арасында артынан келген дүниесін де, төркіні таққан алтындарын да сынап-мінейтін. Аузына су толтырып алғандай Шолпан енесіне бірдеңе деп уәж айтпақ түгіл, көзіне тура қарай алмайтын. Шолпан не істесе де енесіне жақпай қойды. Отырса опақ, тұрса сопақ болды. Күн сайын әтеш шақырмай оянатын Шолпан бүгін қара басып ұйықтап қалыпты. Жолдасы да жас келіншегін құшағынан босатқысы келмей тұрғызбай қойған. Әлден уақытта ас үйден шыққан тарс-тұрс дауыстан ұшып тұрды. Жалма-жан халатын киіп, орамалын жүре тағып асханаға жүгірді. Барса енесі бар ашуын ыдыс-аяқтан алып, «келін алып рахат көрем дегенім осы ма? Жұрттың келіндерін қарасаң сүйсінесің. Сондай бір келін де бұйырмады-ау! О, Жасаған, не жазып қойдым!» деп күбірлеп жүр екен. Енесінен қайта-қайта кешірім сұраған Шолпан қолындағы шәугімін алып таңғы астың қамына кірісті. Беймаз басталған күннің жалғасы да оңа қойған жоқ. Ерлер жұмысқа кетіп үйде ене мен келін ғана қалған. Ас үйде түскі ас дайындап жүрген Шолпанның ойын енесінің дауысы бөліп жіберді. Телефонмен сөйлесіп жатыр. Даусы жарқын-жарқын шығады. «Иә, несін айтасың, келінге де жарымадым. Жалғыз ұлыма өзім таңдап жүріп мынандай келін алам деген арманымды ана қу шешек құртқан жоқ па?! Сүйем-күйем деп осыған жабысты да қалды. Мың рет айттым, мені тыңдасаң ана Сәлиманың қызын ал, пысық деп. Тыңдамады ғой, тыңдамады…». Әңгіменің ар жағын Шолпан естіген жоқ. Бөмесіне жүгіре жөнелді. Кетіп қалайын десе Сәкенді шын сүйеді. Оның үстіне анасының ақылы бар.

Енді ғана сол бір кеште Сәкеннің не айтқысы келгенін түсінді. Тоқта, тоқта… Беташар күні қыз жолдас болып жанына еріп келген құрбысы Ләззат та беташарға келген ауыл әйелдерінің «Енді бұл үйде не Мәнсия тұрады, не Шолпан тұрады» деп күбірлескенін естігенін айтқан. Демек…

Болмысынан қайсар, ақкөңіл қыз іштей өз жоспарын іске асыруға тас-түйін бекініп, үсті-басын реттеп, күлімдеген күйі бөлмесінен шықты. Ас үйге барып шай дайындап енесін шақырды. Екеуі үнсіз отырып шәй ішті. Келіні енесін қанша әңгімеге тартқысы келгенімен Мәнсия иіле қойған жоқ. Шолпан жоспарын орындау үшін бәрін жасауға дайын еді. Түскі астан кейін Мәнсияның теледидар қарайтын әдеті бар еді. Осы сәтті пайдаланған Шолпан қолына бір қорап бетке күтім жасауға арналған заттарын көтеріп енесінің бөлмесіне келді.

— Апа, бір жеріңіз ауырып жүрген жоқ па? Соңғы кезде түріңіз шаршаңқы көрінеді. Менде беттің әжімдерін кетіріп жасартатын крем бар. Қаласаңыз бетіңізге жағып, массаж жасап берейін.

— Әжімді кетіреді дейсің бе? Маған ондай ертегіңді айтпай-ақ қой, қарағым. Осы күнге дейін крем-премсіз-ақ жүрдім. Қартайып кеткен түгім жоқ.

— Апа, бір рет жарайды деңізші. Кейін ұнамаса жақпай-ақ қояйын.

— Мейлі, жақсаң жақшы. Абайла, аллергия беріп жүрмесін.

Шолпан енесінің бетін сипалай отырып крем жағып, бар өнерін салып массаж жасап берді. Өмірі ондай қамқорлық көрмеген Мәнсияның жаны тыныштық тауып, балбырап бара жатты…

Уақыт өте таңнан кешке дейін үйде оңаша қалатын ене мен келін үйді сән салонына айналдыра бастағандай еді. Заманауи, дене күтімін жақсы білетін Шолпан енесінің жүрегіне жол таба бастағанына мәз болды. Олар енді тек беттеріне емес, қолына, шашына күтім жасайтынды шығарды. Жас келін тіпті енесінің арқасын уқалап, аяғын жылы суға малып, өз анасындай қамқорлық көрсете бастады. Кездескендердің бәрі Мәнсияға «Келін алып жасарып барасың. Бетің жас қыздардікіндей болып кетіпті. Келінің қандай тамаша! Бізге де Шолпандай келін кездессе екен» деп айтатынды шығарды. Оны естіген Мәнсия одан бетер көңілі марқайып, келінін жақсы көре бастады. Уақыт өткен сайын келінін өзгелерден қызғыштай қорып, тіпті баласы артық сөйлеп қойса Шолпанның жағына шығатын болды. Әрине, бұған Мәнсияның мінезін жақсы білетін Сәкен де, әкесі де таң қала қарағанымен, ренжіген жоқ.

Шолпан келін болып түскенде ауыл әйелдері  «ене мен келіннің қайсысы жеңер екен? Күн сайын ұрыс шығатын болар» деп ойлап, бұлардың үй жағына қызық іздегендей жиі қарағыштайтын. Бірақ бәрі де басқаша болды. Мәнсия мен Шолпанды көргендер олардың бір-біріне деген ілтипатын, құрметіне қарап анасы мен қызы деп ойлайтын. Шолпан тұңғышын босанып келгенде енесі қырық күн бойы бөлмесінен шығармай, немересін де өзі шомылдырып, келініне де өзі қарап, барынша жақсы күтті. Шолпанның еңбегі зая кеткен жоқ.

Бір жыл бұрынғы тойдың суреттеріне қарап отырып, «барған жеріңе бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп бар» деген тілектер Шолпанның құлағына қайта естілгендей болды. Өзінің бақыты үшін күресіп жүріп, өзін де, күйеуін де, ата-енесін де бақытқа бөлегенін өзі де білмейтін…

Әсел ЕРЕЖЕПОВА. 

(Фото көрнекілік үшін ғаламтордан алынды).