ЕҢ ҚЫМБАТ МАМАНДЫҚТАР

«Қалтамызда табақтай дипломымыз барда жерде қалмаспыз» деген түсінік бүгінгі күн биігінен қарасақ актуальдылығын жоғалтқандай. Дипломның бір емес екі-үшеуін қатар сандықтың түбіне салып, мүлдем басқа салада нанын тауып жүргендер жетерлік. Бұлай болуының бірнеше белгілі себептері бар. Жаны қаламаған оқуға үлкендердің ақылымен түсу, таныс бар жерді жағалау, қолжетімді, қалтаны қақпайтын мамандық екен деп оқып шығады. Бірақ, ең маңызды дүние — «менің қолымнан ең жақсы келетін іс осы ма?», «осы істі жасағаннан жаным жайлана ма?», «нарықтың сұранысы қалай?» деген сауалдарға бас қатыра бермейміз. Сондықтан, зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, соңғы жылдардағы ең қымбат деген мамандықтардың үздік бестігін назарларыңызға ұсынбақпыз. Кәдеңізге жарасын.

  1. IT саласының мамандары соңғы бірнеше жылда ең үлкен сұраныстағы мамандықтар қатарында көш бастайды. Бүгінде әр ұйым, фирма немесе компания білікті айтишникке мұқтаж. Америкада да ең көп жалақыны программа жасаушылар алады.
  2. Қаржыгер және банкирлер. Шет мемлекеттерде бұл мамандардың жылдық табысы 68-74 мың долларға жетіп жығылады.
  3. Маркетинг мамандары. Компанияның тауарын, қызметін алдыға жылжытумен айналысады. Маркетологтар тауарды өткізетін барлық жолдарды қарастырып, жетістікке жеткізеді. Жылына орташа табысы 130-150 мың доллар. Ең жоғарғы жалақыны Австралия және АҚШ-тық маркетологтар алады.
  4. Инженерия. Бүгінде инженер-механик мамандар үлкен сұраныста. Әсіресе, Еуропа және араб елдерінде жетіспеушілігі байқалады. Жылдық табысы 90-110 мың доллар шамасында
  5. Хирург және анестезиологтар. Адам жаны үшін араша түсемін деп өз денсаулығын қатерге тігетін бұл мамандарға құрмет қашан да жоғары. Посткеңестік елдерде жақсы анестезиолог дәрігерлер жылына 8000 доллар жалақы алады. Ал, Еуропа елдерінде жылдық табысы 255 мың доллардың көлемінде. АҚШ-тағы президенттен кейінгі жалақыны алушылар хирург-анестезиологтар деген де мәліметтер бар.

Бірақ, бір айта кетер нәрсе, табысты деп көңілің тартпаған іске құлаш сермеме. Ең бастысы өз мамандығыңды жақсы көруің. Сонда ғана ыстығына күйіп, суығына тоңа аласың. Бірақ, ылғи да біліміңді жаңартып, жаңа дүниелерді үйренуден жалықпа. Өмір бір қалыпта тұрмайды. Бүгін маңызды деп саналған мамандықтар ертең аса қажеттілердің қатарынан шығып қалуы мүмкін. Сондықтан, мамандық таңдауға жауапкершілікпен, жан-жақтылықпен қарағаныңыз жөн.

Нұрила Батырбекқызы.