«ӘР КЕЛІН ДАНА БОЛМАСА ДА, ДАРА БОЛСА ДЕЙМІН»

Нұрзина ТӨРЕХАНОВА:

«Дара келін – 2019» жобасының ұйымдастырушысы.

Диктор-журналист, үздік SMM маманы.

Кумирі: Әкесі мен анасы.

Сүйікті кітабы: А.Әшімов «Майраның әні», З.Ахметова «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты».

Сүйікті ісі: Дәмді тағамдармен отбасын қуанту, фильм қарау.

Сүйікті тағамы: Наурыз көже.

Сүйікті мерекесі: Әз-Наурыз.

 

Бүгінгі қазақ келіні тек бесік тербетіп, барған жерінің қас-қабағын бағып қоймай, жеке тұлға ретінде дамуы қажет. Өйткені ұлтымыздың дана жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі «Қазақ, мешел болып қалам демесең, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» дейді. Көзі ашық, көкірек санасы ояу, жан-жақты дамыған ана ұрпағына да салауатты өмір кілтін табыстары шүбәсіз. «Дара келін» жобасының басты мақсаты да осы.

— Нұрзина ханым, «Дара келін» жобасын қолға алуыңызға не түрткі болды? Іс-шараның ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз?

 

– Мақсатымыз отбасы институтын дамыту, жанұя құндылығын дәріптеу. Келіндер өзара шығармашылық, өнері мен білімі арқылы сайыса отырып, қоғамға оң ықпал етіп, өнеге көрсетсе деген ізгі тілек.

Жобаның ерекшелігіне тоқталсам, аналардың мемлекет саясатын қолдап, елде тыныштық, татулық пен бірлікке үлес қосуына ықпал ету. Митинг, жұмыссыздық арқылы туындайтын басқа да түрлі наразылықтардың алдын алу. Аналарға мемлекеттің әлеуметтік қолдауын жан-жақты түсіндіріп, интернет желісі арқылы табыс табу мүмкіндігі барына ынталандыру.

– Жеңімпаздарды қалай таңдадыңыздар? Жоба алдағы уақытта жалғасын табады ма?

– Бұл – Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын 100-ге жуық жас келіндердің қатысуымен өткізілген шара. Сайыста тек он келін бақ сынасты. Елуге тарта келін отбасымен тамашалап, қолдау білдірді. Сайыскерлердің ешқайсын бөліп жармаймын. Бәрі де бір үйдің тірлігін дөңгелетіп, берекесін арттырып отырған жас аналар. Байқауға арнайы дайындаған қолөнер бұйымдары мен тәтті тағамдарынан ісмерліктері аңғарылады. Сахнада көрсеткен өнерлері жан-жақты екендіктерінің дәлелі. Сонымен қатар бұл келіндер инстаграм әлеуметтік желісінде де танымал. Десе де, әрқайсын өз ерекшеліктеріне қарай бағалауды жөн көрдік. Бас жүлдеге Қазығұрт ауданынан келген Салтанат Абдуxамидова ие болды. Бірінші орын Өмірова Гүлжаухар,екінші орын Айтжанова Альбина, үшінші орынға Камшат Әбдіхалық лайық деп танылды. Жолымбетова Айнұр «Өнерлі келін», Жақсылықова Қазине «Дана келін», Қалтаева Мөлдір «Парасатты келін», Рысқұлбекова Гүлнұр «Шебер келін», Құрман Балжан «Инабатты келін», Гүлдана Қоңыратбаева «Білімді келін» номинацияларын иеленді. Қатысушылардың барлығы сыйлықсыз қайтқан жоқ. Ал ісмер келін Әйгерім Ережептің қолынан шыққан шашақты орамалдарды» орамал тон болмайды, жол болады» деген жоралғымен қазылар алқасы мүшелерінің иығына жаптық.

Келіндер «Дара келін» жобасының жылда жалғасын тапқанын қалайды. Егер мемлекет тарапынан қолдау, кәсіпкерлер демеуші болып жатса неге ауқымын кеңейтпеске? Шарамыздың демеушісі жоқ, коммерциялық жоба емес екенін айтқым келеді. Бұл тек қоғамға идеологиялық тұрғыда пайдасы тисе деп, жүректен шыққан шынайы жоба.

– Бүгінгі келіндер дәстүрлі құндылықтар сызығымен ғана жүріп қоймай, бәсекеге қабілетті болуын заманның өзі алға тартып отыр. Сіздің ойыңыздағы заманауи келіннің образы қандай?

– Менің көкейімдегі актуальды сауалды қойдыңыз. Иә, келіндер байқауы деген сөз сол баяғы қосетек көйлек, шашақты орамалмен жүру емес. Үнемі классикалық әдебиеттер мен кинодағы келін табиғатына сай жүру де екіталай дүние. Заманауи келін деген қандай? Ол білімді, өнерлі, көзі ашық, ұрпағын дұрыс тәрбиелей білетін келін. Қандай да бір кәсіптің шебері, иесі. Қазір үйде отырып тек бала табатын заман емес, еріне көмектесіп, өзі де дамып, күтініп, жан-жақпен тіл табысып, отбасын айрандай ұйытып алып жүру біздің мойнымызда. Осының бәрі заманауи әйелдің бір бойынан табылуы қажет қасиеттер. Жобаның әуелдегі мақсаты да – бала күтімімен жұмыссыз отырған аналарды өзін-өзі жұмыспен қамтуға үндеу. Әлеуметтік желі арқылы өз парақшасын дамытып, қолынан келетін сүйікті ісін табыс көзіне айналдыруға ынталандыру болатын. Нәтижесі жаман емес. Жас аналар желіде парақшаларын дамытып, блогер атанып, түрлі қолөнерлерін оқырмандарға жарнамалауда. Әр келін дана болмаса да, дара болуы тиіс, – деп ойлаймын.

– Өзіңіз қандай келінсіз? Келген жұртыңыздың көңілінен қалай шықтыңыз? Өмірлік тәжірибелеріңізбен бөлісе отырсаңыз…

– Мен отбасында үлкен келінмін. Қарашаңырақта қайным тұрады. Отбасы институтының алғашқы үлгісін ең алдымен әкем мен анамның қарым-қатынасына қарап қалыптастырдым. Қыз өз ұясынан ұшқан соң мүлде өзге қағидаларды ұстанатын босағаны аттайды. Міне, сол кезде түрлі кедергілермен бетпе-бет келеді. Осы жерде ата мен ененің даналығы үлкен рөл ойнайды. Егер де жас келінді жетелеп, мақтай жүріп тәрбиелесе келін де жақсы көріп, сіңісіп кетеді. Кез келген қыз сияқты менің де барған жеріме бейімделуіме біраз уақыт кетті. Сол кезде кітап үлкен көмекшіме айналды. Отбасылық қарым-қатынас, үлкендермен тіл табысу, ер мен әйел психологиясы секілді тақырыптарда іздендім. Тәжірибесі мол құрбыларымды тыңдадым. Ешкімнен ештеңе күтпей, қадамды өзім жасадым. Күрделі ситуациялардан сыйымды сақтай отырып, әдемі өтуді меңгердім. Мұның бәрі өзімді үздіксіз дамытуымның арқасы деп ойлаймын.

Бағыма орай, енем өте сабырлы, ақылды жан боп жолықты. Ол кісі үшін ең бастысы отбасындағы үйлесім. Қашанда күліп жүруге тырысады. Кез келген келін аттаған босағасына жақсы ниетпен келеді. Ата-енесі соны бағалап, дер кезінде қолдаса ешқандай мәселе болмас еді.

– Керемет! Нақты қандай кітаптар көмектесті? Оқырмандарға пайдасы тиер деген оймен сұрап отырмын…

– Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптарында келтіретін қазақ келінінің міндеттері, үлгісі өте қатты ұнады. Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні» кітабынан да нағыз отбасылық үйлесімнің өнегесін үйрендім. Өмірден өткен жары Майраның әйелге тән барлық мінезін тізіп, суреттеп, айшықтап жазған. Жастайымнан оқыған қазақ классиктерінің, шет ел жазушыларының көркем әдебиеттері де көп пайдасын тигізді. Жалпы осы өмірде қандай да бір жетістікке жетсем алдымен парасатты ата-анамның және осы баға жетпес құнды кітаптардың арқасы. Артымнан ерген, ертең бір шаңырақтың шегесі болатын сіңлілеріме де кітаппен дос болуға кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рақмет! «Дара келін» өміршең жоба болуына тілектеспін!

 

Сұхбаттасқан

 

 

«Дара келін» жобасына қатысушылардың пікір, лебізі:

Салтанат АБДУХАМИДОВА,

бас жүлде иегері.

Қазығұрт ауданы:

— «Дара келін» сайысы тамаша өтті. Бұл сайыс менің жаңа өмірге қадамым деп білемін. Менің екінші тынысымды ашқандай. Ошақ қасы, отбасы деп үйде отырған келіннің ішкі әлемін, талантын, өнерін, білімін, қолөнерін сыртқа шығарып, елге паш етуіне үлкен мүмкіндік берді. Өзіме деген бағамды арттырды, сенімімді күшейтті, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Бас жүлдені ұтып алу мен үшін Алладан бұйырған бақ. Ұйымдастырушыларға, мені қолдаған ата-ене, отбасыма алғысым шексіз.

 

Мөлдір ҚАЛТАЕВА,

«Парасатты келін» номинациясының иегері.

Түлкібас ауданы:

Үйде бала күтімімен отырып, қоғамнан да сырт қалғымыз келмейді. Бұл жоба келіндерге өз талантын көрсетуге жол ашты.

Өзімнің шағын кәсібім бар. Осы кәсібімді елге көрсетуге, инстаграм желісінде жарнамалауға мүмкіндік берді. Үйде отырып та дамып, кәсіппен айналысып қаржы табуға болатынын жобаға қатысқан келіндер дәлелдеді. Күйбең тірліктен алыстай алмай жүрген келіндерге үлкен мотивация дер едім.

 

Маржан ШЫРЫНБЕК, жанкүйер.

Шымкент қаласы:

«Дара келін» жобасы үйде отырған жас аналардың іште булығып жатқан өнерлерін паш етуге, сонымен қатар өзінің қоғамдағы орнын екшелеуге мүмкіндік беретін жоба.

Қатысқан аналардың барлығы өте өнерлі, сонымен қатар әлеуметтік желіде имидждерін қалыптастырып, заманның ағымынан қалмай өздерін дамытып жүр. Мен іс-шараға қатыспасам да басы-қасында болып, қыздарға қолдау көрсетіп, сергіту сәтінде ән шырқадым. Жоба жалғасын тауып жатса, қатысамын деген ниеттемін.

 

Қазине ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

«Дана келін» номинациясының иегері.

Қызылорда облысы:

«Дара келін» жобасы маған үлкен жауапкершілік арқалатты. Аллаға шүкір, үлкен дәрежеде өтті. Бұл шара менің өмірге деген құлшынысымды арттырды, дамуыма түрткі болды. Қаншама аяулы келіндермен танысып, дос болдым. Бір-бірімізге қандай бастамада болмасын қолдау көрсетіп отырамыз. Қаншама ананың жолын ашуға себепкер болған Нұрзина ханымға алғысым шексіз.

 

Гүлдана ҚОҢЫРАТБАЕВА,

«Білімді келін» номинациясының иегері.

Қазығұрт ауданы:

— Мен кітапханашы болып жұмыс істеймін. «Дара келін» сайысында бағымды сынап, көптеген таныстар таптым. Қатысқаныма қуаныштымын. Мол тәжірибе жинадым. Енем сауған сүттен жасалған ауылдың құрт, айран, сүт, майын апарып таныстырдым. Қазіргі кезде көп келіндер енелерін жамандап, жек көріп жатады. Аллаға шүкір, енем мені әрқашан қолдайды. Байқауға өзі ақ батасын беріп шығарып салды. Бес келіннің бір үйде басын қосып, тату-тәтті еншілеген мықты әйел. Ұйымдастырушыларға және сол кісіге рақмет айтамын.