УИНСТОН СОҒЫСҚА АТТАНАДЫ

Черчилль өзінің өмірдегі қадамдары оның қызметтік өрлеуі үшін айтарлықтай жеткілікті екендігін сезетін. Ол соғыс даласында өзін нағыз ержүрек батырлардай көрсете білді, ал оның әдеби еңбектері туралы көпшілік құлағдар болды. Ол енді саясатқа біржола бет бұруға дайын еді. «Малакандтағы соғысушы әскер» бірден жетістікке жетті.

Сыншылар…мақтау сөздер айтуға келгенде тура бір-бірімен бәсекеге түскендей. Алғаш рет баспагерлер маған шығарманы баспаға беру туралы ұсыныс айтқан кезде көпшілік тарапынан алған құттықтаулар мен ұсыныстардан кеудемді мақтаныш сезімі кернегені есімде. Бұрын мені ешкім бұлай мақтамайтын. Мектеп кезіндегі мен туралы айтылатын пікірлердің барлығы да «енжар», «ұқыпсыз», «салақ», «жаман», «өте жаман» болып келетін еді. Ал қазір алдыңғы қатарлы әдеби басылымдар мен оқыған-тоқығаны мол сыншылардың өзі де мен туралы тұтас колонканы алатын жағымды мақалалар жазып, айналамда жүр».

Бірақ Черчилль 1899 жылғы шілдедегі қосымша сайлауда өз кандидатурасын ұсынған кезде Олдхэмдегі электоратта талап етілген артықшылықтар мүлдем басқаша болды. Черчилль барынша күшейтілген насихат жұмыстарын жүргізгенімен, сайлауда бәрібір жеңіліп қалды.

Бірақ ол әрекетсіз ұзақ отыра алмады. 1899 жылғы күзде Ұлыбритания мен Трансвааль республикасы арасындағы ежелден келе жатқан өзара келіспеушілік барған сайын күшейіп, бұл жолғы отаршылдық соғыс Оңтүстік Африкада пісіп-жетілген болатын. 18 қыркүйекте «Daily Mail» редакциясы Черчилльден Оңтүстік Африкаға әскери тілші ретінде барып қайтуды сұрады. 31 қазанда Черчилль Кейптаунда болған кезінде өміріндегі таңғажайып оқиғамен кезікті. Оңтүстікафрикалық соғыс ебедейсіз британ әскері мен епті де тамаша дайындалған партизандардың арасындағы шайқас болатын. Британдықтар соғыстың осындай таныс емес тәсіліне үйреніп болған кезге дейін, бурлар (бурлар 19-20-ғасырларда африканерлер деп аталады) Натальға басып кіріп, Мафекинг, Кимберли мен Ледисмитті алып, әр сәт сайын жеңіске жете берді.

 

ТҰТҚЫНДА

 

1899 жылғы 15 қарашада Черчилль қысқа теміржол арқылы Ледисмиттен өзінен басқа 150 жолаушымен бірге бронепойызға (броняланған соғыс пойызы) отырды. Елу бурдан тұратын отрядтың қарасы байқалған кезде пойыз жақын жердегі белдеуден екі станция жүріп өткен болатын. Бірнеше минуттан соң пойыз тосқауылға кезікті де, бурлар оқ атқылай бастады. Бір снаряд басқарушы вагонды тесіп өтті. Артынша пойыз рельске төселген тасқа соғылып, оның арты үш бірдей вагонның аударылуына әкеп соқты.

Черчилль пойызды қауіпсіз жерге апарып қою үшін бүлінбеген вагондарды ағытып қоюға батыл кіріскенімен, онысынан ештеңе шықпады. Черчилль және оның серіктері жағалаудың бойына орналасып, мұздай қаруланған 500-ден астам бурларға берілуге мәжбүр болды.

Қамалғандарды Трансвааль астанасындағы әскери тұтқындарға арналған Преториядағы мемлекеттік үлгідегі мектепте орналасқан лагерьге жіберді. Осы жерде Черчилль қалайда қашып шығу жоспарын құра бастады. Алғаш рет ол 10 желтоқсанда қашып шықпақшы болып еді, бірақ бурлардың күзетшілерінің қырағылығы кедергі болды. Ал келесі түн Черчилль үшін сәтті күн болды. Ол тұтқындар әжетін өтеуге арналған жердің қабырғасы арқылы қараңғыда бақтың екінші бетіне секіріп кетті.Ал қасындағы қарулы деген екі қашқын – капитан Эйлмер Холдейн мен сержант-майор Брокидің оның соңынан еруге батылдары жетпеді, ақыры Черчилль лагерьден жалғыз өзі қашты.

Қауіпсіз жер португалдық Шығыс Африкадан Лоренсо-Маркиш портына дейінгі аралықтағы 275 миль қашықтықта болатын.

 

ҚАШУ

 

Қашып-пысып жүріп өткізген екі түннен соң қатты қарны ашқан Черчилль осындай аса қауіпті қадамға барғанына бір жағы өкіне бастайды. Ол жақын жердегі көрінген отқа қарай жүре беріп еді, тура көмір шахтасының үстінен шықты. Черчилль үйдің қасындағы есікті қақты. Есікті ашқан адам бурлардың тыңшысы ма деп қауіптенген болу керек, оған тапанша кезене қалды. Бірақ Черчилльдің тәуекелшілдігі өзін ақтады. Бұл үйдің иесі – көмір шахтасының бастығы Джон Говард деген ағылшын болып шықты.

Үш күн бойына Говард Черчилльді шахтада егеуқұйрықтардың қасына жасырды. Ең ақырында 19 желтоқсанда, түрмеден қашып шыққанына бір жұма өткенде Черчилль португальдық Шығыс Африкаға бет алған пойыздың теміржол вагонында теңдеп жинаған жүннің арасына жасырынды. Шекараға жетпей жатып пойыз қосымша жолда 18 сағат бойы тоқтап тұрды. Жолы болғаны сол, Говард Черчилльге екі қуырылған балапан, тоңазытылған ет, нан, қауын, үш бөтелке шай салып, азық пен сусынды қамдап жіберген екен.

Пойыз тоқтап тұрған кезде бурлар бүкіл вагонды адақтап қарап шықты, бірақ мұның тығылып жатқанын байқамады. Ақыры пойыз қозғалып, шекараға бет алды. Португалдық атаумен аталатын станцияға жеткені – қашқынның бурлар қолынан сәтті құтылып шыққанын білдіретін еді. Басынан аяғына дейін қап-қара көмір болған Черчилль қабат-қабат тең боп жиналған жүн арасынан атып шығып, бар даусымен айқай салды. Әлдеқалай жағдай үшін деп тапаншасынан ауаға екі-үш рет атып та жіберді.

Уақыт өткізбей Черчилль өзінің бостандықта екендігін басылымға хабарлады. 21 желтоқсан күні Лоренсо-Маркиштан «Morning Post» басылымына «Мен Преториядан қалай қашып шықтым» деп аталатын ұзақ телеграмма жіберді. Ал бірнеше күннен соң ол Британияда және бүкіл империядағы атақты адамға айналды. Ол 1899 жылы Рождествоға екі күн қалғанда Оңтүстік Африкадағы Дурбанда кемеде болған кезінде оған амандаспақ болған адамдар легі кеме тоқтайтын айлаққа толып кетті. Сөйтіп, Уинстон Леонард Спенсер Черчилль өзі о бастан армандағандай атақты адамға айналды. Дурбанда болған кезінде оны ержүрек батыр ретінде құрметпен қарсы алды. Оның ерлігі соңғы кездері екі ірі – 1899 жылы 11 желтоқсанда Магерсфонтейн Капск колониясы және төрт күн өткен соң Наталедегі Коленсода жапа шеккеннен кейінгі британ әскерінің соғыстағы рухын көтеруде маңызды рөл атқарды.

 

(Жалғасы бар)

Үзінді «Черчилль. Ерекше тағдыр…»

 жарқын белестер кітабынан алынды.