ПИРОТЕХНИКАЛЫҚ ТАУАРЛАР САТУШЫЛАРЫНА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, мереке күндері төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында сауда базарлары және сауда дүкендерінде пиротехникалық отшашу тауарларын сатушы азаматтарға арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылуда.

Абай ауданы аумағында ұйымдастырылған кезекті рейдтік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Заңқоев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және полиция қызметкерлері қатысып, пиротехникалық заттардың адам өміріне қауіпті екенін ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде аудан аумағында жалпы 11 базар мен 100-ге жуық сауда дүкендері орналасқан. Алдағы уақытта мереке күндері төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы кезекшілік ұйымдастырылмақ.

Қалада жаңа жыл мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілген болатын. Пиротехникалық заттарды сақтау және сатуға лицензия болмаған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі