«ҚАРА ӘМІР»

(Жалғасы)

Жезқазғаннан шығарда екі-үш құрбысы «жолашарлатып» шығарып салған бұл келіншек мұның жанына өзі келіп жайғасқан. Әрдеңені айтып мұны сөзге тартпақ болып еді, ыңғай бермеді, бірақ өзіне сүйкене жайғасып жатқан масаң келіншектің мықынынан мытып-мытып жіберді. Ол да мекірене сиқырлы көздерін төңкеріп, қылымси қарады. Көп ұзамай машинаның ырғағымен қалғи бастаған келіншек мұның иығына басын қойып алды.

Жезқазған – Қызылорда тасжолының орта тұсынан өтіп, күн бата автобус жол жиегіндегі шәйханалардың біріне келіп тоқтады. Екі киіз үй мен тоқал там түрінде салынған екі үлкен бөлмесі бар жатаған үйге жолаушылар бөліне орналасып тамақтанды. Әмір жанындағы келіншекпен өзгелерден бөлектеу отырып, тамақпен бірге бір жартыны бөле ішіп, танысып алды. Кішігүл қайтадан қызыңқырап көп сөйлеп, Әмір көбіне тыңдаумен отыр. Бұл түркістандық келіншек Жезқазғанға тауар әкеліп таныстарының көмегімен көтере сатып, қайтып келе жатқан беті екен. Жынды судың қызуымен көңілді отырған Кішігүл Әмірге көзін сүзе қарап:

— Оншақты жас үлкен деп менсінбей отырмысың? Қатынның жасы емес қылықтысы тәтті болады, біліп қой. Қазіргі кезде жас жігіттер өзінен он-онбес жас үлкен әйелдерге «тиіп» алып жатыр ғой. Бірақ, менің байым өзіме жетеді, сен «мынауский любовник» болсаң жарайды, хе-хе-хи-хи, — деп ерсілеу күлді. Әмір отты жанарымен жалт қарады да, көзін дереу тайдырып әкетті.

Бұлар таңғы бестерде Түркістанға жетті. Әмір мен Кішігүл қалаға кіреберісте түсіп қалды. Шеткеректегі топ ағаштың түбіне барып жолдағы шәйханадан алған арақты ішіп, арасында ойнастық жасап дегендей біраз болды. Жезқазғаннан шыққалы ішіп келе жатқан Кішігүл жол соққаны бар, арақтың күші бар, таңғы ұйқы қысты ма, бір кезде қылжиып ұйықтап қалды. Әмірдің де күткені сол еді, келіншектің ышқырынан жоғарырақ буылған шүберек белдігінің түйрегішін ағытып, екі бөлек буылған ақшаның бір бөлегін қалтасына салып алды да киімін қағынып қалаға апаратын тас жолмен жаяу аяңдап кетті.

Кішігүл оянғанда күн арқан бойы көтеріліпті. Дереу етегін жапты, басы «зырқылдап» зілдей болып көтертпейді. Ол басын көтеріп жанында жатқан сусынды қылғытып тамағын жібіткендей болды. Сосын ақшасы есіне түсіп белдігін сипалап еді, бір бумасы жоқ. Жүрегі «зу» ете қалды, жетпіс мыңын алып кетіпті. Желігемін деп жүріп жер қапқанын түсінді…

Бұл кезде Түркістаннан жалдаған таксимен Шымкентке қырық шақырымдай жердегі туған ауылының тұсынан зулап өтіп бара жатқан Әмір балалық шағында талай шомылып, балық аулап, жиделі тоғайында асыр салып ойнаған Арыс өзенінен өтетін көпірге жеткенде алыстан жасыл желек арасынан ағараңдап көрініп қалып жатқан үйлерге сағынышпен қарады. Сол ақшаңқан үйлердің әнебір тұсындағысында әке-шешесі мен бауырлары барын ойлағанда көңілі босап, көзі шыланғандай болды. Бірақ бойын тез жиып алды.

Шымкентке кіреберістегі Қатынкөпірден түсіп қалды. Осында Ташматбек деген әскерде бірге болған жігіт бар. Армияда Әмір оны талай таяқ жеуден қорғаған, оған араша түсемін деп «шалдардан» таяқ та жеген. Бірақ қайтпас қайсарлығы мен төбелескіштігінің арқасында ақыры оларды мойындатқан. Әмір деген аты мен қараторылығына қарап «Черный Эмир» деген лақап ат берген олар бұған тиіспейтін болған. Бұл болса жерлесін де жанынан қалдырмай қорғап жүрді. Ташмат болса бұған беріле қызмет жасады. Әскерден оралған соң да Әмірді кездескен сайын үйіне апарып, мырзасындай күтіп, қалағанының бәрін орындайтын.

Ташматты «Шаттық» мейрамханасының маңынан тапқан соң бұлар оңашалау барып шашлықпен сыра ішті. Әмір досының ағаларының бірі есірткімен айналысатынын білетін, соны сұрады.

— Әмір-әкә, оны өзім-ақ тас қыламын, — деген одан мұны күтпеген Әмір таңырқай, тесірейе қарады. Шот маңдайлы биік қабақтың астынан қадалған өткір көзден тайсақтап, шыдамаған Ташмат:

— Сізге «ағайыншалап» арзан берем, — деп жалпақтай жөнелді.

Әмір оған қанша есірткі алатынын айтып, жолығатын жерді келісіп, қанша қиылып үйіне шақырғанымен «шаруам бар» деп кетіп қалды. Былай шыққан соң «ендігі жерде бұдан аулақ жүрмесем милицияның көзіне түсіп, қосақ арасында қоса кетіп қалуым мүмкін екен» деп ойлады.

«Балықшыны балықшы алыстан таниды» демекші, бұл Жезқазғандағы есірткімен айналысатын бір топтың жігіттерін таниды. Солармен аздап байланысы бар, Кішігүлден түсірген ақшаға есірткі апарып соларға өткізіп қаржысын еселеп алмақ. Алғаш армияда дәмін татып көрген есірткіні бұл өзі де сирек те болса қолданатын. Жезқазғандық есірткішілермен сөйтіп жүріп танысқан, бірақ «есірткіні қашан тоқтатам десем тоқтата саламын ғой, айында-жылында сирек тұтынғаннан ештеңе етпес, қойып кетуге қашанда ерік-жігерім жеткілікті ғой» деп өзінің көңілін жұбатады. Бұл осылайша ойлана жүріп Шымкенттен Созақ арқылы Бетпақдаламен Жезқазғанға тура тартып кететін «камазшылармен» сөйлесуді жөн көрді. Түркістан арқылы кері қайту қауіпті, әйтпесе, ол жақтан Жезқазғанға жүретін автобус та, газель де жеткілікті. Есірткімен үлкен жолмен жүруге жүрексінген Әмір Жезқазған арқылы Орынборға көкөніс апаратын камазшылармен кететін болды.

Қызыл «КамАЗ» автомашинасы Созақ ауданының Арқаға қарай шығар тұсында асфальт біткен соң даланың жайдақ жолына түсіп Қарақойынды бетке алып, соңынан шаңын шұбалта жүйіткіп келеді. Кабинада екеу отыр. Рульдегі секпілбет сары Сансызбай, жолсерік — Әмір. Арт жақтағы қуыста Равшан есімді жігіт демалып жатыр. Шоферлардың әдетінше Сансызбай сөзшең екен, екі көзі жолда болғанымен аузы дамыл таппай әңгімені соғып келеді.

— Фельд деген фамилиямыз немісше демесең әке-шешем, аға-қарындасым, өзім де қазақ болып кеткенбіз. Өзімнің шын атым — Сансызбай, ағам – Төлеген, қарындасым – Қарлыға, қазақпен құдандалы болып кеткен сарыағаштық неміспіз. Бір ай болды көкөніс тасып жүрміз. Тауар – Равшандыкі, машина менікі, бірлесіп тірлік қылып жүрген жайымыз бар. Орынбордан бір жергілікті қазақ тауып алғанбыз, сол тауарымызды ақшасын бірден төлеп көтере сатып алады да, ертесіне-ақ кері қайтып кетеміз. Барғың келсе Орынборға апарып қайтайын, Равшан Жезқазғанда қалады, бір тығыз шаруасы шығып тұр. Әскерде жүргенде жүк машинасын айдаған болсаң Бетпақтың даласында мені ауыстырып біраз жер машина жүргізсең жетеді. Бір өзім-ақ барып қайта аламын, бірақ ақша жүрген жерде жолсеріктің болғаны қауіпсіз, оның үстіне шаршағанда машинаны ауысып айдайтын адам болғаны тіпті жақсы ғой. Әжептәуір ақша төлеймін, жүр менімен Орынборды көріп қайтасың.

Әмір күні бойы Сансызбайды тыңдаумен келеді. Кейде ғана оның сұрағына қысқа жауап береді. Өзін Жезқазғанға шахтаға жұмысқа тұруға бара жатырмын, Арыс қаласында жалғыз шешеммен тұрамын, деп таныстырды да қойды. Ал әскерде машина айдағаны рас еді. Сансызбайдың ұсынысына ойланып қалды. Жезқазғанда әкеле жатқан тауарын өткізгеннен басқа шаруасы да жоқ, сондықтан Орынборға барып қайтса да болады.

Жезқазғанға жеткен соң Равшан «Менің шаруам болып тұр, сен Сансызбаймен Орынборға серік болып барып қайт, онбес мың төлейміз» деді. Бұл қалаға бір сағатқа барып қайту керектігін сосын жолға шығуға қарсы емесін айтты. Аналар келісті.

Көп ұзамай қызыл «КамАЗ» ұлытаулатып Орынборды бетке алып, зулап бара жатты. Ұшы-қиыры көрінбейтін сайын далада бірлі-жарым қарсы кездескен көлік пен алыстан көрінген қыстау мен шағын ауылдар болмаса, басқа ештеңе жоқ. Тіпті Орынборға дейін бұларды тоқтатып құжат тексеріп, жөн сұраған да ешкім болмады десе де болғандай. Бірлі-жарым кідірткендермен Сансызбай сөйлесіп, әпсәтте ары қарай тоқтаусыз кете барады. Орынборда да шаруаларын тез бітірді.

Қайтып келе жатқанда Арқалық пен Ұлытаудың арасында «Ковыльный» деген егін совхозының тұсына келгенде неге екені белгісіз Әмірдің басына бір зұлым ой келді. Жолсерігін ретін тауып өлтіріп, оның мол ақшасын алып бір жағына қарай тайып тұрғысы келді. Бірақ, аңқылдап әңгіме соғып келе жатқан Сансызбайдың бейкүнә жанарымен жанары кездескен сәтте жүрегі дауаламай, арам ойын орындаудан кібіртіктей берді. Жезқазғанға жеткен соң Сансызбай:

— Жұмыс таба алмасаң, түсті металмен айналыс, таныс жігіттер бар, қаласаң жолықтырам, — деді. Бұл оның ойын түсінгенімен жауап бермеді. Өзіне тиесілі ақшасын алды да «Жезқазғаннан ары-бері өтіп жүрсіңдер ғой, қажет болсаңдар өзім тауып аламын» деп қоштасып қалаға кірді.

Әзизаның қасындағы әйел осында екен, бұл оған өткенде қалдырған сөмкесін алдырды да, ештеңе айтпастан кетіп қалды. Жолдан шаршап келгеніне қарамастан есірткімен айналысатын жігіттерді тауып алып, тауарын өткізді. Керек болып қалар деп бірнеше дозасын өзінде қалдырды да, әлгі жігіттердің сайрандауға шақырғанына рахметін айтып, Жезқазғанның орталығындағы «Шаруа» базарына барды. Осында сауда жасап жүрген бірнеше жерлесі бар. Солардың арасында бес-алты жас үлкендеу болғанымен өзімен жақсы сыйласатын, кезінде бұл сияқты күрескен Ғали деген жерлесіне келді. Келіншегі мен жас баласы бар ол базар маңынан екі бөлмелі пәтер жалдап тұратын, бұл реті келгенде соның үйіне қонатын. Бүгін де Ғалидың үйіне қонып шықпақ болып, шайнамасымен бір шөлмек арағын алып соған келді. Ғали бұны қуана қарсы алып, ауылдың жаңалығын сұрап жатыр. Бұл күні кеше ғана келгендей сөйлеп, дорбасынан шөлмегін шығарды. Сауда жасайтын сөренің артқы жағын ыңғайлап жіберіп Ғалидың сөрелес көршісі үшеуі жартылықты жәукемдеп тастады. Ғали да бір шөлмек алдырды, Әмір тартына ішіп отыр, өзгелер қыза бастады.

Ғали әжетханаға кетіп еді, артынша сол жақтан шу шықты. Үш-төрт  жігіт Ғалиды ортаға алыпты, бұл келе төбелеске кіріп кетті. Алғашқы екпінмен екеуін ұрып жығып үшіншісіне ұмтылды. Бетінің бір жағын қан жуып кеткен Ғали орнынан тұрып үлгерді. Ұзынтұра біреуімен төбелесе жүріп Әмір әлгінде өзі құлатқан біреуінің орнынан тұра бергенін байқап бас-көз демей екі-үш мәрте теуіп өтіп, қайтадан қылжитты. Ұзынтұра пышағын жалаңдатып ұрып құлатар жерге жақындатар емес. Сөйткенше сау ете қалған милиционерлер бұларды бассалып, қолдарын бұрап екі машинаға салып алды. Машина жүре бергенде бағана бұлармен бірге ішкен Ғалидың сөрелес көршісі мұның сөмкесін әкеліп берді. Бұл алғысы келмегенімен ойында ештеңе жоқ әлгі жігіт қоймай беріп кетті.

(Жалғасы бар).

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.