«БАЛАНЫ ЖИІ ҚҰШАҚТАУ ИММУНИТЕТІН КӨТЕРЕДІ»

Әйгерім КӨРТАЕВА он жылдық жұмыс тәжірибесі бар балалар дәрігері.  Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина Академиясының түлегі. Шымкент қаласындағы №8, №13 емханаларында педиатр қызметін абыроймен атқарған. Қазіргі таңда «Медикер» емдеу орталығында еңбек етеді. Білікті маман балалар мен ата-аналарға арналған құнды кеңестерімен бөлісті.

— Әйгерім Мүтәліпқызы, жуырда «Qurmet-Abyroi-Birlik» қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдыңыз. Қуанышыңызбен құттықтаймыз!

— Рақмет! Еңбектің еленгені қашанда жігер береді, алға ұмтылдырады. Ендігі белестеріме бел шеше кірісіп, өз қызметіме адалдық таныта түсуге құлшындырады екен.

 — Өзіңізге белгілі, күз мезгілі балалардың иммунитеті төмендеп, ауруға бейім келетін кезеңі. Дерттің алдын алу үшін қандай кеңестер айтасыз?

 — Ең бастысы дұрыс тамақтану. «Ауру – астан», «Ас – адамның арқауы» деп текке айтылмаған. Уақытылы, пайдалы тамақтанған бала көп ауруға төтеп береді. Күнделікті рационда дәрумендері мол тамақтар болуы шарт. Мысалы таңертең ақуызға бай, күріш, қарақұмық, сұлы ботқалары мен қайнатылған жұмыртқа жесе, түскі асқа міндетті түрде ыстық тамақ ішсін. Мүмкіндігінше сұйық болғаны дұрыс. Бір жасқа дейінгі балаларға қуырылған тағам беруге болмайды. Ет, балық, картоп, сәбіз, асқабақ және жеміс-жидектерді көп жеуін қадағалаңыздар. Міндетті түрде таңертеңгі астан соң дәрумен ішкізіңіздер. Себебі ағзаға қажет тәуліктік витаминдер мөлшерін күнделікті тағамдардан алу жеткіліксіз. Қазіргі пандемия тараған тұста мүмкіндігінше баланы үйде қараған жөн. Жеке бас гигиенасына үйретіп, баланы жиі құшақтап, жақсы көретінімізді айту да иммунитетті көтереді.

— Ел ішінде пандемияның екінші легі балалар арасында тарайды деген қорқыныш бар. Бұл қаншалықты рас?

 — Дерттің жалғасатыны рас. Бірақ, бұл бірыңғай балалар арасында тарайды деген сөз емес. Әдетте күз мезгілінде балалар арасында жүретін ОРВИ-дің жұқпалы ауруға ұласу қаупі бар. Сондықтан балаларды қоғамдық орындардан әлі де алыстау ұстаған жөн. Бұл алдын ала сақтандыру шарасы. Соңғы тәуліктерде ауруханаға жөтел, өкпе қабынумен түсіп жатқан балалар көбеюде. Бала организмінің 85%-ы судан тұрады, сондықтан ересектерге қарағанда жеңіл өтеді. Дегенмен қауіптің алдын алу тікелей өзімізге байланысты. Бұл пандемияның негізгі механизмі – қандағы тромбтарды көбейтіп, ұйыту. Бастапқыда жеңіл көрінгенімен, арты кавасаки синдромына апаруы әбден мүмкін. Әсіресе денсаулығына байланысты тіркеуде тұрған, созылмалы дерті бар балалардың ата-аналары сақтандыру шараларын күшейткені дұрыс.

— Балаларға екпе салдыру организмнің аурумен күресуіне қаншалықты жәрдемдеседі? Қоғамда екпе салудан бас тартатын ата-аналар көбеймесе, азаяр емес, бұл қаншалықты дұрыс немесе бұрыс?

— Жыл өткен сайын бұл актуальды тақырыпқа айналып барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын үй-үйді аралап, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екпе салуға мәжбүрлейтінбіз. Ал, соңғы заң бойынша қазір әркімнің өз еркінде. Алайда менің балаға қатты жаным ашиды. Ол ертең бақшаға, мектепке, жұмысқа баратын қоғамның бір мүшесі. Сонда организмі неше түрлі микробтармен қалай күреседі? Ата-аналардың сенімдерінің азаюына интернетте таралған жалған видеолардың да әсері көп. Бекболат Тілеухан ағамыздың екпеден сал болып қалған бала туралы айтқаны да негізсіз дер едім.  Кез келген бала туылғанда бес айға дейін невропотологтар сал ауруының белгілерін анықтай алмайды. ДЦП ешқашан екпеден пайда болмайды, ол тек туа бітті беріледі. Халыққа «қараңғы болмаңыздаршы!» деп жалынғым келеді кейде. Балаға екпе салдыру өте маңызды. Бұл болашақта болуы мүмкін жұқпалы аурулар мен түрлі инфекцияларға қарсы тұратын ем. Бала туыла сала туберкулезге қарсы салынатын екпенің өзінен бас тартатын ата-аналар бар. Себебін қанша түсіндірсе де келіспейді. Мен өзім алдыма келген 50 пайыз ата-аналарды райынан қайтаруға тырысамын. Маман ретінде айтарым, біздің мемлекет екпенің сапасына өте жіті мән береді. Орта Азияның басқа елдерінде, мәселен, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде арзандау түрлері салынады. Біздің елде салынатын екпелердің сапасы олардан әлдеқайда жоғары.

— Жыл өткен сайын балалар арасында туабітті аурулар көбейіп барады. Бұл ата-ананың салғырттығынан ба әлде басқалай себептері бар ма?

— Иә, әсіресе сал ауруы, таңдайсыз туылу, құлақтың естімеуі, жүрек аурулары, бас ауруы т.б. Мұның бәрі жүктілікті жоспарламай бала туудан басталады. Әйел организмі дайын болмай жатып тәуекел ету, жыл сайын бала көтеру әлсіздікке, дәрумендер жетіспеушілігіне әкеледі. Әйел біреуге өмір сыйлау үшін өзінде ресурс жеткілікті деңгейде ме, соған көз жеткізуі керек. Осы салғырттықтан қаншама жан перзенттің обалына қалып жатыр. Жүктілікке дейін үш ай бұрын әйел фолий қышқылын үзбей ішуі тиіс. Ал, біздің әйелдер жүктілік кезінде де ішпейді. Аналар сау бала туылу үшін иммунитетін көтеруге жіті көңіл бөлуі өте маңызды. Жүктіліктегі алғашқы үш айда бала организмі толық қалыптасады. Осы үш айда денсаулығы жақсы ана тұмау болмауға, күйзеліске түспеуге тырысса бала органдары да жақсы дамиды деген сөз. Ал екінші бір себебі экологиялық факторлар. Дегенмен біздің қаланың экологиялық жағдайы сау баланы дүниеге әкелуге аса кедергі емес.

— Шыны керек, қазір дәрі-дәрмек, түрлі витаминдер ұсынатын фирмалар көп. Ата-аналар осылардың ішінен сапалысын қалай анықтайды? Расында қай дәрумендер бала ағзасына пайдалы?

— Олардың бір-бірінен айырмашылығы әрине, сапасында. Өзім пациенттеріме «Сановит», «Алфавит» секілді дәрумендерді ұсынамын. Бұған дейін балаларыма дәріхана дәрумендерін пайдалансам, соңғы екі жылдан бері швециялық технологиямен өндірілетін «Welness pack» витаминдер жиынтығын үзбей беріп келемін. Нәтижесін байқаған соң өзімнің күрделі дерті бар науқастарыма да ұсынып жүрмін. Бұл жиынтықтың авторы атақты Нобель сыйлығының иегері, хирург Стиг Стен. Алғашында жүрек, өкпе аурулары бар науқастарға арнап шығарған. Бірақ қазір әлемнің көптеген адамдары пайдалануда. Әсіресе аллергиясы бар, тез шаршайтын, қаны аз  балалар тұрақты пайдаланса сөзсіз көмегі тиеді. Бала ағзасына өте қажет витаминдердің тағы бір түрі «Омега 3». Оның да түрі көп. Мен арнайы апельсин дәмімен даярланған «Welness pack» омегасын ұсынар едім. Көп ата-ана омеганы май деп санап, балаға беруге жүрексінеді. Бұл тез сіңірілетін балық майы. Омеганы пайдаланған баланың миы өте белсенді жұмыс жасайды. Логикасын, сабаққа деген ынтасын арттырады. Әдетте оқушылар мектепте үш-төрт сабақ өткен соң шаршап, ұйқылары келеді. Сабақтың соңына дейін энергиялары азаяды. Егер бала тұрақты түрде омега қабылдаса мидағы оттегі тасымалы еркін айналып, күні бойы өзін сергек сезінеді. Оның тағы бір пайдасы 5-6 жаста түскен сүт тістерінің орнына сау, түзу, әдемі тістердің шығуын қамтамасыз етеді. Көзге де тигізер оң әсері мол. Әсіресе, онлайн сабақ оқып, күні бойы теледидар мен смартфонға үңілген балаңызға таңғы уақытта бір мезгіл «Омега 3» ішкізсеңіз, жанар саулығының кепілі. Сонымен бірге қыз өсіріп отырған аналарға ескертерім, омега майы әйел органдарында кездесетін қатерлі ісік ауруларының алдын алады. Сондықтан осы бастан бала денсаулығына жіті көңіл бөліңіздер дегім келеді.

— Біздің кішкентай оқырмандарға денсаулық күтімі туралы қандай кеңес айтасыз?

— Карантин режимі қанша жеңілдетілгенімен, балалар әлі де қоғамдық орындардан шектеле тұрғаны жөн. Ата-аналарға айтарым, балаларды үйде ұстаңыздар. Аса қажет болмаса бақшаға жіберуден де бас тарта тұрыңыздар. Балалар, жеміс-жидек пен дәрумендерді молынан жеңдер. Қолдарынды жиі жуып, жылы киінуді ұмытпаңдар.

 — Балалар дәрігері болу кішкентай күнгі арманыңыз ба? Болашақ дәрігерлерге бұл мамандықтың ерекшелігі туралы айтып өтсеңіз?

— Менің әкем ауылда тіс дәрігері еді. Үйдің тұңғышы мен дүниеге келгенде әкем «ізімді жалғайтын дәрігер қызым келді» деп қатты қуанған екен. Содан бойжеткенше анам екеуі маған «атақты дәрігер боласың» деп көп үміт артты. Алайда менің ішкі үнім музыка, өнер дейтін. Мектеп бітіргенде сол кісілерді тыңдап, барынша үміттерін ақтау үшін жақсы оқыдым. Бұл мамандықты таңдағаныма бірде-бір рет өкінген емеспін. Бір үйге бір дәрігер керек демекші, отбасымда да балаларымның денсаулығы өз қолымда.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК