«SAQBOL» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ COVID-19 ЖҰҚТЫРҒАНДАРДЫҢ САНЫН АЗАЙТАДЫ

Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне бақылау жүргізу мақсатында Saqbol атты мобильді қосымша жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Saqbol мобильді қосымшасы коронавирус инфекциясының таралу қаупіне бақылау жүргізу, Exposure Notification (Google және Apple компаниясының індет жұқтыру қаупіне қарсы хабарлама жүйесі) технологияларын пайдалана отырып, індет ошағын табу мақсатында жасалған.
Қосымшаның жұмысы дәл осы қосымша орнатылған басқа құрылғылармен байланыста болған адамдарды жасырын түрде іздеуге бағытталған.
Saqbol мобильді қосымшасын Google Play (Android 6.0 немесе одан кейінгі нұсқасы), App Store (iOS 13.5 немесе одан кейінгі нұсқасы) арқылы жүктеуге болады. Қосымшаның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін сізде операциялық жүйенің ең соңғы нұсқасы орнатылғанын тексеріңіз.
Бұл қосымша қалай жұмыс істейді? Saqbol қосымшасын смартфонға жүктеңіз, Bluetooth-ді қосыңыз да телефоныңызды үнемі өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Saqbol қосымшасы орнатылған басқа адамдармен жақын қарым-қатынаста болған кезде, сіздің смартфондарыңыз Bluetooth арқылы шифрланған идентификаторлармен алмасады. Әрбір идентификаторлық бақылау сомасы оны құрғаннан кейін екі аптадан соң пайдаланушының құрылғысынан автоматты түрде жойылады.
ПТР-тесттен өткен соң, пайдаланушының ұялы телефон нөміріне 10 таңбалы коды бар SMS хабарлама келеді. Оны тест нәтижесін білу үшін Saqbol қосымшасына енгізу керек.
Егер Saqbol қосымшасын пайдаланушының коронавирус жұқтырғаны белгілі болса (яғни оған індет жұқтырғаны туралы тест қорытындысы хабарлама арқылы келсе), ол өз бағдарламасындағы хабарлама функциясын іске қоса алады. Бұл қадам соңғы 14 күнде вирус жұқтырған адаммен байланыста болған мобильді қосымшаны қолданушыларға ескерту жолдайды.
Хабарлама іске қосылған кезде, қосымша автоматты әрі анонимді түрде қосымшаның басқа пайдаланушыларына ескерту жолдайды.
Хабарлама алған қолданушылар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің одан әрі іс-шаралар туралы ұсынымдарын оқи алады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасын ұсынған болатын.