«Өнердің мәні – халықтың қошеметінде»

Наркенже СЕРІКБАЕВА,

Дәстүрлі әнші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты.

 «Өнердің мәні – халықтың қошеметінде»

Ол туралы айналасы мінезді әнші деседі. Мұндай жаннан сыр суыртпақтау тілші үшін де қызық. Сөйтсек, Наркенженің өзі мінез деген ұғымды өзгешелеу пайымдайтын болып шықты. «Мінезсіздік бар жерде нағыз өнер болмайды. Қазақ әнінің құны түсіп кетуіне мінезсіздердің тигізген кесірі көп. Мінез арқылы өнердегі стиль қалыптасады. Өзіне тән бағыты, стилі жоқ адам кез келген әнді ыңылдауға даяр тұрады» дейді ол. Байқағаным, Наркенженің болмысы, өмірі, өнері бәрі-бәрі де қасиетті домбыраның үнімен өрілген. Сондықтан шығар, оның әндерін естігенде жүрегіңіз дір етіп, қаныңыз қазақ деп қызып, ішкі рухыңыз сілкініп сала беретіні…

— Қазақтың қара домбырасымен танылған, танытып жүрген санаулы қыздардың бірісіз. Домбыра қанша жасыңыздан бергі серігіңіз, сырласыңыз?

— Домбыраны алты жасымнан шерттім. Қандай да бір маманды зерттеңіз, оның тегінде, түбінде сол іспен айналысқан ата-бабасы тұрады. Біз жыр ұстаған, өнер қуған әулеттердің бірі болдық. Әкем Абдулла  жыр айтқанда бүкіл жұрт тамсанатын. Үйдегі он бір баланың ең кенжесімін. Соның ішінде өнердің, мінездің, еркеліктің, өжеттіктің бәрі маған келіп қонға салғаны тегін емес шығар. Балалық шағым Өзбекстанның Бұқара облысында өтті. 1994 жылы елге, Түлкібас ауданына қоныс аудардық. Кішкентайымда үйдегілердің қолы бос па, шаруамен айналысып жатыр ма, жұмысым болмайтын. Бәрін сүйреп әкеп отырғызып ән айтып, той көрсететінмін (күліп). Мұндайда шешем қабағын түйсе, әкем бетімді қақпаушы еді. Әкем болашағымнан мол үміт күтті. Қайда барса жанынан тастамай, домбырамен ерте табыстырды. Кескінім, мінезім сол кісіге тартқан. Менің түсінігімде әншімін деген әрбір адам ең бірінші домбыра тарта білуі тиіс. Мейлі, ол заманауи, эстрада әншісі болсын. Бойына домбыра қасиетін дарытпаған әнші қазақ өнеріне жаны ашиды деп күтпеймін.

 — Өнеріңіз өз деңгейінде бағаланып жүр деп ойлайсыз ба? Жалпы атаққа, құрметке қалай қарайсыз?

— Он үш конкурстың лауреаты екенмін. Оның ішінде екеуі халықаралық байқаудан. Қазір өнер де бизнеске икемделді. Өзім сахнаға, байқауға ешқашан ақша беріп шықпаймын.  Билет сатып берейін, ақысын төлейін деп те айтпаймын. «Наркенже, келіп ән айтып беріңіз» десе жетіп жатыр. Сұраныс туған жерде айтамын. Осы уақытқа дейін республика сарайында ән шырқау үшін өзім сұранған емеспін. Шын талант жарнаманы қажет етпейді.

 — Дәстүрлі әнде бес мектеп бар дейді. Сіз осы бесеуін де танып, меңгере алдыңыз ба?

— Иә, біздің қазақтың әр өңірі өзіне тән мақамдарымен ерекшеленеді. Бір қызығы, жергілікті мақамды сонда өсіп-өнген әншіден асып орындайтындар сирек ұшырасады. Бұл да бір қазақ ән өнерінің құдіреті деп санаймын. Мен Сыр, Арқа, Батыс мақамдарын меңгергенмін.  Оңтүстікке келгелі осындағы жыр-термелерді зерттеп, үйрендім. Қазір осы төрт өңірге тән термелерді орындауда алдыма жан салмаймын деп айта аламын.

 — Заманауи жырау дегендерге көзқарасыңыз қандай?

— Мен атақты жыраулардың өнерін көзіммен көріп, құлағыма құйып өскен қызбын. Ауылға жыраулардың келуінің өзі той болатын. Жұрт бар жұмысын ысырып, қойын сойып, қымызын сапырып, бірнеше күн бойына тек жыр тыңдайтын. Жыраулар да тоқтаған емес. Әкемнің көзі тірісінде Соқыр жырау, Базар жыраулар үйге жиі соғатын. Арасында шәйді сіміріп қойып, таң атқанша жырлап жататындары есімде. Ертеңіне тағы да жалғастырады. Күн-түн демейді. Қазір мұндай жыраулар бар болса, әр өңірде біреу ғана шығар. Қызылордада Алмаc Алматов, Алматыда ұстазым Набат Айдәулетқызы осы өнердің мұртын бұзбай, сақтаушылар деп есептеймін.Ал, заманауи жырау дегенді, осы жасқа келіп енді естіппін. Ұйқасы шатып-бұтып кеткен, әуенсіз айтылатын рэп әуендерді жырға жатқызу – мазақ. Бұл күнкөрістің қамы үшін ойлап табылған дүние сияқты. Тыңдап өскен жырауларымнан садаға кетсін дегеннен басқа ештеңе айта алмаймын.

— Әндеріңізді сүйіп тыңдаушылар қатары қалың деп ойлайсыз ба? Атыңызды шығарып, жұлдызыңызды жаққан қай әніңіз?

— Бірнеше жыл бұрын жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Концерт біткеннен соң, Тараздан, Қызылордадан арнайы тыңдармандар тобы келгенін естіп қатты қуандым. «Алпамыс батыр» әнін шығарғалы Алпамыс батырдың ұрпағы саналатын аға-апаларымыз тұрақты тыңдармандарыма айналды. Үнемі алғысын жаудырып жүреді. Атымды шығарған осы «Алпамыс батыр» мен «Сенің көзің» әндері. Көпшілікті әсіресе, «Сенің көзіндегі»: Сенен асқан жан бар болса егерде, Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін» деген жолдары елең еткізсе керек. Сыртымнан «Көз оятын қыз» деп сыбырлап жатқандарын талай рет естідім (күліп).

 — Сіздіңше «той әншілерін» өнер адамына жатқызуға болады ма?

— (Ойланып) …Өте қиын сұрақ екен. Өйткені өзім де тойға шақыртуды көп аламын. Бірақ, арнайы музыкалық білімім бар, облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда қызмет етемін. Мәселе осында дер едім. Егер өз өнерін кәсіби жолда дамытып жүрген әнші болса, ол қай жерде ән айтса да сахнаға құрметпен қарайды. Ал, пысық продюсердің көмегімен тойда жүргендер бар болғаны өнерді бизнес деп ұғатындар. Өкініштісі, «өнер адамымыз» деген екі ауыз салмақты сөз көбінде солардың аузында қор болады. Көкек әншілерді тойға, көрінген сахнаға сүйреп жүрген продюсерлерге айтарым – кеткен қыруар ақшаңызды қарттар мен жетімдерге, тұрмысы төмен отбасыларына берсеңіз, оларға да, өнерге де көрсеткен зор көмегіңіз болар еді. Соңғы кезде дуэт, трио, квартеттер қаптап кетті. Жақтырмаса да, оларға үнемі «Сендер қанша құрам ауыстырғанмен, түк те өзгермейсіңдер, өзгеретін – тек киімдерің ғана» деп айтамын. Шымкентте шын талантты жігіттерден құрылған «Өркен» ансамбльінің өнерін мойындаймын.

 — Өнерден қандай мән таптыңыз? Өмірден ше?

— Өнердің мәні – халықтың қошеметі деп түйдім. Негізінде қыздарға өнерді алып жүру өте қиын. «Өнерлі болмағанымда ешкім аяғымнан шалып, артық сөз айтпас еді, шаршадым, бәрін тастаймын» деп шешім қабылдаған сәттер болды. Сонда шешемнің: «Домбыраңды тастағанша, мені тірідей көме сал» деген сөзі жаныма батып, қайта келдім.

 — Дизайнерлік ателье ашуыңызға қарағанда өнерден басқа нәрселер де қызықтыратын сияқты?

— Өнерден басқа спорт қызықтырады. Анам – жақсы тігінші, оюды әдемі оятын шебер. «Бәрімізге көйлек тігіп беріп, маған келгенде неге қартайып қалғансыз» деп еркелейтінмін. Міне, енді өзім ашып алдым. Жанында балаларға домбыра, музыкадан сабақ беретін студия бар. Тек ұлттық нақыштағы киімдерді тігумен айналысамыз. Оның ішінде сахнаға арналған костюмдерден бастап, күнделікті киюге арналған киімдер де бар. Мақсатымыз – қазақы киіну стиліне шақыру.

 — Әңгімеңізге рақмет! Үлкен биіктерден көріне беріңіз!

 Сұхбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК.

 

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.