МАЙРА МҰХАМЕДҚЫЗЫ — ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Осыдан аз ғана уақыт бұрын «МузАрт» тобының әншісі, эстрада жұлдызы Сәкен Майғазиев туған жеріне қызметке келгенін барлық сайттар жарыса жазған болатын. Бүгін Шымкентте тағы да елді елеңдеткен жаңалық болды. Опера жұлдызы, өнерімен талайдың есін тандырған Майра Мұхамедқызы енді Шымкент қалалық опера және балет театрын басқарады. 

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық опера және балет театрының жаңа басшысын мекеме қызметкерлеріне таныстырды.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі.

Ол 1969 жылы 9 мамырда ҚХР-да дүниеге келген. Бейжің Ұлттар Университетінің Музыка Факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген.

Репертуарындағы көптеген шығармалар Қазақстан сахнасында бұрын соңды орындалмаған. Опералық және концерттік репертуарын асқан талғампаздықпен таңдап, үлкен еңбекқорлық пен ізденістің үлгісін көрсетіп келеді.

Майра Мұхамедқызына сәттілік тілейміз!