«ОНЛАЙН ӘЛЕМ КІТАП САУДАСЫН БӘСЕҢДЕТПЕЙДІ»

Он жылдан бері нарықтан өз орнын ойып алған «Foliant» баспасы жылжымалы көрме-жәрмеңкесін өткізуде.  Бұған дейін Астана, Алматы қалаларында игі іске мұрындық болған баспа қызметкерлері ендігі жерде Шымкент қаласындағы «Отырар» кітапханасының алдына өз шатырын тікті. Шара 30 қыркүйек пен 4 қазан аралығында жалғасын таппақ. Назарларыңызға «Фолиант» баспасының редакторы Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫмен болған жедел сұхбатты ұсынамыз.

 

— Қабиден аға, қаламызға қош келдіңіздер! Жәрмеңкенің мақсатына кеңірек тоқталып өтсеңіз…

— Рақмет! Бәріңізге белгілі, биыл Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл. Бүкіл республика бойынша әлем классигінің өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында мыңдаған шаралар өтуде. Бұл жәрмеңке де соның бір тармағы. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» демекші, қазақ халқы үшін оқу мен Абай сөзі мәндес ұғым. Осы қайталанбас мерейлі датаны пайдалана отырып, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру – басты мақсатымыз.

— Бұған дейін еліміздегі екі ірі қалада болыпсыздар. Үшінші мегаполис халқының белсенділігіне салыстырмалы түрде қандай баға бересіз?

— Иә, карантин уақытында да біз толық талаптарды сақтай отырып жәрмеңке өткіздік. Астана, Алматы қалалаларында қанша дегенмен халық көп. Белсенділік те қарқынды болған. Күнгей өлкеге келгеніміз кеше. Әлі алда үш күніміз бар. Халықтың қарасы үзілген жоқ. Десе де, салыстырмалы түрде алдыңғы қалалардан бәсеңдеу. Бәлкім, жарнамамыз аз жүріп, көпшілік естімей қалған болар. Жалпы, біз арнайы сұраныс жіберген өңірлерге ғана барамыз. Әлеуметтік желілер арқылы кітаптарымызды қолжетімді бағада сұраған оқырмандардың өтінішімен және жергілікті мәдени мекемелерден ресми хаттар көп түскен соң Шымқалаға арнайы ат басын бұрдық. Алдағы уақытта басқа өңірлерден де осындай өтініштер түссе баруға дайынбыз. Біз қашанда оқырман үшін жұмыс істейміз.

— Жәрмеңкедегі кітаптардың бағасы қаншалықты қалтаға қонымды?

— «Фолиант» баспасының кітап қоры өте бай, ауқымдылығымен ерекшеленеді. Шет ел әдебиеті, энциклопедиялық кітаптар, танымал бестселлерлер, балалар әдебиеті, ғылыми кітаптардың бәрі мүмкіндігінше қолжетімді бағада сатылуда. Мәселен, балаларға арналған шағын кітаптар суреті көп, сөзі аз болғандықтан 100 теңгеден сатылады. 2 500 теңгелік энциклопедиялар жеңілдікпен 1 000 теңгеге бағалануда. Ең қымбат кітаптарымыз 5-6 мың теңге.

— Қандай кітаптарға сұраныс көп?

— Жастар арасында Нобель сыйлығы иегерлерінің, әлемдік деңгейдегі танымал авторлардың кітаптарына сұраныс көп. Ересектер ғылыми, әдеби, тарихи кітаптарды көп алады. Айта кету керек, баспа қоры сирек кездесетін, бірақ сұранысқа ие ғылыми, тарихи кітаптармен жиі толықтырылады.

— Қазіргі нарықта баспа ісі, кітап сатумен айналысу тиімді ме? Жаппай онлайн жүйеге көшудің баспа ісіне тигізетін әсері туралы не айтасыз?

— Сұрақ өте өзекті. «Фолиант» баспасының он жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқаны – нарықты жақсы игергенінің дәлелі. Расымен, соңғы бес жылда онлайн жүйе біз ойлағаннан да қарқынды қарыштады. Бірақ біз бұған проблема деп емес, мүмкіндік ретінде қарап, икемделе алдық. Онлайн әлем кітап саудасын бәсеңдетпейді. Кітапсүйер қауым біледі, қолға алып, парақтап отырып оқыған кітаптың әсері тым бөлек. Кітаптың қасиеті де сонда деп ойлаймын. Біз үнемі жазушылар мен әдебиетшілермен кеңесіп, сұраныстағы кітаптардың сөреден табылуына аса мән береміз. Жастар арасында сауалнама, байланысты үзбейміз. Қазіргі таңда инстаграм әлеуметтік желісіндегі бірнеше парақшаларымыздың өзінде 15 мыңға жуық оқырманымыз бар. Кез келген қалаға жеткізіп беру, кітап иллюстрацияларының көркемдігі, заманға сай басқа да жедел қызмет түрлеріне толық бейімделіп отырғандықтан баспа ісінде бәсеңдік байқалмайды.

— Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК.


 

Оқырман пікірі:

 

Набира ЖҮЗБАЕВА,

Білім саласы қызметкерлері

«Қамқорлық» қауымдастығының төрайымы.

Шымкент қаласының Құрметті азаматы.

 — «Отырар» кітапханасынан шыққаным сол еді, жәрмеңке-көрме өтіп жатқанын байқадым. Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген жәрмеңке нағыз жастарға пайдалы шара. Келіп көрсеңіздер, өкінбейсіздер. Өте керемет кітаптар сатылуда. Бес күн ішінде керектеріңізді алып үлгеріңіздер. Өзім міне, бағалары да ұнап немерелеріме бір дорба кітап сатып алдым.


Ұлжамал ҮСЕНОВА

қала тұрғыны, кітапханашы.

— Мен өзім кітапханашы болғандықтан, бағаларынан хабарым бар. Жәрмеңкеде расымен арзандатылып сатылуда. Құнды-құнды,тарихи, әдеби, шетел, балалар әдебиетінің мол қоржынын көріп таң қалдым Интернет желісінде 4-5 мың деп тұрған кітаптарды бүгін жолым болып, мың теңгеге алдым. Кітапсүйер қауымның қарасын көбейту бүгінгі күннің өзекті проблемасы. Егер осындай шаралар жиі-жиі ұйымдастырылып, сұраныстағы кітаптарды қалтаға қонымды бағада берсе оқырман санын да арттырар едік деп ойлаймын.

 


Ақмейірім АЗАМАТҚЫЗЫ,

Қала тұрғыны, жас ана.

— Әлеуметтік желіден кітап көрмесі өтетінін біле сала, осы күнді асыға күттім. Үйде екі баламен отырған жас ана болсам да, отбасымызбен келіп кітап таңдап жүрміз. Балаларға арналған кітаптар көзтартарлық әрі тиімді бағада екен. Бірнешеуін алдым. Сонымен бірге жастар арасында өте танымал түрік жазушысы Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» кітабына қол жеткіздім. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

2 Пікір

  1. Айназат says

    Ертең баруға тырысамын. Балалар кітабы өте қажет бізге.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.