АРЫЗ-ШАҒЫМДАР 25 %-ҒА АЗАЙҒАН

Биылғы жылдың 10 айдың қорытындысымен облыс көлемінде өтініштер саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлемдейді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік органдармен азаматтардың өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелер Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбековтың төрағалығымен өткен мәжіліс барысында талқыланды.

Өтініштердің басым көпшілігі Түркістан, Кентау қалалары мен Сарыағаш және Мақтаарал аудандарынан түскен. Олардың көбі жер, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен білім және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты. Барлық арыз-шағым заң шеңберінде қарастырылып, тиісті шешімдер қабылданды.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексі бекітіліп, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Өтініштерді қараудың жаңа форматына көшу мақсатында облыста арнайы  жоспар-кестесі бекітілді.

«Жаңа форматта өтініштерді қабылдау, тіркеу, жолдау сияқты әдеттегі құжат айналымын қамтамасыз ету ғана емес, аудан, қала, ауыл әкімдерінің өтініштерді қарау бойынша жұмыстарын үйлестіріп, бақылау жасау басты міндет ретінде жүктеледі. Бұл өз кезегінде әкімдердің міндеттерінің ауқымы кеңеюіне және жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қолданысқа енуіне байланысты қызметкерлердің жауапкершілігін арттырмақ», — деді аппарат басшысы Әуелхан Тұрғымбеков.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасының бастығы Өркен Сейітов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Түркістан облысы бойынша депаратаментінің басшысы Айбек Шілманов, Түркістан облысы азаматтық сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Клара Жаппасова және облыс әкімі аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Қуат Сыздықов баяндама жасады. Өтініштер бойынша өзекті мәселелер талқыланып,алдағы жұмысты жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.