БАЛА УИНСТОН

Уинстон Леонард Спенсер Черчилль жас кезінде қаһарман болуды армандайтын. Ол көптің күткенінен де, бәлкім, өзінің ойлағанынан да асып түсті.

Черчилль өз заманынан озық туған. Қандай жолмен жетуге болатынына бас қатырмастан жеңіс пен даңққа құштар болған жас кезінде-ақ оны айналасындағылар қалыпты нәрселерді бұзушы ретінде қабылдаған еді. Ол кәдімгі ақсүйектерге  ұқсамайтын, қай кезде де ағылшын қоғамына сіңісті емес батыл амал-тәсілдерді қолданатын.

Уинстон Черчилль қоғамда жоғары дәрежеге ие отбасында дүниеге келген. Бірақ, өзінің айтуынша, балалық шағы соншалықты бақытты болмаған.

Ол 1874 жылы 30 қарашада өзінің атасы, Мальбораның жетінші герцогі Джон Уинстон Спенсер Черчилльге тиесілі Бленхейм сарайында екі ай мерзімінен ерте дүниеге келген. Бленхейм сарайы Вудстоктан алыс емес жерде 1700 жылдардың басында салынған. Бұл Англиядағы ең ғаламат құрылыстардың бірі саналды. Оның үлкен залының төбесінен – Черчилльдің бабасы, талай соғыста жауын тізе бүктірген бірінші герцог Мальбораның суреті көз тартады. Уинстон Черчилльдің дүниеге келгені туралы 1874 жылы «The Times» газетінде хабарланған. Бұл хабарлама басқа хабарламалар секілді елеусіз емес, колонканың бас жағына берілген. Бұл отбасының жоғары дәрежесін көрсететін еді.

Әкесі лорд Рэндольф саясаттан қолы босамайтын, балаларымен қарым-қатынасы ауырлау адам болды. Уинстонның анасы Дженни Рэндольф те баласына ерекше мейірімді ана болмаған. Кейін Черчилльдің өзі «әке мен баланың арасындағы тұңғиық қатынас» деп еске алған осындай жағдай викториан дәуірінен бергі ақсүйектер әулетіне тән болатын. Балалар ата-аналары үшін аяққа оралғы есебінде қабылданып, көбіне бала күтушінің қамқорлығында болды. Черчилль кейін өз анасы туралы былай деп жазды: «Ол мен үшін жұлдыз секілді жарқырап көрінетін. Бірақ мен оны алыстан ғана жақсы көре алатын едім». Дженни Рэндольф – өте әдемі, ақсүйектер қоғамында ерекше беделге ие болған. Оның жарқыраған ақсүйектік өмірі көбіне көпшіліктің ортасында әр түрлі басқосу, жиындармен өткен, бұл оның ұлдарының тәрбиесімен айналысуына кедергі жасаған. Сол замандағы зиялы отбасында туған басқа ұлдар секілді Черчилль де өзінің тәрбиешісі және күтушісі болған миссис Элизабет Эверестке жақын, өте жылы қарым-қатынаста болған.

Ақсүйек отбасының алты-жеті жасқа толған балалары пансион-мектептерге оқуға жіберілетін. Ата-анасының мейіріміне толық қанбаған ұл жеті жасында арнайы мамандандырылған мектепке барған. Уинстон 1882 жылы алғаш рет Беркширдегі Аскот қасындағы Сент-Джордж мектебінің табалдырығын аттады. Кейін ол бұл жерді үрей мен азап орны етіп суреттеді. Сент-Джордж мектебінің ұлдары үнемі дүре соғу жазасынан қорқумен жүретін. Бұл мектеп өзінің қаталдығымен ерекшеленген, тәрбие әдісі дене жарақатын салып, жазалауға дейін баратын қатал тәртіпке негізделген мектеп болатын. Ұлдар мектепте өздерін жалғыз әрі бейшара сезініп, ата-аналары келіп алып кетсе деп безек қағумен болған. Уинстонның өзі де талай рет анасы Дженниден келіп тұруын өтінгенімен, ол ұлды қалай мектепке әкеліп тастаса, сол күйі төбе көрсетпеген. Тек жасы жиырмаға келіп, Сандхерст Корольдік әскери училищесіне оқуға түскенде барып ол үшін осынау көңілсіз кезең аяқталған еді.

Сабақ үлгерімі өте төмен болғандықтан Уинстон сыныптаға 11 оқушының ішінде ең артта қалған, қабілетсізі саналатын. Сонымен бірге сабақтан кешіге беретіні де бар, «өзгелер үшін үнемі қолайсыздық тудыратын және … айқай-шуға қалады. Ол еш жерде, еш уақытта өзін жақсы ұстай алмайды» деген баға берілген еді оған. Кейінірек Черчилль: «Мен расында үлкен кісілер қиын бала деп ойлайтындай едім», – деп қысқа қайырды.

Уинстонды денсаулығы мықты, шымыр деуге болмайтын. Кеудесі қушық, дене тұрқы да нәзік, тіпті өскен кезде де бойы 1 м 67 см-ден аспаған. Оның ең бір тартымды жері көз жанары болатын – үнемі күлімдеп, сотқарлықтың ұшқыны байқалып тұратын. Бірақ бор секілді бозарған жүзі оны әлжуаз, ауру секілді көрсететін. Ол үнемі ауыра беретін, балалар ауыратын аурудың барлық түрімен ауырып шыққан. 1884 жылы отбасылық дәрігер баланы теңіз жағасының ауасымен тыныстаса, өзін жақсы сезінер еді деген ұсыныс айтады. Ата-анасы дәрігер сөзіне құлақ асып, Уинстонның қуанышына орай оны Сент-Джордж мектебінен алып, миссис Томсон басқаратын Брайтон мектебіне орналастырады. Уинстонның сабақ үлгерімі оның ең соңғы партада бұғып отыратын бұрынғы жылдарына қарағанда айтарлықтай жақсарды. 1887 жылы қарашада 13 жасқа толып, Британияның ең танымал, сонымен бірге байырғы мемлекеттік мектебі саналатын Харроуға ауысар кезде ол біршама жақсы нәтиже көрсетті. Апалы-сіңілі Томсондар мектебінде ағылшын тарихынан, алгебрадан, ежелгі тарих пен Библия тарихынан өткен емтихан қорытындысында бірінші болып, ал география мен арифметикадан емтихан көрсеткішінде екінші болып тұрды. Уинстонның грек тілі де жақсарып, мектептегі ағылшын тілі мен жазудан екі рет арнайы сыйлыққа ие болды. «Мұғалімдерім мені басқалардан қабілеті төмен, дұрыс дамымаған деп есептейтін – тіпті кітаптың өзін оқығанда сыныптағы ең нашар оқитын оқушы қатарынан саналатынмын. Олар тіпті мен үшін қорланатын. Олардың мені мәжбүрлеуге шамалары молынан жететін, бірақ мен де қасарысып қалатынмын. Менің қызығушылығым, қиялым мен қабілетім есепке алынбаған жерде мен оқи алмаушы едім» дейді Черчилль кейін өз аузымен. Осы кезеңдерде сирек те болса әкелік қызығушылық танытып, лорд Рэндольф Брайтонға әдейі келіп, Уинстонмен шай ішіп жүрді. Мұндай сәттерде баланың төбесі көкке жете жаздайтын.

Көп ұзамай ол Харроуға емтиханды өте жақсы тапсырып, түсіп кетті. Бұл 1888 жыл еді…

 

(Жалғасы бар)

Үзінді «Черчилль. Ерекше тағдыр…»

 жарқын белестер кітабынан алынды.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.