БЕС АСПЕКТІДЕ ДАМЫҢЫЗ

Әр келген жылдан бір ғажайыпты күтеміз. Міне, міне, арманым осы жылы орындалады деп үміттенеміз. Бірақ, жыл аяқталады. Артымызға қарасақ, ойлаған биігіміздің әлі етегінде екенімізді байқаймыз.

2021 жылдың алғашқы айын да орталап қалдық. Осы жылға қандай арманыңыздың орындалғанын қалайсыз? Жетістікке жету үшін бірінші арманды мақсатқа айналдырыңыз, нақты жоспар құрыңыз. Ойлап қана қоймай қағаз бен қалам алып жазыңыз.

Өзіңіздің тұлғалық қасиеттеріңізді дамытқыңыз келсе, 5 аспектімен жұмыс істеуді бастаңыз.

  1. Денсаулық
  2. Интеллект
  3. Қарым-қатынас
  4. Рухани кемелдену
  5. Материалды дүние

Мәселен, тісіңізді түзеткіңіз келеді немесе ағзаңызға толық диагностика қажет. Жоспарыңызға енгізіңіз. «Денсаулығым үшін не істей аламын?» десеңіз, ең оңай әрі нәтижелі дүниені ұсынамыз. Күнделікті таңертең ашқарынға бір стақан жылы су ішуді әдетке айналдырыңыз. Пайдасы ұшан теңіз. Оразаны сумен ашу ісік ауруларының, қант диабетінің, артрит, асма, туберкулез сынды аурулардың алдын алады. Судың шамамен 40 градус температурада болғаны жөн. Судан соң тамаққа бірден бас қоюға асықпаңыз. Судың сіңіріліп, ағзаның оянуына жарты сағаттай уақыт беріңіз. Ағзаңызды демалдырып, энергияңызды молайту үшін аптасына бір күн ораза ұстаңыз. Мұны медицинада – «детокс» немесе «аштықпен емдеу» деп атайды. Бірінші байлғыңызды сақтауды осындай қарапайым қадамдардан бастаңыз.

 

Интеллектіні дамытқыңыз келсе сүйікті ісіңізді табыңыз. Егер оны тапқан болсаңыз дамытуға, сол ісіңіздің шебері, тіс қаққан маманы болуға талпыныңыз. Қосымша тіл үйрену, саяхаттап барғыңыз келетін жердің салтымен, тарихымен танысып бастау, жетістікке жеткен жандардың еңбектерін оқу сияқты дүниелерді өміріңізге енгізіңіз.

 

Қарым-қатынас реттелсе, бүкіл өміріңіз реттелгенмен тең. Ол, бірінші кезекте, жақындарыңызбен, ата-анаңызбен, бауырларыңызбен, көрші-қолаңмен, достарыңызбен қарым-қатынасыңызды нығайту. Хабар алып тұру, сырқаттанса көңілін сұрау, шақырса бару, қажет кезде қол ұшын созу, ұзақ уақыт көрінбей кетсе іздеу, жағдайын сұрау. Бұл – мұсылманның мұсылмандағы ақысы. Сондықтан, қарым-қатынастың алтын арқауын нықтаңыз.

 

Рухани кемелдену жоқ жерде адам құрдымға кетеді. Біздің Жаратушымен байланысымызды жолға қойып, Абай айтқан «кемелдікке» жетуімізге тағы да білім керек. Арнайы діни сараптамадан өткен ғалымдардың еңбектерімен танысып, негізгі жаратылу мақсатымызды танып, Құранды тәжуидпен оқуға қол жеткізсеңіз – үлкен жетістік, әрі адаспауыңызға кепілдік.

 

Материалды дүниеңізді жақсартқыңыз келсе қаржылық сауаттылық туралы көбірек білген жөн. Кіріс-шығысыңыз реттеліп, ақшамен қарым-қатынасыңыз жолға қойылған кезден бұл аспектіні де бағындырдым деп есептесеңіз болады.

 

Осылардың әрқайсысын бөліп көрсете отырып жоспар жасасаңыз, Алла қаласа, 2021 жылдан алар жемісіңіз де мол болады. Сынаптай сырғыған уақыттың әр сәті Сізге пайдасын әкелсін. Біз айтқан кеңестер кәдеңізге жарасын.

 

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.