ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕПІШІЛІК АРНА АШЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы №83 жалпы орта білім беретін мектепте 30 қаңтардан бастап мектепішілік телекабинет өз жұмысын бастады. Бұл мегаполистегі арнайы кабинетпен жабдықталған алғашқы арна. Шағын арнада журналистика мен шығармашылыққа қабілеті бар шәкірттерді баулуға  мүмкіндігінше жағдай қарастырылған.  «Мектеп 83TV» деп аталатын телестудияға шығармашылық қабілеті бар жастар арнайы кастинг арқылы қабылданды.

 «Мектепішілік оқу-тәрбие жоспары негізінде оқушылардың қызығушылығын – зерттеушілігін және бойларында адалдық қасиетін қалыптастыру мақсатында бірнеше жоба жоспарланған болатын. Сол жобалардың бірі мектепішілік телестудия ашу арқылы «Жас журналист»  үйірмесі жұмысын жүргізу және қызығушылығы бар оқушылардың журналистика туралы ілімдерін ұлғайту. Сонымен қоса

мектебімізді жаңа қырынан көрсетуге үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.  Бұл жоба оқушыларымыздың  журналистика негіздерін меңгеру арқылы интеллектуалды дамуына, оқушылардың қабілеттері мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, ашықтыққа, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, азаматтық  жеке ойын  қалыптасуына ықпал етуге бағытталған.  Бұл жоба болашақ журналист маманының шығармашылық дамуына көмектеседі» дейді мектеп директоры  Нұрлан Ергешұлы.

Журналистикаға жан-жақты икемделу мақсатында үйірмеге келушілер екі бағытта ізденбек. Бірінші топ оқушылары мектеп газеті негізінде жазба  журналистиканың қыр- сырына сүңгиді.  Арнайы редакциялық топ құрылып, оның ішінде мәтін теруші, өңдеуші, дизайнер, компьютерлік-графикалық редактормен жұмыс жасайтын шәкірттер тәрбиеленеді деп күтілуде.  Ал екінші топта дикторлар, монтажер, оператор, репортерларды дайындап, мектеп өміріндегі оқиғаларды түсіріп, қызықты кейіпкерлермен сұхбат жасауды үйренеді.  Мектеп газеті мен телестудия өз қабілеттерін іске асыруға, жаңа әлеуметтік қатынастар жүйесіне қосылуға үлкен мүмкіндік береді. «Жас журналист» үйірмесі тек теориямен шектелмей, телестудияда түрлі бағдарламаларды жүргізу арқылы тілшілік өнерге практика жүзінде бет бұрмақ. Шәкірттерді дайындауға өңірдегі бірнеше тәжірибелі, кәсіби журналистер ерікті түрде қолдау білдіретіндіктерін жеткізген.

Әзірге арнада арнайы жарық құрылғылары мен микрофон ғана бар. Қолда бармен қадам басқалы отырған жас арна өз көрермендерін әлеуметтік желі арқылы жинап,  түсірілімдерді таратуға бар күшін салмақ. Телекабинетте әр кез сайын жергілікті, республикалық арнаның кәсіби диктор, тілшілерімен кездесу өткізіліп, дәрістер тыңдалады деп жоспарланған. Арнаның ашылу жиынында бірнеше танымал журналистер келіп, жас ізбасарларына сәттілік пен жақсы тілегін жаудырды.

 

Аяулым ТАСТАНБЕК.