«ДАМУ» ҚОРЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮНЕМІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН

Бизнесті мемлекеттік қолдау бүгінгі күнде елімізде қарқынды жүргізілуде. Әсіресе шағын кәсібін дамытуға ынталы кісілер үшін мемлекеттен көмек алу қиын шаруа емес. Бұған «Даму» қорының Түркістан облысы бойынша филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында көз жеткіздік.

Кездесу барысында аймақтық директорының орынбасары Елжан Байтанаев Түркістан облысы бойынша «Даму» қорының қаржылық және қаржылық емес қолдау нәтижелері туралы мәлімет берді.

2020 жылдың 9 айында 37 жоба мемлекеттен субсидия алған. «Даму» қоры қаржы бермейді, қаржыны банк береді. Ал «Даму» несиенің пайыздық шығынын жауып береді. Яғни, екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге  14% несие берсе, оның 8%-ын «Даму» қоры, қалған 6%-ды кәсіпкердің өзі төлейді. Осылайша кәсіпкер жеңілдетілген несие алады. Дайын бизнес идеямен келген кәсіпкерге дұрыс бағыт-бағдар беріліп, несие алуға дайын болғанға дейінгі құжаттарды реттеуге мамандар көмектеседі. Ал егер кәсіпкердің бұған дейін несиесі болса, екінші несиені алу үшін табыс көзін растауы қажет.

«Даму» қорының сайтында  170-ке жуық дайын бизнес идеялар бар. Кез келген азамат сайтты ашып, өзіне керек мәліметтерді ала алады.

«Даму» қорының негізгі мақсаты – кәспкерлерді қолдап, көбейту арқылы мемлекет қазынасына түсетін салық көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесе отырып жұмыссыздықты азайту.

 

«Назира и Ко» ЖШС-і қордың көмегімен ауқымын кеңейтіп келе жатқан орталық. Әлеуметтік жобаға жататын бұл мекеме церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды емдеу орталығы. Жобаны «АТФБанк» АҚ «БЖК-2020» бағдарлдамасы бойынша мақұлдады, ал жеткіліксіз кепілзат орнына «Даму» қоры кепілдігін берді.

 

Мекеме басшысы Ондаганова Назира 18 жыл бойы емханада дәрігер болып жұмыс істеген жоғары білімді маман. Соңғы жылдарда сал ауруымен ауыратын балалардың көптігін көрген соң емханада үлкен нәтижеге жете алмайтынын біліп, оңалту орталығын ашуға шешім қабылдаған. Көп балаға көмектесіп, көбірек ата-анаға үміт сыйлауды мақсат еткен ол бірнеше жыл бойы ғимаратты жалға алып жұмыс істеген. Кәсібінің қоғамға пайдасын, кеңейту керек екенін түсінгеннен кейін мемлекеттен қолдауға жүгінген. «Даму» қорының көмегімен өз ғимаратын сатып алған.  Бүгінде 8 адам жұмыс істейтін орталықта 3 жоғары білімді дәрігер, 5 орта білімді медицина мамандары қызмет етіп келеді. Күніне 23-33 баланы қабылдайтын орталық ақылы негізде және қайырымдылық арқылы тегін емшаралар жасайды.

 

Жиһаз шығару кәсібін дамытып, отандық өнімді көбейтуге атсалысып жүрген «Шымкай» ЖШС  фабрикасы да қордың көмегіне жүгінген. Бүгінде орындықтар мен үстелдер шығарып жатқан фабрикада  20 адам жұмыс істейді. Бірақ жұмыс күші әлі де жеткіліксіз, негізі 50 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлымыз,  дейді фабрика басшысы Камилжан Шукуров. Айына 300-500 орындық шығарып отырған фабрика жұмыс күші жеткілікті болса 2000-3000 орындыққа дейін шығаруға мүмкіндігі бар.  Италия, Түркия, Ресей, Қытай елдерінен алынған құрал-жабдықтар корпустық мебельдер мен жұмсақ жиһаздар шығаруға да жарайды. Алдағы уақытта ол жоспарда бар. Орындықтар мен үстелдерді қара ағаш, жаңғақ, қара терек, шынар ағаштарынан жасап жатыр. 12 мың, 15 мың, 18 мың тұратын орындықтар қарапайым халыққа қолжетімді.

 

2003 жылы құрылған «Shugylakitap» баспасы мектепке дейінгі кітаптарды шығарумен айналысып келеді. 2007 жылы Алматы қаласында өткен көрмеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баспаханының кітаптарын ұнатып, қолтаңбасы мен батасын берген екен.

Компания жазушылардың жазған кітаптарына авторлық құқық алады және типографиядан шығаруға тапсырыс береді. Компания басшысы Людмила Крилинская асқан талғампаздықпен, кәсібилікпен жұмыс істейді. Әрбір кітаптың өз оқырманының жас ерекшеліктерін зерттеп, психологиялық ахуалына мән беріп қарайды. Бүгінгі күнде ертегілер, аңыздарды да баспадан шығаруға ден қойған. Үш тілде шығарылып жатқан кітаптардың бояуы, суреттері еріксіз көз тартады. Атақты жазушы Әбілхан Қастеевтің немерелері баспа кітаптарына иллюстрациялар салып беруде. Жалпы, балаларға арналған кітаптарды шығаруға 30 адам атсалысып, жұмыс істеп келеді.

2020 жылы айналым қаражатын толықтыру үшін жоба «БЖК- 2025»  мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында мақұлданды.