БҮГІНГІ ҰСТАЗ БЕДЕЛІ

Ұстаз. Ұлттың тірегі, білімнің жүрегі. Мағжандар «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын — мұғалімдікі» деп қастерлеген, ұлт ұстазы Ыбырай «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені, мұғалім — мектептің жүрегі» деп абыройын асырған Ұстаздардың бүгінгі беделі қай биікте?

Бүгінде мұғалімдер туралы арнайы заң қабылданып, біршама оң өзгерістер орын алуда. Әрине, көңіл қуанады. Десек те, бір заңмен бүкіл мәселе шешімін табады деуге келмес.

Мұғалімнің беделді, өз ортасында сыйлы, абыройлы болуы өзінің жан-жақты білімділігіне, рухани жан дүниесінің байлығына, адамгершілік қадір-қасиетіне тікелей байланысты.

Осы уақытқа дейін бұл мамандыққа кімдер қызықты? ҰБТ-да аз балл жинағандар, ауылда тұрақты жалақы жүретін жалғыз жұмыс орны болғандықтан шамасы жеткеннің барлығы жапатармағай сырттай болса да диплом алып, мұғалім болмаққа ұмтылды.

Алдағы уақытта осы олқылықтардың орны толатындай жаңа бағдарламалар жүзеге асса деймін. Мәселен, Сингапур елінде мектеп пен университетті озық бітіргендер ғана мұғалім деген мәртебелі мамандықтың иесі бола алады. Сәйкесінше жалақы да жоғары. Осылайша «Адам тәрбиелеу — ұлы міндет» деген қағидаға беріктік танытып, ел болашағына өлшеусіз үлес қосып отыр.

Бұл мақсатта біздің педагог кадрларды дайындайтын ЖОО-ның ғылыми-техникалық базасын нығайтып, білікті кадрлар даярлау ісіне ден қойылып келеді. 35 жоғарғы білім беретін орда гранттан қағылды.

Мұғалім үйренуден, біліктілігін үнемі дамытып отырудан жалықпау қажет. Күн сайын қарыштап жатқан заманда шәкірттердің сан алуан сауалына жауап беру үшін мұғалім интеллектуал болуы қажет. Осындай озық ойлы, жан-жақты ғылым-біліммен қаруланған мықты маманның кез-келген жерде мәртебесі жоғары, беделі биік.

Ұлағатты ұстаздың даңқын шартарапқа жайған шәкірттер тарихта аз емес.

Әлемге аты жайылып, шартарапқа даңқы кеткен Ескендір Зұлқарнайын «Мен ұстазым Аристотельге ата-анамнан кем қарыздар емеспін. Ата-анам маған өмір сыйласа, ұстазым сол өмірді қалай сүру керектігін үйретті»  деген екен.

Бүгінгі ұстаздардың арасында да шәкірттеріміздің шамшырағын жағып, өмірден өз орнын табуына шамасы мен шеберлігі жеткенше аянбай тер төгіп, елге ес,  жұртқа тұтқа болар адал перзенттерді тәрбиелеуді алғашқы орынға қоятын мамандар көп болса – аманатқа адалдықтың асыл көрінісі сол болар.

Нұрила Шынәділова.