БАТАМЕН БАҚ ДАРЫҒАН АНА

«Көзіңнің жанары болмаса, шарасынан не  пайда?

Қадірің болмаса, қарайып отырғаныңнан не пайда?..»

Бұл 97 жасқа келген Сынап әженің сөзі.  Бір ғасырлық өмірінің мағынасын шаңырағынан, ұрпақтарынан тапқан қазыналы қария үшін өмірдің мәні көп жасағандығымен емес, көпті көргендігімен өлшенеді. «Шүкір, қадірсіз емеспін, қайда барсам да сыйлайтын жастар, ұл-қыздарым бар» деп бүгінгі күніне дән риза.

Біздің кейіпкеріміз Өтепова Сынап әже қазіргі Бәйдібек ауданы, Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Қыр гүліндей жайқалып өсіп келе жатқан бойжеткендік шағы соғыстың зұлмат жылдарымен тұс келеді. Сұм соғыс ешкімді аямайды. Бала мен қарияны, әйел мен ерді теңестірген нәубет жылдары тыл ардагері де бел жазбай еңбек етті. Екі атқа жегілген соқамен жер жыртып, қолорақпен бидай орған сол ауыр күндер қаршадай қызды ерте есейткен еді. Бейбітшіліктің ақ таңын аңсап, майдандағы әке-бауырларының аман келуі үшін қандай қиындықтан да қайтпаған апаларымыздың ерлігіне еріксіз бас иесіз. Ақжаулықты аналардың осындай қайсарлығымен жеткен жеңістің жарқын күндерін бүгінде ұрпақтары армансыз өткеруде.

Соғыс аяқталып, ел етек жеңін жинай бастаған сәтте Сынап апа 20 жасқа аяқ басып қалған. Әкесінің айтуымен, 1945 жылы Шаяндағы Өтепов Сыздыққожа атамызға ұзатылады. Ел арасында молда Сыздыққожа атанған ері ол кезде 45-ке жуықтаған шағы екен. 1941 жылы Қиыр Шығысқа, Жапон шекарасына жіберілген. Мұнда 4 жыл болып, Ұлы Отан соғысының соңғы екі айында майдан қатарында күресіп, туған жерге аман оралған. Елге келе сала шаруашылыққа араласып кетеді. Іскерлігімен, тындырымдылығымен ауыр жылдардан соң тұралап қалған шаруашылық жұмысын жандандыра бастайды. Бірде жұмыс барысымен көрші Ортақшыл ауылына барғанда, сондағы шаруашылық бастығына ұнайды. Өзі ізетті, іскер азаматтың тегін сұраған басшы перзентімен қосқысы келген ниетін де жасырмайды. Аяқ-қолы сау, ел ішінде беделі бар азаматқа перзентін ұзатуды жөн көрген әке шешіміне жас қыз да уәж айта алмасы анық. Сыздыққожа ата емшілік қасиеті бар, сол кездің өзінде бастан қан алып емдеу арқылы көп адамға шарапаты тиген, кішкентай балаларды сүндетке отырғызатын қолы жеңіл адам болған  деседі. «Дін – апиын» деп үйреткен заманда ішін ластап, жын-ойнаққа айналдырған «Аппақ Ишан баба» мешітін өмірінің соңына дейін тазалап, қорғап өткен де осы Сыздыққожа молда.  Мінезі жұмсақ, апамызға дауыс көтерместен әрдайым Сынапжан деп әлпештеп, қолынан жетектей жүргенді жөн көрген екен. Мұнысын көрген жұрт екі жұпқа қызыға қарап «Қыз Жібек пен Төлеген» келе жатыр деп әзіл-шыны аралас атайтын.

Татулығымен көпті сүйсіндірген жұптан 14 перзент дүниеге келді. Олардың оны бүгінде бір-бір үлкен әулеттің иесі. Төртеуін тағдырдың жазуымен қара жер қойнына қайта тапсырды. Әйел адамға қай заманда да артылар жүк ауыр. Бес ұл мен бес қыздың тамағы, кір-қоңы, тәрбиесі апамыздың басты атқарар міндеті болды десек те, колхоздың бидай қамбасындағы жұмысы ең басты жауапкершілікті талап ететін. Қырықшырақты анна мұның бәрін дөңгелете алып жүрді. Сонымен бірге, ата-ененің де разылығын алды. «Барған жерім бағымды ашты. Бәрі Сынапжан, келінжан дегеннен артық сөзге барған емес. Өзім де бейнетқор едім. Айтқандарын екі етпей жүріп, ақ баталарын алдым. Отын, су демей есекке мініп алып, таси беретінмін. Сөйтіп жүріп 14 баланы да босанып алдым. Бүгінгі күнге жеткенім, өсіп-өнгенім осы үлкен кісілердің ақ батасынан, разылығынан екені шүбәсіз» дейді алтын құрсақты әже.

Өмірлерінің ширек ғасырын Шаяндағы Жамбыл совхозында өткізген берекелі шаңырақ иелері 37 жыл жұптасты. Бүгінде отағасының өмірден өткеніне 36 жылға жуықтады. Қарашаңырақтың отын өшірмей отырған үлкен ұлы Әбдімәлік. Одан кейінгі ұлдары Нұрқожа, Әбдікәрім, Абдулла, Әбдірахман, қыздары Гүлшаһар, Гүлсара, Гүлбаршын, Гүлзада, Жұмабибілердің бәрі де әр қалада, әртүрлі қызметте өз шаңырақтарына еге болып отырған жандар.  Мерекелерде жиі бас қосып, қарияның көңілін көтеріп, әке есіміне құран бағыштап, перзенттік парыздарын әсте ұмытқан емес.

«Қанша жылды артқа тастадым. Қанша адамды, небір күндерді өткердім. Мұндай мамыражай заманды көргенім осы. Шүкір етіңдер! Елбасымыз аман болсын! Тәуелсіздікті бағалаңдар! Қартайғанымда осы күнді көргеніме мың тәуба!  Қалтырап отырсам та бүгін шыққан көйлек, орамалды кигім келеді. Немере-балаларыма еркелеп аламын. Жастарға, ұл-қыз, келіндеріме дән ризамын!» деп сөзін аяқтады Сынап әже. 42 немере, 88 шөбере сүйген ардақты ананың жастарға айтар ақылы: «Ең алдымен өсіп-өнуді ғана ойлаңдар. Әсіресе, қыздарға айтарым, ертерек жұптарыңды табыңдар. Некеленуге асығыңдар. Ертең қартайғанда өмірдің мәні тек ұрпақта екенін түсінесіңдер. Сонда кеш болып қалып жүрмесін!».

Е, құдайым, бақ берсін, қыдыр дарысын,

Кетпес дәулет берсін!

Кең пейіл берсін!

Бала-шаға, оттың басы аман болсын!

Бір топ бала, бір топ бала,

Бір топ бала су ішер ұрттап ғана,

Ойнасын төсегінде бір топ бала,

Әумин! – деп өзінің авторлық батасымен әжеміз де сөзін аяқтады.

 

Аяулым ТАСТАНБЕК.