«КЕЛІНЖАН – 2» КӨРЕРМЕНІМЕН ҚАУЫШТЫ

Көрермен қауым көптен сарыла күткен «Келінжан-2» телесериалы 5-қазаннан бастап  республикалық «Хабар» арнасынан көрсетілуде. Естеріңізде болса фильмнің алғашқы маусымы 2019 жылдың басында жарық көріп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді. «You Tube» желісінде ең көп қаралыммен көш бастаған сериал көршілес елдердің де көзайымына айналды. Тіпті жалғасын түсіруді өтінушілер саны күннен күнге артты. Араға біраз уақыт  салып, биылғы жазда режиссер Гүлнұр Мамасарипова өзінің инстаграм парақшасында оқырмандарынан сүйінші сұраған болатын. «Келінжан -2» менің тәжірибемдегі ең күрделі дүние ретінде есімде қалды. Әсіресе моральдық тұрғыда. Маған көп көрермен «осы киноңызды күтіп жүрміз»  деп жазды. Әсіресе «атам, әжем күтіп жүр» дейтіндер өте көп. Күзде экранға шығады. Алла қаласа» деген режиссер оқырмандарына түсірілім алаңынан үзінділер салып отыруды да ұмытпады.

Қарапайым ауыл тұрмысын боямасыз жеткізген сериал көрерменін шынайылығымен бірден баурап алды. Қарашаңырақтағы қарт ананың қолында тұратын үш ағайынды мен абысындардың тұрмысын бейнелеген туындының актерлық құрамы да осал емес. Жуас мұғалім Қылышбек пен азулы жары Айсара, махаббаттары мұңға айналған Мәдібек пен Балқия, кенже ұл мен ерке келін Асылымның образдары бүгінгі қоғамның бет-бейнесі. Көркем туындыда қарттың жалғыздығы, бөлек шығуға асыққан келіндер, ағайындар арасындағы бәсеке комедия-драмалық тәсілдермен шебер жеткізілген. Сериал сонысымен де жүректерден орын алды. Жаңа маусымда бұл құрам Жұлдыз Абдукаримова бастаған бірнеше танымал әртістермен толықты. Алдағы уақытта оқиғалар одан әрі өрбіп, шытырманға ұласатын сыңайлы. Ендеше күнделікті 16.10-да «Хабар» арнасын қосуды ұмытпаңыз!

Марғұлан Райымбек.