БҮКІЛ ҚАЗАҚ БАС ҚОСАТЫН БИІК

Ордабасы қазаққа несімен қымбат, несімен құнды? Елдің елдігін танытып, ұлт ретінде ұйысып, бектер мен батырлардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған берекелі биігі. «Өткен күнде белгі бар» демекші, тарихын танығысы келген талапкердің табаны тиюі тиіс торқалы топырақ. Бұлай деуімізге негіз бар. Шежіре тарих шерткен сырға құлақ түрсек, оқиға желісі былай өрбиді:

1718 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң қазақтар арасындағы алауыздықтың өршуі, қазақ жүздерінің дербестеніп, алшақтауы хандықтың күшін мейлінше әлсіретіп кетті. Орта жүзді Сәмеке мен Күшік хан, ұлы жүзді Жолбарыс хан, кіші жүзді Әбілқайыр хан билеуі  — осы бытыраңқылықтың айқын көрінісі болса керек. Осылайша бір-біріне бағынбай, «ала жылан, аш бақалықпен» бітіспей жүргенін пайдаланып, жоңғар билеушілері өз әскерін қазақ жеріне топан судай қаптатты. Жаудың жойқын жорығынан есі шыққан қазақтар тоз-тоз болып, жосып кетті. Атақонысынан, мал-жанынан айырылып, жаяу-жалпы шұбырған бұл көш қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды.

Елдің ХҮІІІ ғасырдың басындағы халін Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде былай сипаттайды: «ХҮІІІ ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өмірінде сұмдық ауыр уақыттар болды. Жоңғарлар, Волга қыпшақтары мен башқұрттар жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандап, малын айдап алып, тұтас семьялармен тұтқынға айдап әкетіп отырды» дейді. Осы қиын-қыстау кезеңнен елді алып шығу, жауға қарсы соққы берудің жолын қарастырмақ ниетте 1726 жылдың күзінде Ордабасы деген жерде бүкіл қазақ жиыны өтті. Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған әр рудың билері, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар түгел шақырылды.Бұл жөнінде А. И. Левшин: «Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленді. Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды, сөйтіп халықтық әдет бойынша құрбандыққа шалынған бие болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды. Батырлар арасынан бүкіл қазақ жасағының сардар бегі болып Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Сырттан төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, жалпы келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады» деп жазды. Ордабасыдағы осы алқалы жиын, бәтуалы басқосу халықтың рухын көтеріп, жеңісті шайқастардың бастамашысы болды.

Бір өкініштісі, егемен ел болып, еңсеміз тіктелгенше осынау тарихи маңызды оқиғаны ауызға ала алмай, ескерусіз, елеусіз қалып келді. Тек 1993 жылы ел билігінің қолдауымен, ұлтжанды азаматтардың ұйымдастыруымен «Ордабасыға оралу» атты ұлы жиын өткізілді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері қатысып, бір халықтың бірлігі ендігі жерде бауырлас үш халықтың ынтымағына ұласты. Халықтың рухты көтерер, айбынын асқақтатар басқосуға шөліркеп қалғаны осы тұста көрінді. Таңғы сағат төрттен бастап жан-жақтан ағылған 150 мыңдай жанның жанарларын жас жуып тұрды дейді көргендер. Ордабасы биігіне ту тігіліп, еңселі ескерткіш орнатылды, жол салынып, төңірегі абаттандырылды. Бүгінгі таңда Түркістан-түркі халықтары бірлігінің символына айналуда, Ордабасы да қазақ халқы тұтастығының темірқазығына айналуға әбден лайық жер деп санаймыз.

Қазіргі кезде әр ру өз ескерткіш-тұғырларын орнатып, жыл сайын сол маңда ас беріп, қазан көтеретін дәстүр «сәнге» айналды. Ал, елдің елдігін сақтап қалудың басы болған Ордабасы биігі біз үшін қайта-қайта оралып соғатын ерекше орын болуы керек. Жылына ең болмағанда бір рет бүкіл қазақ бас қосып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетсек, жарасып-ақ кетер еді. Өз руы мен жүзінің абыройы мен беделінасқақтатудығана емес, тұтас елдің мүддесін ойлайтын, қара орман қазақтың қамын жейтін ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, осы қадам қажет-ақ.

Нұрила Шынәділова.