БАЛАМЕН БАЙЛАНЫСЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҰЛТТЫҚ ҮЛГІСІ

Ғалымдар бала тәрбиесі құрсақтан басталатынын әлдеқашан дәлелдеген. Ана мен бала арасындағы нәзік байланыс жарық дүниеге келген соң жалғасып, тәрбие дейтін алтын тұғырдың негізі қаланады. Дана халқымыздың өзі бұл маңызды дүниеге аса мән беріп қараған. Әйелдің аяғы ауыр болысымен оған тек сұлулықты көрсетіп, тағылымды әңгімелер тыңдатқан. Қаза, жанжал орталарынан бойын аулақ ұстаған. Ішетін асын пайдалы, адалынан болуын қадағалаған. Бір кереметі, осының бәрін әлемге жар салмай-ақ үнсіз ғана іске асырған әжелеріміздің даналығына қайран қаласың.

Қазақ халық институтының діңгегі ықылым заманнан мұсылман дінімен астасып жатыр. Нәресте дүниеге келісімен азан шақырып ат қою, шашын алып, қырық күн күтім жасау мұның бәрі де ана мен бала денінің саулығына, бәле-жаладан аулақ болуына бірден-бір себепкер тәрбиелік тәсілдер. Қазақ сәби тәй-тәй басып, жерге ілінгенше аса назар аударып қарамаған. Мұның астарында әлі тым кішкентай, әлсіз жаратылысқа қатты көңіл аударып назарланып қалмасын дегені. Жасына толмаған бүлдіршіннің энергиялық ресурсы аз, көзді, сөзді көтере алмайтынын халық психологиясы әлдеқашан дәлелдеген. Ұлтымыз тал бесіктен жер бесікке дейін адамзат дамуының түрлі кезеңдерін асқан кемеңгерлікпен, жөн-жоралғысымен шешіп отырғаны сол бүгінгі «мен» деген кез келген психологтың айтқанымен астасып жатқанына таңқаласыз. Баланың әр жасында өзіне тән ойынға, істерге икемдеп, өмірдің күрделі сатыларына сол арқылы даярлаған. Мәселен үш жасқа толысымен ер баланы ашамайға мінгізіп жылқыға үйретуі ерлікке, ат үстінен түспей әулетінің, елінің қорғаны болуына, қыз баласының шашын өріп шашбау тағуы әсемдікке, тұрмыстық өмірге ерте бастан баулығаны. Әсілінде бұл өте дұрыс және маңызды тәсіл екені аян. Өйткені, бүгінгі қоғамнан әскерден қашқан, сән салонына баратын сызылған жігіттер мен бүкіл отбасының жүгін бір өзі арқалаған іскер, батыл қыздарды көрсек таң қалмайтын болдық. Мұның бәрі ұлттық тәрбиенің іргесінен ажырап қалғандығымыздың ащы көрінісі.

Дегенмен, бала тәрбиесі өзінше дамып келеді. Ұрпағының болашағына бей-жай қарамайтын ата-аналар баршылық. Алайда заман талабы тек ұлттық педагогикаға арқа сүйетпейді.  Бәсекеге қабілетті, жан-жақты бала өсіру үшін әлемдік тәжірибелер өтімді боп тұрғаны жасырын емес. Алайда ең алдымен ұлттық тәрбиенің қайнар көзінен сусындаған ұрпақ уызына жарып өсетінін жас отбасылар қаперде ұстаса қанекей?!

Қазіргі көп аналар бала тәрбиесінде әлеуметттік желілер арқылы танымал коуч-тренерлерге сүйенеді. Сонымен қатар әр түрлі шетелдік авторлардың аудармаларына негізделген «Балам жақсы болсын десеңіз», «Үш жастан соң бәрі кеш», «Тұлға тәрбиелегіңіз келсе…», «Ата-ана болу да өнер», «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле», «Исламдағы бала тәрбиесі» кітаптары өтімді. Бала тәрбиесі бойынша халықаралық коуч-тренер Ару Сағидың ата-аналық сабақтарына сұраныс көп. Бұған дейін коуч инстаграмдағы өз парақшасында ақылы және ақысыз түрде «Бауырлар достығы», «Балаларды телефонға тәуелділіктен арылту», «Жыныстық тәрбиедегі қателік», «Қызыңызбен талқылау керек 8 тақырып», «Балаға бес парызды үйрету» секілді көптеген өзекті тақырыптарды талқылады. Проблемалардан шығу жолдарын көрсетті.

 

БАУЫРЛАР АРАСЫНДАҒЫ ДАУДЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Өмір алаңы тоқтаусыз күрес, бәсеке. Бала үшін ең алғашқы бәсекелесі — бауырлары. Ойыншыққа, тамаққа, киімге, тіпті ата-анасының махаббатына да олар өзара таласады. Көбірек алғысы кеп әрекет жасайды. Ата-ананың міндеті осындай бәсекеде барынша әділ позиция ұстану. Болашақта бала психологиясына сызат түсірмейтін тәсілдерді пайдалану. Ару Сағи ата-аналарға былай дейді:

Егер сіз балалар қатынасында «сен үлкенсің», «сен кішісің» тәртібін ұстансаңыз оны бұзуға болмайды. Үлкеннің жауапкершілігі ғана емес, мүмкіндіктері, құқығы да көп болуы керек. Ал, қазақ отбасыларында кенже балаға басымдық берілетіні жасырын емес. Кішкентайымызға көп құқық беріп, үлкендерге тек жауапкершілік артамыз. Олар ата-ананың перзентінен гөрі көмекшісіне көп ұқсайды. Келешекте кейінгі балаларыңыз үлкенді бір ауыздан сыйлап, оның артынан ерсін десеңіз тұңғышыңызды ең алдымен өзіңіз сыйлаңыз. «Ой жарайсың, сен бүгін бауырына көмектестің. Мен жоқта оларға бас-көз болып отырдың, рақмет саған» деп бәрінің көзінше қошеметтеп, кішігірім сыйлықтар берсеңіз кейінгілері үлкен болуға қызығады. Өздерін ересектерше ұстауға талпынады. Ал кіші балаңыз жылайды деп ойына келгенін жасатсаңыз, тәттілер жиі берсеңіз үлкендері кенже бала болуға құмартады. Кішкентай баланың қылықтарын жасайды. Сізге қайсысы тиімді?

Балаларыңыздың арасында айырмашылық емес барынша ұқсастықтарын іздеңіз. «Неге ағаң сияқты емессің! Әпкен секілді тыныш отырмайсың ба!» дегенше «Қарашы інің сен секілді болғысы келіп өзін тәртіпті ұстап жүр, ол саған ұқсағысы келеді. Апалы-сіңлі екеуін қатты ұқсайсыңдар!» деп отырған дұрыс.

Балаларыңыз ұрсып  жатқанда емес, бір-бірін қолдап, бірге ойнап отырғандарында назар аударыңыз. Ал, көп аналарда керсінше. Балалар төбелессе жүгіріп барамыз, тыныш отырса рахаттанып өз ісімізбен айналыса береміз. Олар тату сәтте де қастарына табылып, мақтасаңыз аналарына осындай сәттер ұнайтынын түсінеді.

Әр баламен сапалы уақыт өткізу маңызды. Егер көп балалы болсаңыз, кішісіне көбірек, үлкеніне азырақ уақыт арнауға тура келеді. Уақыт бөлу дегеніміз бірге ойнау, бірге кітап көру, оның жақсы көретін мультфильмін бірге қарау. Үлкендерімен саябаққа, кафеге барып сырлассаңыз да болады. Тек бала анасының өзіне ғана уақыт арнағынын түсінгені жөн. Басқа бауырлары да бірге барғысы келуі мүмкін. Мұндай жағдайда «Біз әлі бірге уақыт өткіземіз. Бүгін тек әпкең екеуіміздің уақытымыз. Келешекте отбасымызбен де бірге боламыз» деп түсіндіру, оны қабылдауға дағдыландыру.

Бауырлардың бір-бірін жақсы көрмеуге құқы бар. Олар бауырына «сенің мінезін ұнамайды. Сенімен ойнаған қызық емес» дегеніне бірден қарсы шықпаңыз. Ол ішкі сезімдерімен бөлісіп отыр. Бірден «Тәйт, бауырын жамандай ма?! Қане, оны жақсы көр, сүй» деп мәжбүрлеу дұрыс емес. Тек мұндай сезімдерінің әрекетке асуына жол бермеңіз. Иә, сен тек сөзбен айт, бірақ, сол үшін барып ұрма, қысым жасама. Сен бауырыңның тек әрекеттерін ұнатпайсың. Өзін жақсы көресің» деп әрекет пен адамды ажырата алуды үйрету керек.

 

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОЙЫНДАР

Ата-ана, бауырлардың қатынасында ойын көп рөл ойнайды. Жалпы бала ойын арқылы тез дамиды.

«Ғажайып әлем». Сурет салу ойыны. Бала өзінің қиялындағы әлемді қағаз бетіне түсіріп, ол туралы бір-біріне баяндап береді. Ол әлемінде қандай адамдар, заңдар барын айтып, өз патшалығын суреттеуі ішкі менін арттырады.

Доп лақтыру. Бауырлар мен ата-анасы дөңгелек пішінде тұрып, допты бір-біріне лақтырады. Допты кімге лақтырса, соның жақсы қасиетін, ұнайтын заттарын айтуы тиіс. Мәселен «Маған сенің сөмкең ұнайды», «Сен өте бауырмалсың» деген секілді жақсы ниеттерін білдіреді. Бұл бір-біріне деген махаббатын ашық білдіруге баулитын ойын.

Бұдан өзге балаларға мектеп, балабақша секілді ұжымдық, топтық ойындар оң әсер етеді. Құм, топырақта ойнау ұсақ маториканы дамытады. Гүл теру, жапырақ жабыстыру, билеу өнерге, айналаға құштарлығын оятады.

БАЛА – СІЗДІҢ АЙНАҢЫЗ

Дүниеге келген періштенің ең алғаш көретіні – әрине ол ата-анасы. Баланың іс-қимылына қарап-ақ оның отбасына баға беру қиын емес. Бұл туралы халқымыз әлдеқашан «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бір сөзбен түйіндеген. Бұл турасында тәжірибелі педагог Бақыт Кәкіжанқызы тәрбие туралы кітапта мынадай ой айтады:

«Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға». Бала алдында үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше ішіп, темекі тартатындар бар. Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді. Бақытсыз ұл, бұзақы қыз осыдан шығады.

Негізінен ата-аналардың түрі үшке бөлінеді екен. Нәтижесінде үш түрлі бала тәрбиеленіп шығады. Олар: Қорғаушы, қысым көрсетуші, демократияшыл.

Қорғаушы ата-ананың әрекеті – Баланың асты-үстіне түсіп, барынша айналып-толғану немесе тым өбекшіл болу.

  • Жарығым-ау, сені жылатқанның көзі шықсын!
  • Қарның ашып қалмасыншы, жаным-ау!
  • Қарашы, тамағын тауыспапты, аузы дәу, қане-қане!
  • Ойнаса да өзің қасында жүрсейші?! Балалар ұрып кете ме, шалынып құлап қала ма, кім білсін?!

Онда балаңыз мынадай болып өседі. Өзімшіл, үй ішінде де, сыртта да ешкіммен басы піспейтін, өзіне сенімсіз, тәртіпсіз, тиіскіш, қате істеріне басқалар жауапты деп ойлайтын, біреудің басқаруымен жүретін.

Қысым көрсетуші ата-ананың әрекеті.

  • Тыңдама, баланың айтқанын!
  • Ешқашан айтқанын істеуші болма!
  • Сенен қорқатын болсын!
  • Осы сенің бірде-бір оңды қылығынды көрмеппін! Өзін істемесен ол ештеңе істей алмайды!

Мұндай ата-аналардан ашуланғыш, жаны ашымайтын, әлсіздерге үстем, бет қаратпайтын, өз кінәсін мойындамайтын, тіл алмайтын, қырсық болады. Болмаса тұйық, тез жылағыш, күйзеліске бейім, момын, өзгелерді қуанту үшін өмір сүретін, ойын айта алмайтын балалар өседі.

Демократияшыл ата-ананың әрекеті:

  • Не істесе де, аз да болса еңбектенгендігін, тырысқандығын айтып, оны қолдайды. Оған сенім артатындығың білдіреді.
  • Баланың сөзін бар жан-тәнімен тыңдайды.
  • Меселін қайтармайды
  • Оның ой-пікіріне құрметпен қарайды, қателіктерімен қоса жақсы көреді.

Мұндай отбасынан көпшілікпен тіл табыса алатын, ортақ іске әзір, өзін түсінетін, достарымен тату, байсалды, өзіне сенімді,бақытты балалар өсіп шығады екен.

Міне, қым-қуыт шаруамен жүріп, балаларының қалай өсіп кеткенін аңғармай қалатын ата-аналар көп. Егер сіз бермесеңіз бала керегін сырттан алады. Мақаланың басында айтқандай бізде бала тәрбиесінің үлкен халықтық, діни мектебі қалыптасқан. Сол тәжірибелерге сүйене отырып, жаңа заман әдістерін де ұштастыра пайдалану ата-анадан үлкен күш, уақыт, білімді талап етеді. Егер балам жақсы болсын десеңіз өз ресурсыңызды байытыңыз, уақытыңызды аямаңыз дегіміз келеді. Ал, сіздің балаңызға тәрбиені кім беріп жүр?

Аяулым ҚАЛШАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.