«МАҚСАТЫМА ЖЕТУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕН БАС ТАРТТЫМ»

Ардақты ақсақал, абыз қария Әдіһам Шілтерханов бір сөзінде «Жас тәуекелшіл, қарт тәубешіл» деп еді. Мақсатқа жету жолында тәуекелге бел буып, тау бұзып, тас жаратын қайратты жастардан күтеріміз көп. Еліміздің дамуына серпін беріп, экономикасын ілгерілететін де осылар. Бұйырған тұстағы бұрышқа қанағат етпей, өз кетігіне кірпіш болып қалануды көксеп, сол жолда күші мен терін төккен замандастарымыздан алар үлгіміз көп-ақ.

Перизат мектепті де, жоғарғы оқуды да үздік бітірген, әкімдікте жұмыс істейтін мақтаулы мемлекеттік қызметкер еді. Бірақ, бір күнде бәріне қолды бір сілтеді. Жайлы жер, қызметтік өсу баспалдағын тәрк етті. Жеке кәсібін ашты. Дәмді тағамдары, тәтті пісірмелері қала халқына «Ыстық қасық» деген атаумен таныла бастады. Бүгінгі кәсіп ашайын десе қорқақтап, танымы жеткен жерге тәуекелі жетпей жүрген талай жасқа ой тастаса деген ниетпен Перизатты біз де әңгімеге тарттық.

— Перизат, сіздің өз мақсатыңыз жолында әкімдіктегі жұмысыңыздан, тұрақты айлығыңыздан бас тартқаныңызды білеміз. Мұндай тәуекелге не итермеледі?

— Әр адамның алдына қойған мақсаты болады. Мемлекеттік қызметте дамимын деген адам қызметтік өсуді алдына мақсат етеді. Менде үлкен мүмкіндіктер болды. Білім мен біліктің арқасында жетістікке жол ашылды. Қызметтік баспалдақ әне-міне көтерілгелі тұрғанда мен оп-оңай бас тарттым. Бұл менің көңілім қалаған, жаным жайлылықта болатын жұмыс емес екенін түсіндім. Себебі,  бір айлыққа қарап, қағазбастылықпен отырудан да ауқымды жұмыстарды игере алатыныма сендім. Бала күнімнен, мектеп қабырғасында мұғалімдерден, жақындарымнан «Сенің қолыңнан көп нәрсе келеді» деген сөздерін үнемі естіп өстім. Санамда қалған сол сөздер мені алдыға жетеледі. Мемлекеттік қызметтен кеткен соң бірден өз ісімді бастап кеттім. Негізгі мақсатым — жеке бизнес ашу болды. «Қандай істі бастасам болады?» деп ойланып жүрдім. Іздене келе «Хоббиді мақсатқа айналдыру», «Хоббиді ақшаға айналдыру» жөнінде оқи бастадым.Осылай «Ыстық қасық» дүниеге келді.

— Алғашқы баспалдақтар, кәсіпті жүргізу жолында кездескен кедергілер болды ма? Қалай жеңдіңіз?

— Кез-келген істі бастай салып бәрі керемет болып кетпейді, кедергілер менде де кездесті. Үнемі кедергілермен күресіп, оны жеңу де адамды шыңдайды. Менің ең алғашқы кедергім — клиентпен арадағы жол байланысы, жол қатынасы болды. Кедергіні тамырымен жойып тастауға болмас, бірақ оны жақсы нәрсемен алмастыруға болады.

— Бүгінде өзіңізді мақсатыма жеттім деп есептейсіз бе, жоқ әлі де ізденіс қажет пе? Алдағы жоспарыңыз қандай?

— Мақсатыма жеттім, болдым, толдым деген адамда даму болмайды. Адам ылғи да мақсатпен өмір сүру керек. «Бірінші мына межеге жетсем, сосын мына биікті бағындырсам» деген ой ғана адамды алдыға жетелейді, өмірге деген құштарлығыңды оятады. Сол сияқты, менің де алдыға қойған жоспарларым өте көп. Қазір кішкене үзіліс болып тұр. Себебі, өзім жаңадан тұрмыс құрған соң уақытыңның барлығын сол жұртыңа арнайсың, келіндік қызметіңді мінсіз атқаруға барыңды саласың. Бизнестен алшақтатып тұрған негізгі кедергі — арақашықтық болып тұр, Шымкент қаласынан тыс жерде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, алдағы уақытта бизнесімді қайта қолға аламын деген ниеттемін.

— Сіз тек шеберлік сабақтарын өткізіп, тәтті пісірмелер пісіріп қана қоймай, бір үйдің тіршілігін ұршықша үйіретініңізді көріп жүрміз. Осындай еңбексүйгіштікке кім баулыды? Өмірде кімді үлгі тұтасыз?

— Менің кондитерлік шеберлігімді шыңдап, бүгінгі жағдайыма жеткізген, бірінші, Алланың арқасы, сосын, Анамның еңбегі мол. Әрине, оған өзімнің еңбексүйгіштігім қосылған соң ғана нәтижеге жеттім деп ойлаймын. Анам да жас күнінде кондитерлік дүкенде кондитер болып қызмет атқарған. Әкем де үлкен қолдау білдіріп, жоқтарымды түгендеп, баратын жеріме жеткізіп тастайтын. Ата-анам — менің қиындықтарымның оңай шешілуіне жәрдемдескен адамдар десем қателеспеймін. Еңбексүйгіштіктен көрген пайдам көп. Ол тек кәсіп бастағанда емес, қазір бір үйдің тіршілігін дөңгелетіп әкеткен мақтаулы келінмін десем болады. Әр түрлі тәтті-дәмдіні пісіріп, көңілдерінен шығып жүрген соң, ылғи ауыздарынан тастамай айтып жүреді, Аллаға шүкір. Өмірде үлгі тұтарым — Анам. Сол кісінің разылығы, батасы мені ылғи қанаттандырып отырады. Алдағы уақытта Шымкент қаласына орнығып, кәсіпті ары қарай одан да жоғары деңгейде жалғастырамыз деп ойлаймын. Жолдасым да қолдайды. «Кәсібіңді келешекте брендке айналдырамыз»  деп қуантып қойғаны бар. Арқа сүйер азаматым қуаттап, қолдап отырса әлі талай белесті бағындырамыз деп сенемін.

— Сұқбатыңызға рақмет. Ойға алған істеріңіз орындалып, «Ыстық қасықтың» абыройы артсын! Кәсібіңіздің тасы өрге домалап, несібеңіз арта берсін!

Әңгімелескен Нұрила Шынәділова.